№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жомарт тағдыр тартуы

Жомарт тағдыр тартуы

Жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген тәуелсіз еліміздегі іргелі өзгерістерді бүгінде әлем жұртшылығы мойындап үлгерді. Тарих толқынында талай қилы кезеңдерді басынан өткерсе де, көшінен жаңылмай кемел келешекке керуен тартқан жас мемлекеттің жарқын бастауында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар.

Ел Тәуелсіздігінің басты жетіс­тігі, оның экономикалық еге­мен­дігі, ешкімге жалтақтамай, қол жаймай, өз табысымызға өзіміздің қол жеткізуіміз дер едік. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекетіміз бү­гінде табысты, дамуы қарыш­ты, қаржымыз қомақты, көрсет­кіш­теріміз салмақты, әлем елде­рінің қатарынан лайықты орын алды.
Өткелде ат ауыстырмайды. Туған мемлекетін өтпелі кезеңнен толық алып өтіп қана қоймай, табанынан тік қойып, өркениеттің төріне бағыт түзеп, дамудың даңғыл жолына салып берген Тұңғыш Президентіміздің осы салиқалы саясатын лайықты жалғастырар бірден-бір тұлға болар Тоқаевқа таңдауының түсуі де тегін еместей.
Өткен жылдың наурыз айын­да Нұрсұлтан Назарбаев Прези­денттік өкілеттігін тоқтатып, сол кезде Сенат Төрағасы Қасым- Жомарт Тоқаев орнына келді.
Сөйтіп, Қазақстан тарихында 2-ші Президент 2019 жылдың 20 наурызы күні іске кірісті.
9 маусымда белгіленген сай­лауда бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесінде 70 пайыз басым­дыққа ие болған Қасым-Жомарт Кемелұлы осы күннен бастап ресми қызметіне кірісті.
Тәуелсіздік сарайында жаңа сайланған Президент ұлықтау рәсімінде Қазақстан Республикасы Конституциясына қол қойып «Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген мәртебелі міндетті адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін» деп мәлімдеді.
Ұлықтау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы ретінде әлі де өз еліне қызмет ете беретінін жеткізді.

Халыққа қызмет ету –
білім­нен емес, мінезден

Сұңғыла саясаткер, көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаев­тың таңдауы неге Тоқаевқа түсті?
Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінге дейін қызмет баспал­дақтарының оны әлемдік деңгейде танымал еткеніне ешкім дау айта алмаса керек. Ол бұған дейін ең ірі, ықпалды, халықаралық саяси ұйым – БҰҰ Бас хатшылығында жоғары лауазымды Женева бөлім­шесін басқарды.
Ол – әлем қауымдастығына беделді, сыйлы тұлға. Елбасымен қатар еліміздің сыртқы саясатын қалыптастырды, әлемнің өрке­ниет­ті елдерімен терезесі тең болуына телегей-теңіз еңбек сіңірді.
Бес тілді еркін меңгеруі оған төрт­күл дүниенің қақпасын айқа­ра ашып, дипломатиялық қа­рым-қатынас мәселесінде мем­ле­кетіміздің имиджін биік мін­берден таныта білді. Ол өз ана тілімен қатар орыс, ағылшын, қытай, француз тілін жетік білуі нәти­жесінде аудармашының қатесін тауып, түзету жасауымен талайды кешірім сұрауға мәжбүр еткеніне сапарлас болып жүрген делегация мүшелерінің жазғандары куә.
Президенттік міндетті мойнына алып, туған ұлтының ұлы сенімін арқалаған азаматтың алғашқы сапа­рын киелі Түркістаннан бас­тап, Қожа Ахмет Яссауи кесе­несіне тәу етуі, одан соң Жиде­байда болып, Абай рухына тағзым етуінің астарында сыртқы саясат салмағын қаранардай кө­теріп келген тұлғаның қазақы рухының мықтылығы, шыққан тегіне шынайы беріліп, хан көтеріп қастерлеген жүрек тазалығы жатыр.
Тура жолдан таймайтын темірдей ұстанымын бүкіл болмыс-бітімінің өзі дәлелдеп тұратын осы бір сырбаз саясаткер Президент тағына келмей тұрған кездің өзінде-ақ жүрегімізге тым жақын, тым ыстық көрінуінің сыры тағдыры тұңғиық тұлғаның тұяғы болуынан деп түсіну ләзім. Алма ағашынан алыс түспейді. Ол кемел жүректің келешегі ғана емес, өксікті өмірінің өтеуі, жаралы жанының емі, тынысын кеңейткен демі, тарқатылған тағдыр түйіні, жомарт Тәңірдің сыйлығы еді.
Бұлай деуіміздің мәні мынада. Жазушы Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» деп аталатын кітабын оқымаған қазақ жоқ шығар. Оның «Тағдыр мен майдан» деп аталатын соғыс даласынан жазылған репортаж сынды қиян-кескі күндерді сол болған күйінде боямасыз суреттеп, жүректерге жеткізетін шығармасындағы басты кейіпкер – Мұхаммед бейнесі арқылы ол өз өмірін айна-қатесіз көз алдыңызға әкеледі. Қасым атты ағасы екеуі Бішкектің түбінде жетімдер үйінде тәрбиеленген-ді. Соғыс басталғанда ағасы Қасым да қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанып, жау қолынан жан қиған. Ал өзі 226-атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болды. Бір ұрыста жараланып, госпитальге түседі. Бірақ жарасы жазылып бітпей сұранып жүріп алғы шепке, 7-ші танк гвардияшылар полкына қосылып, Беларусь, Украина мен Польша жерінде қайта майданға кірді. Соғыста жауынгерлік тапсырмаларды мүлтіксіз орын­дағаны үшін екі рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Мұхаммед образын сомдай оты­рып, өзінің бүкіл арман-дертін айшықтай алған жауынгер-жазар­ман күнделігінде қандыкөйлек досы – орыс жауынгерінің өлім аузында жатып «Мамам байғұс зарығып, мені босқа күтіп, екі көзі төрт болатын болды-ау» деп қиналғанда оның өзінен бұрын анасының жайы жанына қатты батып жатқанын сезіп, өзіне жат бұл сезімнің құдіретіне еріксіз бас игенін жасырмайды. Шынында сәл саябырсып, бас қоса қалса болды ата-ана, отбасылары туралы айтып, сағыныштарын бөлісіп отыратын қаруластарының жанынан елеусіз тұрып кетіп, жалғыздығына қатты налитын жетім баланың күтіп тұрған ешкімі жоқтығына, өзін соғыстың қатерлі тұстарына аямвй салған қайсарлығына терең тоқталып өтеді.Мұхаммедтің басынан өткен мына сезімге қараңыз. Бірде ол жеті тәулік жау қоршауында қалған үш танкисті түн ішінде ұрланып кеп, қапыда немістерге оқ жаудырып, құтқарып алады. Өмірден күдер үзген үшеуінің көзінен тарам-тарам сорғалаған жастан адамның қуанышта да жылайтынын тұңғыш рет сезінген. Балалар үйінде әркімнен теперіш көргенде шағынарға қара таппай іштей солығын басар жетім жүрек ешкімге көрсетпей төгіп алар көз жасын тек ыза мен кектің, сартап сағыныштың ғана қаруы деп ойлап келіпті. Сөйтсе одан да мөлдір, одан да ләззатты қуаныштың жасы болады екен. Жұмыр басты пенденің осындай сан қилы психологиялық иірімдерін сипаттай отырып, өз өмірінен толық хабар беретін жазушы Кемелдің бірнеше рет ауыр жараланып, 2- дәрежелі мүгедек ретінде елге жеткендегі іжай-күйі де жан ауыртады. Алматы вокзалы. Туыстары, ата-ана, жанұясы күтіп алған жауынгерлер жүрегі жарылардай мәз-мәйрам. Ал қос -балдаққа сүйенген бұны күтіп алған ешкім жоқ, қара желге кеудесін тосып жалғыз тұр.
Қайсар мінезін ғана таяныш етіп, содан тіреу тапқан солдат жарадар аяғын да кестірмей, қатал тағдырға қарсы тұра білді. КазГу-ге оқуға түсіп журналист мамандығын алды. Өмірін жалғастырар перзенті келді дүниеге. Ұрпақ болғанда қандай? Туған халқының маңдайына біткен марқасқа тұлға! Содан кейін қанша қатыгез болса да тағдырды қалай әділетті демессің?
Жазушы отбасында ер жетіп, нәзік жанды әкенің ізгілікті өмір дағдысына ой қанықтырып ержеткен ұланның осынау әке тағылымынан сабақ алмауы, санада қорытып, жүрекке қондырмауы мүмкін бе? Олай болса, Мемлекет басшысының бойындағы жұмсақтық, кішіпейілділік, жомарттық, жанашырлық, сезімталдық, қара­пайымдылық, қайсарлық мінездер­дің түп-төркінін осынау өмір мектебінің тұнығынан іздеген дұрыс.

Халық тағдыры
бәрінен қымбат

Қасым-Жомарт Кемелұлының президенттікке сайланғанына жүз күн толған күні ел алдында есеп беру рәсімінен бұрын сол күні орын алған Арыстағы апатты жағдайға орай ол түнгі сағат онда «Көмек көрсету штабына» жетіп, сол кездегі сан-саққа тараған негізсіз қаңқуларға тұсау қойды. Халықпен жөзбе-жүз кездесіп, қандай ауыр кезең, қиын сәттерде де туған халқымен бірге екенін нақты ісімен дәлелдеді.
Сол жылдың шілде айына дейін Ресей Федерациясына ресми сапармен, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барып қайтты. Қырғыз елінде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің саммитіне қатысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы күннен бастап әлеуметтік мәселелерге айрықша көңіл бөлді.
Басты ұстанымы – бай мен кедей арасындағы айырмашылықты азайту, елде орта тап қалыптастыру және табиғи байлықтардан түсетін ұлттық байлықты теңдей және әділ бөлетінін айтты. Адам құқы мен сөз бостандығын да басты назарда ұстайтынын жеткізді.Пікір алуандығына оң қарайтындығын, ең алдымен диалог орнату керектігін айтқан ол біртұтас ұлт болуға шақырды.

Ел келешегі – жастар деп сенетін мемлекет басшысы міндет – жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу деген талап қойды.
Бүгінде еліміз әлеуметтік жаң­ғырудың жаңа механизмге көшті. Олар:
– Аз қамтылған және көп балалы отбасыларын қолдау;
– Жоғары білім сапасы;
– Ғылымның роліне маңыз беру;
– Медициналық қызмет сапасы.
Өткен жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауын жариялады.
Онда негізгі бес бөлімге ел назарын бұрды. Олар:
1. Заман талабына сай тиімді мемлекет құру,
2. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету
3. Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құру
4. Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі
5. Қуатты өңірлер – қуатты ел.
Ол қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құрудың 8 түрлі тетігін атап көрсетті. Соның ең негізгісі – «Білім экономикасы». Өйткені алдыңғы қатарлы елдер жерасты қазба байлықтарын емес, адам ақыл-ойын басты байлығы санайды.
«Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жобасының болашақ моделін қалыптастырды.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жасады
Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының 2011 жылдан бері Твиттер әлеуметтік желісі белсенді қолданушысы екенін айта кету орынды. Инстраграм желісінде ресми аккаунты бар, www.akorda.kz сайтында Президенттің виртуалды қабылдауы ашылды. Мақсат – азаматтардың қоғаммен тікелей диалог орнатуына жол ашу.Соның нәтижесінде Президент ел жағдайымен толық танысып, табысы аз, тұрмыс жағдайы төмен және көп балалы отбасылары, мүгедек балалары бар, асыраушысынан айрылған, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар несиелерін кешіру туралы Жарлыққа қол қойды.
Ел халқына Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған 10 негізгі бағыт белгілі. Олар:
1. Халықтың табысын арттыру;
2. Сыбайлас жемқорлықты жою;
3. Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау;
4. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамтамасыз ету;
5. Тұрғын үй мәселесін шешу;
6. Әділетті әлеуметтік саясат;
7. Өңірлерді дамытудың жаңа бағдары;
8. Рухани жаңғыру құндылықтары – басты рухани бағдарымыз;
9. Сыртқы саясат;
10. Жастар – ел тірегі, деп бел­гіленген.
Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Соған орай алдағы төрт жылда ұстаздардың еңбекақысын екі есеге арттыруды тапсырды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бюджет саласындағы басқа да қызметкерлердің жалақысы көбейтілуде.
Мемлекет басшысы жастарға сенім артады. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жас іріктеліп алынды.Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған жаңа кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Осы жылы «волонтер жылы» деп жарияланып, бүгінде бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін көріп отырмыз.
Мемлекет басшысы баспана кезегінде тұрғандардың мәселесін шешу үшін үкіметке «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырды.Бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 390 млрд. теңге бөлінбек.
Жол картасын жүзеге асыру аясында биыл 80 оқу ордасы салынып, 1700-ге жуық нысанға жөндеу жасалады. Президенттің айтуынша, негізгі қаражат маңызды бағыттарға, атап айтқанда, білім жіне денсаулық салаларына бөлінбек.
Биыл елімізде 150 мың пәтер салынбақ. Жаңа «5-10-20» бағдарламасы пайыздық мөлшерлемемен 10 пайыз бастапқы жарна төлеу арқылы 20 жылға берілетін ең тиімді ұсыныс болайын деп тұр.
Отандық бизнесті дамытуға арналған бірнеше бастама жүзеге асты. Шағын және микробизнес өкілдері үш жылға табыс салығынан босатылды.
Түйін.
Мемлекет басшысының алға қойып отырған бағдарламаларының ортақ тетігі – ел жағдайын барынша оңалту арқылы әлеуеті басым өркениетті елдердің қатарынан табылуды көздейді. Бірақ бұл ретте басшы біліктілігі аз, оның бүкіл мұрат-мақсатын іс-жүзіне асыратын әлеуметтің инттеллектуалдық қауһары бәрінен маңызды. Осы ретте мына төмендегі тәмсілді келтіре кетейік:
Бір замандарда шаһар басшысы жаяу көше кезіп, алдынан жоқ іздеген адамша жерден бас көтермей келе жатқан бір жанды кездестіреді. «Не іздеп келесіз?» – деген сауалға әлгі «Хазіреті Омардың әділдігін» деп жауап беріпті. Келесі жолы оған әдейілеп қарсы кездескен ел басқарушысы енді өзі жоқ іздегендей жерден бас көтермепті. Әлгі кісінің одан «Жерден не іздеп келесіз?» деген сауалына «Мен Хазіреті Омар заманындағы соншалықты кішіпейіл, салиқалы, адал жүректі халықты іздеп келемін» деп жауап берген екен.
Басшы біреу, халық оған тіреу. Осы заңдылыққа сызат түспеген жерде тұғырымыз әманда түзу болмақ.

Баян ҮСЕЙІНОВА
13 маусым 2020 ж. 658 0