Абайды онлайн тойлауға не кедергі?
Коронавирус ғылым мен мәдениет саласын жаңаша басқарып, жиынды басқаша ұйымдастыру қажеттігін көрсетіп берді. Яғни жиынды онлаин түрде өткізу әрі қолайлы, әрі тиімді екенін түсіне бастадық. Бұл – бір жағынан, уақытты, екінші жағынан, қаржыны үнемдеуге сеп болуда. Демек Абайдың 175 жылдығын онлайн тойлауға не кедергі деген сұрақ алдымыздан шығады. Бұл сауалды М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің басшысы Зульфия Шалабаеваға қойдық.
– «Ғылым таппай мақтанба» атты онлайн байқауы облыстық деңгейде өтті. Оған Қызылорда қаласының мәдениет үйі мен әр ауданның клуб үйлерінің басшылары қатысты. Абайдың шығармашылығы мен философиясын насихаттауға арналған интеллектуалды шарада клуб үйлерінің басшылары бақ сынады. Онлайн форматтағы шара тартысты әрі қызықты өтті, – деді Зульфия Құрманәліқызы.
Бесарық клуб үйі ұйымдастырған облыстық байқау 3 кезеңде өтті. Абайды ұлықтайтын шарада ақынның өлеңдерінің мән-маңызын ашып, әндерін жатқа оқыды.
– «Үйде болайық, ойын ойнап, ой дамытайық» ұранын қолдаған байқаудың 1 кезеңінде суреттер арқылы ақын өлеңінің мәнін ашты. Ал 2 кезеңде Абайдың және халық әндерін тапты. Қорытынды кезеңде Абайдың қара сөздерінен бір жол оқылды. Қатысушылар қай қара сөз екенін анықтады. Байқау үш сағатқа созылды. Әр ауданның намысын қорғаған өнерпаздар Абайтану ілімінен құр алақан еместігін дәлел, – деді Бесарық клуб үйінің директоры Жәңібек Сыздықов.
Абайдың дара болмыс-бітімін, дана қабілет-қарымын насихаттаған байқауда бас жүлдені Түгіскен клуб үйінің директоры Бақытгүл Тасходжаева, бірінші орынды Шиелі ауданындағы «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева алды. Екінші орынға Қазалы ауданы Басықара клуб үйінің директоры Лаура Шайхиева лайықты болса, үшінші орын Қызылорда қаласы Қараөзек клуб үйінің директоры Айдос Байкеновке бұйырды.
Зульфия Шалабаеваның бастамасымен Абайтану іліміне бағытталған шаралар мұнымен шектелген жоқ. Кейден ауылдық клуб үйінде «Абайдың сазды әндері» атты онлайн концерті әлеуметтік желінің белсенділері жақсы қабылдады. Сондай-ақ «Абайды оқы ерінбе» аудандық көркем сөз оқу сайысыжоғары деңгейде өтті.
– Жыл басында «Абай әлемі» атты рухани-мәдени шарамен басталды. Облыстық деңгейде Абай әндерін орындаушылардың байқауы, суретшілер байқауы, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын ұйымдастыру жоспарға енсе, аудандық деңгейде Абайдың қара сөздерін оқу шеберлерінің байқауы өткізіледі. Әрине қаржыландыру көздері шешілсе, одан өзге шаралар өткізу жоспарда бар, – дейді аудандық мәдениет үйінің басшысы Зульфия Шалабаева.
Өнерде шекара жоқ. Ретін тапса жүйелі жұмыс жасауға болады. Мұны ауданның мәдениет қызметкерлерінің қарекетінен көруге болады. Аудандық мәдениет үйі директорының орынбасары Құралай Мұсахметова қашықтан жұмыс істеуді үйлестіріп отырса, Таңшолпан Төрехан әрбір онлайн шараның дизайнына жауапты. Ал Асыл Палахметовтің міндеті де ауыр. Ол онлайн шараларды монтаждау, желіге жүктеу және концерттердің желіге тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етуде. Мәдениет майталманы Талап Тотаевтың ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау жағын мойнына алған. Жас маман Айжарқын Садыбайұлының ақпараттық сүйелдемелеу жұмысына белсенді қатысуда. Ал клуб үйлерінің өнерпаздары карантин кезінде тұрғындардың көңіліне демеу беру үшін онлайн концерттер өткізуде.
Абайдың тойын онлайн тойлауға кітапхана желісі де атсалысуда. Әсіресе Қожакент және Ақүйік ауылдық округіндегі кітапхана өте белсенді.
Қожакент ауылдық кітапханасының кітапханашысы Алмагүл Рүстемова:
– Абайдың шығармашылығын насихаттау мақсатында өткен жыр эстафетасына Қожакенттің 32-ге жуық тұрғыны қатысып, поэзиядан қуат алатынын байқатты. ТіптіҚожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Айтжанов және ел ағалары қатысып, көпшілікке үлгі болды. Осылайша Абай Құнанбаевтың өлеңдерін жатқа айту эстафетасы арқылы рухани жаңғырудың мәнін арттырдық, – деді.
Аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Мейрамкүл Айымбетова Абайдың шығармашылығын насихаттауға бағытталған шаралар жүйе тапқанын айтты. Оған мектеп оқушылары белсенділік танытып, онлайн өлеңдерін жолдап жатқанын тілге тиек етті.
– Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бірақ түбінде қазақ халқы Абайға жүгінеді. Оның өсиетіне, аталы сөзіне келіп тоқтайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқығаннан адам осыны түсінеді. Кітапханашыларға осыны ескертіп, Абайдың шығармашылығын онлайн насихаттауды тапсырдым. Қазір кітапханашылардың ұйымдастыруымен оқушылар Абай өлеңдерін оқу эстафетасына белсенділік танытуда, – деді аудандық кітапхананың директоры Әсемгүл Тілеубергенова.
АБАЙ МҰРАСЫ – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ
№53 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәуле Досжанова: «Абайтану ілімі – тарих толқынында өміршеңдігін дәлелдеген рухани-мәдени құндылықтарды зерделеуде, ұлттық таным-түсінікті танып, салт-сананы ұғуда бағдаршам болатын құрал» дейді.
Расында ақынның мұрасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлшегі, ажырамас өзегі. Әсіресе нарықтық қатынастан күйреген ұлттық қадір-қасиетті жаңғыртуда Абайдың «толық адам» идеясын насихаттау маңызды.
Абай шығармашылығында білімсіздік пен надандықты, жалқаулық пен екіжүзділікті, күншілдік пен мансапқорлықты, менмендік пен мақтаншақтықты, әділетсіздік пен сатқындықты сөз етіп, жаман қасиеттерді тәрбиелеу керектігін түсіндіріп, «толық адам» ілімін мұра етті. Қайырлы қоғам, өркениетті ел болудың жолына бағыттап, кемелденудің қайнарын көрсетті.
Бұл дегеніңіз, Абайдың мұрасы ұлттың рухани байлығы деген сөз.
Біз осыны түсінбей, бас ақынды танып-біле алмаймыз. Мұндай ойды №221 мектеп директорының орынбасары, филолог Батырхан Жоланов қуаттайды.
Абайдың ішкі ойы мен өмірді тану философиясын тану үшін ең бірінші қара сөздеріне назар аударып, әрбір қара сөзін талдап, ғылыми айналымға енгізіп, тұрмыстық деңгейде тұтыну деңгейіне жеткізу керек. Сонда ғана Абайдың өміршең ілімі өркениет көшінде бағдаршам бола алады.
– Абай үні ғасырлар өтсе де, өзінің қуатты күшін жоғалтқан жоқ. Қайта уақыт өткен сайын Құран мен хадистермен өрнек тапқан ойлары өміршеңдігін дәлелдеп, мән-маңызы артып келеді. Абай ілімін насихаттағанда оның қара сөздерін нысанаға алған абзал, – дейді ардагер ұстаз Есенгелді Ержігітов.
Абайдың рухани мұрасының қуатына қанық ұстаздар онлайн өткізіліп жатқан шаралардан хабардар екенін және оның қажеттілігін атады.
Демек Абайдың тойын онлайн форматта да жоғары деңгейде өткізуге болады. Тек дана Абайды, дара Абайды насихаттауға ықылас-ниет болса болғаны...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ