№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Жақсылық жолы

Жер атты жалпақ мекенде жан рахатын кешіп, жайбарақат ғұмыр сүру бір басқа да, ой салып өткенге, келмеске кеткенге, іздеумен түп тегін, табатын күткенін; ақ қанат құс болып ұшып, баршаны бауырға қысып, өлшеулі өмірді өз мағынасында өткізу бір басқа. Мұндай жандардың ортамызда қатар өмір сүріп жатқаны қандай бақыт. Бірақ олар көп емес. Солардың қатарында біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Майра Мажитқызы туралы өздеріңізбен сыр бөліспекпіз, қадірлі оқырман.
Майра Мажитқызы 1951 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Шах селосында дүниеге келген. Әкесі Мажит Қасенов Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Ленинград қаласын жаудан азат етуде ерлікпен шайқасып, жараланып, 1944 жылы елге оралған.
Ата-анасы жас күнінен үміт күткен ер мінезді Майра орта мектептен соң Ташкент жол-көлік институтын, ал 1989 жылы Қарағанды кооперативтік институтын бітірген. Сауда саласында отыз жылдан аса уақыт қызмет атқарған ол Кеңес дәуірінде ОРС-тың бастығы, Универсам директоры болды. Бірнеше жыл Қызылорда облысында «Казбакалейторг» базасының директоры болып жүрген кезінде Сыр өңірінің дәулетінің тасып, дастарханының молаюына бейнетті еңбек сіңірген жан. Өзінің кәсіби біліктілігінің нәтижесінде ел экономикасының алға ілгерілеуіне адал тер төгумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өңірдегі әйел-аналар проблемалары бойынша жанашырлық қызметін қатар жүргізіп келді.
Ал республикалық «Казбакалейторг» кеңсесі басшысының бірінші орынбасары, одан әрі Қазақстан Сауда министрлігінде Азық-түлік салалары бойынша басқарма басшысы қызметін атқарған жылдары Майра Мажитқызы қалалық әкімдік жанынан құрылған отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде ана мен балаға қамқорлық жасауда жанды жұмыстарын күні бүгінге дейін жалғап келеді. Ол бүгінде жасы жетпісті алқымдағанына қарамастан «Гүлден Сауда» жұмысына басшылық жасап отыр. Осы атқарған қызметі орынды бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» және «Құрмет» белгісі ордендерімен марапатталды. Сондай-ақ «Сағадат Нұрмағамбетов» ордені және «Қазақ хандығының 550 жылдық» медалінің иегері. Қ.Р. Сауда ісінің үздігі.
Ері Тілеуберді Сағымбеков екеуі үш перзентті тәрбиелеп, жетілдірген бақытты отбасы.
Кеше, Жеңіс мерекесі қарсаңында «Қазақстан» телеканалы журналистері Қызыл армия капитанының қайсар қызынан сұхбат алды. Ол сонда тарқатып айтып бергеніндей, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай әкесі Мажит Хасеновке және ол кісімен бірге Солтүстік Қазақстан облысынан арнайы жасақталып, бірден 314-дивизия құрамында Ленинград блокадасында жаумен шайқасқан 47 жерлес жауынгердің есімдері жазылған, биіктігі төрт жарым, салмағы алты тонна монументті Алматы қаласында соқтырып, Қызылжар ауданы Шахов ауылына әкеліп орнаттырды. Ескерткіш тақтаға әке жүрегінен шыққан мына өлең жолдарын айшықтауды да ұмытпады:
«Ұмытпаңдар, елімнің келешегі,
Қан майданға аттанған жерлестерді.
Бұлар Шахтың ержүрек жігіттері,
Қорғаған кеудесімен туған жерді».
Бұл жер қазірде соғыс ардагерлеріне тағзым ететін көрікті аллеяға айналыпты.
Майра апамыздың айтуынша, ата­лары Касен Қасымханұлы да кезінде қызыл гвардеецтер қатарында болып азамат соғысында мерт болған. Бар болғаны отыз бір жыл ғана ғұмыр кешкен әке қабірін таба алмай арманда өткен өз әкесі Мажиттің аманатын жалғастырған ол 2010 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы, Многоцветное ауылында Кеңес үкіметін орнатуда құрбан болған туған атасы, Қызыл армия комиссары Қасен Қасымханұлы және онымен бірге соғысқан 25 жерлес қызыл әскерге арналған үлкен ескерткіш тақтаны орнатыпты.
2015 жылы туған жері Щучинск қаласы алаңындағы Зеленый Бор ауылына бүкіл әулет атынан үлкен аталарының басын қарайтып, есімін жаңғыртқанын айтты. Бабасының жатқан жерін іздеп табу көп қиындыққа түссе де қажырлы ізденісінің арқасында мақсатына жетіп, марқұмдар рухына арнап үлкен ас беріп көңілін бір демдепті.
Осы жылы Оңтүстік Қазақстан өңірінде Жүсіп пайғамбарымызға арнайы Құран оқытып, мал соятын, ас дайындайтын жер салынып, халықтың игілігіне берілді.
2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында Махмутхан-шейх бабаға кесене соғып, оның үкімет қамқорлығына енгізілуін заңдастырды. Осы өңірдегі бауыры Махмұт Ыбрайханұлының көмегімен баба бейітінің жанына мәрмәр тастан жасалған ақ түйенің мүсіні орнатылды. Ауласына ағаштар ектірді.
Сол ауданда Қарашаш Анамыздың екі бірдей бауырына арнап кесене тұрғызды.
Ал 2014 жылы «Ансар Круиз» компаниясының басшысы Нұржамал қажы апамыздың қолдауымен парыз болған үлкен қажылығын өтеп оралды.
Халықта «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген мәтел бар. Ол өз өмірінде осы ақиқатты терең мойындай түскендей. Атқарған игі істерінің барлығы талабына қанат бітіріп,жолын ашты. Ойлаған тірлігі оңынан жүріп, бастаған ісіне береке дарып, басқан ізіне бақ орнады.
Ал енді осы асыл ниетті азаматтың Сыр өңіріне, оның ішінде Жаңақорған топырағына табаны тиюіне не себеп?
2011 жылы Шиелі өңірінде жатқан киелі жеті әулие – Оқшы ата, Асанқайғы, Бала би, Досбол би, Ессабыз, Қыш ата, Ғайып аталардың жанындағы қорымда жерленген нағашы әжесі Рабиға Сұлтан-ханумға арнап кесене соғыпты. Ал 2012 жылы Жаңақорған ауданы аймағында жатқан VІІ ғасырда өмір сүрген, арғы бабалары болып келетін Құттықожа сахабабамыз бен атасы Нағашыбай Сырмақұлының басына ескерткіш мавзолей орнатып, жергілікті халықтың қатысуында үлкен ас берген болатын.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сенімді серіктесі, айнымас досы және қалқаны болған, дүниеден өткеніне он төрт ғасыр болған Құттықожа бабамыздың басына құлпытас орнату бұған дейін жергілікті жерде қолға алынбай келгені осы бір сәтте елдігімізге сын болғаны да жасырын емес. Ерге лайық іс бастаған Майра Мажитқызын қолдап, осы жұмыстардың басы-қасында жүргенде бір бітіп қалған тірлік – Жаңақорған орталығынан Құттықожа елді мекеніне дейін баратын жолдың асфальттануына қол жеткіздік. Оған тікелей себепкер болып, сол кездегі аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевқа ұсынысын өткізуі нәтижесінде ескерткіш құрылысымен қоса қабат тақтайдай жол да салынып бітіп, ел игілігіне берілді. Сөйтіп бұл жолдың тарихы Майраның есімімен тығыз байланысты. Бұл жөнінде таудай істі тізе қоса бірге атқарып, кәсіпкер ханым жанында күндіз-түні тілекші болып тиянақты жәрдемін аямаған кент тұрғыны, құрметті құрылысшы Сабыр Тоқымов атамыздан мән-жайды тереңірек білдік.
Иә, одан бері зулап сегіз жыл өте шығыпты. Майра Мажитқызының есімін жаңақорғандықтар ұмыта да бастаған шығар. Бірақ алдымен кісінің игі ниетінен бастау алып, сосын жанды мәнге ие болатын жасампаздық атаулы адамзатқа қызметін жалғастыра береді екен. Өйткені оның түп негізінде елге болса деген жақсыылық жатыр. Бұл да сондай жақсылықтың бір жемісі.
Бұл кісінің есімінің менің ойымда жаңғыруының бір қызық мәнісі болып тұр. Алматы қаласында тұратын тұрмыстағы қызым бір сөйлескенінде жұмыс аяғына таман халыққа қызмет орталығына асығып келген апаның жұмысын бітірген соң ол кісінің өзіне ерекше назар аударып, «жаңақорғандықпын» дегеніне одан сайын жылы ұшырап, өзі туралы біршама хабар беріп, визиткасын ұсынғанын айтты. Өзі Шиелі өңіріне қарай әжесінің басына ас беріп қайтпаққа жолға шыққан беті екен. Кез-келген кезде хабарласып тұр, деп перзентіңе қамқорлық танытқан жан лебізі сенің жүрегіңді қалай жібітпесін. Осылайша, есімі бұрыннан да таныс Майра апамызбен қуана хабарласып жай-жағдай сұрасуды парызым деп түсіндім. Ал біздің байланысуымызға Камшаттың себеп болғанын айтқанымда, ол жадырай күліп жүрегіне жақын көрген жауқазын жасқа шынайы түрде пейілі ауғанын жасырмады. Өмірде ешнәрсе де себепсізден болмайды. Мына өмірде тілектес, мүдделес жандарды мыңдаған шақырым қашықта жүрсе де бір-біріне тартып, бір арнаға тоғыстыратын таңғажайып бір күштің бұл да бір дәлелі.

Баян ҮСЕЙІНОВА

06 маусым 2020 ж. 537 0