Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН...

ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН...

ҰСТАМЫ ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН...
Бесарық елді мекенде ел үлгі тұтар Қуатбековтердің әулеті тұрады. Ниетәлі ағай өмірден озса да шаңырақтан құт үзілмеген. Шаңырақтың шаттығына айналған Ханымша ананың ізгілікті ұрпақты ілтипатымен, мейірімімен тәрбиелеп отырғанын ел мақтан етеді.
Біз саналы өмірін ұстаздыққа арнаған Ханымша апаймен тілдесіп қайттық.
– 1967-1968 оқу жылы Алматыдан арнайы жолдамамен №54 Октябрь мектебіне мұғалім болып келдік. Ол кезде ауыл мектептерінде ағылшын тілі пәні енгізілмеген кез. Алғашқы сыныптар ашылып, алғаш түлектер сол жылдары өзге тілді меңгере бастады. Біз ағайың екеуміз мектепте қаз-қатар 30 жылдан аса қызмет еттік. Ағайың білесің, спортты өте жақсы көрді. Салауатты өмір салтын ұстанып, жанына серік етті. Мектепте біліммен қатар спортшыларды да баулыды. Өз мамандығын сүйді, – деп бастады әңгімесін қарт ұстаз..
Ерін сыйлайтын абзал жанның әрбір айтқан сөзін салмақтап қарасаңыз тағылым тартады, тәлімі зор. Біз болсақ, апайдың сөзін байыпты тыңдап, ойға түйюге тырыстық. Апайдың айтқандарынан ағайдың болмыс-бітімін ойға алып, мектепте білім алған жылдарым есіме түсті...
Болмысынан кез-келген нәтижеге байыппен қарап, кішкене нәрседен қуаныш көре білетін Ниетәлі ағай қашанда сабырлы болатын. Кез-келген оқушы бойынан талантты көрсе, оны ары қарай ұштап, жетістіктерге жеткізуге күш-жігерін салатын. Сабақты үйрету барысында шулау былай тұрсын, артық қимылдауға ұялатынбыз. Сонда ағайдың бір ұрысқаны не қабақ шытқаны есімде жоқ... Тек сабырлы жүріс-тұрысы, асқан байыппен түсіндіретін сабағына ыждағаттылықпен қарайтынбыз.
Әсіресе бастаған ісіне деген жанашырлық ағайды өз ортасында үлгілі етті. Баскетбол, волейбол, үстел теннисі, гандбол сынды спорт түрлерін жетік меңгерген ұстаз-спортшы мектептің атынан талай аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жеңіспен оралды. Сондай кездерде еңбек пен қайратты ұштастыра білген ағайға мақтанышпен қарайтын едік. Бишілік өнері де ешкімді бей-жай қалдырмайтын. Бір басына жететін осыншама өнерді қалай алып жүретініне қызығушылықпен қарайтынбыз, әрі үлгі тұтатын едік.
Тірісінде құрмет пен қошеметке бөленіп, ұл-қызының алдында сыйлы әке, әріптестері арасында білікті маман болып, артына өнегелі із қалдырды. Ағай болса елдікті биік ұстайтын. Ұлтжанды еді. Шәкірттеріне еліме не беремін, елім үшін не жасай аламын деген ұстанымды ұстануды өсиет ететін.
Үлкені Қайрат Ниетәліұлы медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты кардиохирург, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жұмыс жасайды. Ал қызы Ләззат Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Әке-анасының жолын қуып ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Бағдаты Алматы қаласында ірі компанияда жұмыс жасаса, келіншегі мұғалім. Жомарт ауылдағы №54 Ж.Қыдыров атындағы мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі, Марат Жаңақорған кентінде қызмет етеді. Бекзат Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде инженерия факультетінде электр инженериясы кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты. Шеризат Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің университетінде дене шынықтыру және БӘД кафедрасының аға оқытушысы, Орынбор мемлекеттік университетінің аспиранты. PhD докторы. Ал үйдің кенжесі Ұлағат география пәнінің мұғалімі. Қысқасы, ұстаздар династициясы.
Қашанда сабырлы, салмақты қалпымен айналасына өнегеліліктің үлгісіндей болып жүретін Ханымша апайды тұтас ауыл қадір тұтады. Тумысынан тазалыққа жаны құмар ол тазалыққа, туралыққа баулыды. Әке-ана бойындағы жарасымдылықты көріп өскен ұл-қыздары бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өз білімдерінің нәтижесін көріп жүр.
– Адамның бойындағы бар қасиет асыл. Соны көре білетін көз, тыңдай білетін құлақ, ұға білетін сана керек деп ойлаймын. Өмірде бірінші байлығың денінің саулығы, сол Алланың берген аманатына денсаулығыңа адалдықпен, қамқорлықпен қарау керек. Әрбір жан кемшілікті өз бойынан іздеп, өзін жеңе білсе, онда ол дұрыс адам болып қалыптасады. Сынап-мінеу, екі сөйлеу, бөтеннің ала жібін аттамау менің өмірдегі басты ұраным десем де болады, – дейді қарт ұстаз.
Тек жақсы сөз айтып, айналасына мейіріммен, ізгі жолымен үлгі болып келе жатқан Ханымша апай бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қызы, немерелерінің ортасында бақытына шүкіршілік айтып отырған асыл да ардақты ана. Қашанда қарапайым болмысымен көпке үлгі болып жүрген әзиз ананың қасиеті сабырлылығы, шынайылығы көпке үлгі.
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
01 шілде 2020 ж. 624 0