№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Бейсеннің бес кеңесі

Бейсеннің бес кеңесі

Белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбекті өзіне үлгі етпеген тілші кем шығар. Оның болмысы, парасаттылығы, журналистік шеберлігі жаңалық жаршысы боламын деген менің де үмітімді үкілеген еді. «Айтуға оңай» тағдырлардан «Қарекетке» көшіп, көпшілікке шынайы бейнесімен, дара тұлағасымен танылып, жарық жұлдыздай сәулелі ғұмыр кешкен белгілі тележурналистпен семинар сабақтар мен телестудияда түйген ойлармен бөліскенді жөн көрдім.


Бақытқа бастар бес сабақ

Алғаш рет «Жаңақорған тынысы» газетіне жұмысқа тұрған жылы «Медиа Жұлдыз» журналистер мектебіне Бейсен Құранбек келіп дәріс береді деген соң, тыңдауға бардым. Жан-жағына барлай қарап, «шынымен, менің дәрісімді тыңдауға келдіңіздер ме, әлде редакторларың күштеп жіберді ме?» деп әзілдеп алды да, әрі қарай өз тәжірибесімен бөлісті.
– Əр адамның өз тыныштық аймағы, жеке өмірі болады. Жеке құпия деген бар. Ол сендердің денсаулықтарыңа, отбасыларыңа, қызығушылықтарыңа қатысты жағдайлар, мысалы. Оған ешкімнің қол сұғуға хақы жоқ. Сондай-ақ, сендердің де өзгенің өміріне қол сұғуға хақыларың жоқ. «Сенікі бұрыс, менікі бұрыс» деген əңгіме болмайды. Осы мəселені де бір айтып кетейін, – деді тележүргізуші.
Көп тілшілерде жеке азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне қол сұғу­шылық кездеседі. Мәселен, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарды «мүгедек», «соқыр», «ақыл есі кем» деп кемсіте сөй­леу журналистің әдебінің төмендігін байқатады. Осы тұрғыда Бейсеннің бағдарламасында түрлі тағдырларға тап болған жандардың жарасын тырнамай, ақырын ғана анық басып, керемет сөздермен өріп өрбітуі нағыз тілшінің этикасын байқатады. Мұны бір деп санаңыз.
Екіншіден, оқиғаға жан-жақты көз­қараспен қарап, ақ пен қараның айырмасын ажырата алу да журналистің шеберлігін байқатады. Блогер не болмаса жай ғана адам әлеуметтік желідегі шағын бейнежазбаларға қарап, аптыға ақпарат таратуға бейім келеді. Бір қарағанда оқиға шындық секілді көрінгенімен, ақиқаты басқаша болады. Ол үшін оқиға куәлерлері, қарсы топтардың көзқарастары айтыла, ақиқат өзінен-өзі ашыла береді. Міне, осындай журналистік көзқарас бүгінгі жас журналистерде қалыптаса қойған жоқ.
Үшіншіден, журналистерді алдап соғып, жалған ақпарат берушілер не болмаса жалған айтушылар көп. Мұны күнделікті жұмыс барысында кездестіреміз. «Ақпаратты тексеру, фактілердің дұрыстығына көз жеткізу» техникасына үңілмесек, елдің алдында абыройымыз айрандай төгілмек. Ол үшін не істеу керек? Жауапты мамандар, мекеме қызметкерлеріннің пікірін алу маңызды.
Төртіншіден, «көз қысты, бармақ басты» әрекеттерге бармаған абзал. Мақала жазу барысында ақиқатты жасырып, көренеу ақпарат таратуға итермелейтін жағдайлар кездеседі. Не жақын адамың, не жақсы танитын танысың да болуы ғажап емес. Не істеу керек? «Арба сынбайтын, өгіз өлмейтін» жол таңдау да қиын». Ақиқаттың сөзін сөйлеген жанның алды жарық, келешегі кемел» деген еді Бейсен Құранбек.
Бесіншіден, танымалдылық адам­ның пейілін бұзады. Шынын айту керек, «тілшімін, бұқаралық құрал өкілімін» десең болғаны, елдің құла­ғы елең болып, ерекше құрмет көрсетіп бағатыны бар. Көп жерде осындай қошеметті байқап, тосылып қалатынымыз рас. Бірақ бұл қоғамдық орында беделіңді асыра пайдаланып, кезектен тыс кіріп, тірлігіңді тез бітіруге болады деген сөз емес. Әдепті тілші көпшілікпен бірге санасып, кезеккке тіркеліп, халықпен бірдей қызмет ету керек-ақ. Мұны неге айтып отырмын, себебі, халықтың арасынан алшақтай түскен тілшіден тартымды да тағылымды туынды шықпайды. Осы тұрғыда Бейсен Құранбек өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеген, өз мінезімен де ісінен де, сөзінен де ұқтық.
Қысқасын айтқанда Бейсен Құран­бектің тәлімді тәжірибесінен осы бес қасиетті түртіп алыппын. Бәлкім, сізге де мұның бір пайдасы тие қояр. Осы бес қағидамен жүргелі жолым ашық, ойым кең, жұмысым жүйелене бастады.

Қарекет күнделігінен

Әлеуметтік желіде жазған мақалаларым оқырмандар тарапынан жиі талқылауға түсіп, ғаламторда есімім елене бастаған шақ. Бір күні «Қарекет» бағдарламасының шеф редакторы Самал Мейрам телестудияға шақырып, азаматтық пікір білдіруімді сұрады. Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламалардың алды саналатын бағдарламадан қалай бас тартайын?! Бір кеште жиналдым да, Алматыдағы Қазақстан Ұлттық телеарнасына қарай аттандым.
Бағдарламаның 2 түсіріліміне қатысып, қаншама өзіме қажетті тілшілік техникаларды түртіп алдым. Әлгінде айтқан 5 қағиданың шындығында босқа айтылмағанына көзім жетті. Бейсен Құранбектей мықты тележүргізуші болмағанда кім біледі, көз-жасын көл етіп, жалғанды судай сапырған әккі кейіпкерлердің сөзін талайымыз шын көрер ме едік? Бақсақ, телестудия жағалап, жағдайын айтып жар салып жүргендердің көбі «қара қамын күйттеп» қалуды ғана мақсат еткендей. «Үкімет үй берсін», «Бала тудым, ақша беріңдер», «Үй керек, пәтерде тұра алмаймын» деген уәжді айтушылар болғанымен, соған жетуге талпынып, келер ұрпағы үшін қарекет етушілердің қараы көрінер емес.
Бейсен Құранбек жүргізген телебағдарламаны қарап отырып, халықтың осындай ашкөздігіне куә болдым. «Біреу үй алып берсе», «Біреу құжат әзірлесе», «біреу мәселесін шешсе» сонда кім өзі үшін бір қадам алға жылжи алады? Оңай келген дүние оңай кетіп қалмайды ма? Осыған «Бақытқа жетудің жолы –қарекеттен», «Жақсылққа қадам бассаң, жақсылық саған жылжиды» деген тәмсілді телестудия кейіпкерінің құлағына құйып өтті. Көбі, «Айтуға оңай» неге атын өзгертті деп күмілжіді. Оның негізі идеясы халықты тоқмейілділіктен арылып, қарекетке шақыруға үндеген еді.
«Дәрменсіз әке» тағдыры әр минутта оқиға құбылуымен құнды болды. Алғашқы минуттарда жаның ашып, әкенің мұншалықты дәрменсіздігіне ішің ашып, қынжыласың. Екінші бір минуттарда бағана ғана жанашырлығың әдіре қалып, кейіпкерді жерден алып, жерге саласың. Ұрысып-ұрысып тастағың-ақ келіп отырады. Ал үшінші жағдайда мүлдем күтпеген сезімді бастан кешесің. Жалғыс басты әке, екі балалы, үй-жайы жоқ. Тұңғышы түрмеге тоғытылған. Кішісі оқуда озат. Қым-қауырт тағдыр. Бәріне кінәлі нашақорлығы, бала алдында жауапсыздығы, әйелі мен қызының қазасы айрылуы. Бүлініп кеткен тағдырды түзеуге болады ма? Жүрекке тым жақын қабылдадым ба, әлде Бейсен Құранбектің күрсініп, айтуға қиын тағдырды жеткізгенінен бе, өзіме келу қиын соқты. Осындайдың талайын көрген Бейсен Құранбектің жүрегі темірдей ме деп едім-ау...
«Арманы көп Аяжан» өрімдей жас қыздың өмірінде не азап болмаған десеңізші?! Анасы некесіз өмірге алып келеді де екінші жолдасына табысады. Одан екі қыз туып алады да, ғұмыры тым қысқа қайырады. Содан анасының әпкесі асырап алады. Өгей әке қорлығы, анадан ерте жетім қалу жас қызды көңілшек етіпті. Бір айтады да жылайды...Оған студиядағы көрермен қосылып егілді...
Бейсен Құранбек аядай қызды жұбатып, көздің жасын камерадан тыс ілкіп алып, бағдарламаны жалғастырды. Ішкі жан дүниесі әлем-жәлемі шықса да, халық алдында сабырлылығын сақтап, көңілді басқа арнаға бұрып әкете білді. Жас қыздың жетістігі, сабақ үлгерімі, арманы, болашағы сөз болды. Еңсеміз көтеріліп, жүзімізге күлкі үйіріле бастады. Бір кезде Аяжанның қос бірдей сіңілісі экраннан сәлем жолдап, «Аяжан біз сені сағындық. Неге келмейсің?» дегенде студия алаңында етегі жасқа малынбаған жан қалмады-ау... Міне, бір қуантып, бір мұңайтып, бағдарламаны қалай тізгіндейді десеңізші!
Бейсен Құранбектің қай түсірілімін қарасақ та, шынайылылық, тазалық, ділдік және еркіндік бар. Дайын сценариймен қатып қалмай, өзінің еркін көсілуімен өткізгенін журналистикадан ілімі бар жандар тез аңғарады. Жалпылдап, жалпақшешей болмай-ақ, өз шындығын өзінің аузынан суырып алып, өз өтірігіне өзін көметін кезінде «Жарайсыз, Бейсен аға» деп қуанып қалушы едім.
Осындай деңгейде оқиғаларға, ақпараттарға синтез жасау үшін де үлкен ептілік пен үлкен жүректілік қажет. Осы тұрғыда Бейсен Құранбектің талайлардың тағдырына араша болып, жығылғанды сүйеп, құлағанды тіктеп, ақ пен қараны жіктеп ақиқат іздеу жолында алтын уақыты мен денсаулығын сарп етуі де кездейсоқтық емес-ау!

Түйін. «Жақсымен өткен жарты сағат жаманның өтіп кеткен өмірінен артық» деуші еді ғой! Осындай жарқын бейнелі, беделді де білікті журналистпен санаулы сәттерде «тілшінің қоғам тәлімгері» екеніне сөзсіз сендім. Қоғамды жақсы жаққа өзгерту үшін өзіңді өзгертуден бастаудың шын мәнінде қиын екенін, ақиқат түбі жеңіске бастайтынын, таза жүректіліктен тың туынды шығатынын, қысқасы «жақсының аты өшпейтінін» ұққан едім.

Мақпал МАРҚАБАЙ

27 маусым 2020 ж. 829 0