№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Сүйектамыр


Бұл меніңөмірімдегіертегігебергісізшындықеді... Өзгежұртестіседекөріп-білмеген, аузымнаншықпағанақиқат. Жүректі сыздатып, буынды босатып, көмейге өксік тірейтін өмірі ұзақ оқиға. Бір үзік сыр. Бірақ... Бірақ, оқиғаға куә болар, өмір бойы ағайындықты аңсаған, туыстықты тұмар қылып таққан, алдымдағы асқар таудай әкем де, баласын бауырына басқан аппақ анам да, алақаны жылы, қамқор жүрек әпкем де, жүзі жарқын, мінезі сынық келін де – бәрі өмірден озды....
Түскі шәй үсті. Дастарқан басындағы балалы үйдің у-шуы, кәжік-күжік әңгіме әкем келген мезет сап тиылған. Үрпиіскен кішкентайлар бірін-бірі түйгіштеп, ауыздағыларын шала шайнап, ілінгенін қомағайлана қармап, іркес-тіркес тұрып кетті. Ірі бастылар қалдық. Әкем, шешем және мен. Арамызда мектептен шыға, біздің үйге ауық-ауық жолдан соғып кететін мұғалім әпкем Бибігүл бар. Кітапханашы қарындасым Күләш та тобымызды көбейткен.
Аз-мұз уақыт, қысқа амандық сұрасумен өткені болмаса, үнсіздікке ұйығанбыз. Машақатты мектеп ісінен шаршаулы әкемнің қабағы әркездегідей тас-түйін. Еңсесі еңкіш. Мұндайда, біздің жанұяда бір нәрсе анық. Тыныштық бұзу – оғаштық. Шешеміз аңдап отыр. Сақ. Тек бөлмеге жаңа ғана сырттан кіргізілген әжемнің сары самаурыны отбасының ойласып-пішер қордалы тауқыметінен хабардар еткендей «Бырқ-бұрқ» қайнап, асып-тасып, бусанады...
Ас-су ішіп-желініп ортасынан ауған кез. «Айта берейін ба?..» деген сұраулы пішінмен, үлкен қызына бір қарап алған шешем сөзді өзі бастады.
– Кеше Текеден жеңгеңіз Шекер келген. Сізді «Келіп қалар...» деумен күн батқанша күтті.Арман-шері көп. Шалы сәлем айтыпты... – деп ол аз кідірістеді. - Соның алдында ғана, бір күн бұрын «Қотыр» жиен көкпардан қайтқан ба, қызуы бар, «Нағашыммен сөйлескелі келіп ем...» деп ол кетті...
– Анам айтпағын жұмбақтап, назар аударарлықтай етті. Ойын батыл, анық жеткізетін ол кісі, бұл жолы үзіп-үзіп, булығып сөйледі. Құрғақ жұтына берді... Оның жартылай жария қылған құпия ойы суыртпаққа әзір тұғын.
– Иә... Не дейді олар?!. - Әкем көзін шәй құйылған кеседен алған жоқ.  
– Не десін. «Қотырдан», жолыққанда сұрарсыз. Шекердікі, өткен жолы үйіне барғандағы әңгіме ғой... «Кіші қызымды алыңдар. Сүйек жаңғыртайық. Құда болайық...». Сөзінің төркіні де, тоқетері де осы.
Әкем үндемеді. Шәйін сораптап ішіп отыр. Көзінің астымен бәрімізді жіті барлайды. Шешімін айтуға асығар емес. Әлдене есіне түскендей терезеден шаншылған жіңішке сәулеге тесіле, ұзақ қарады. Жиені Ақылбекке сол барғанында былай шығарып, өз ойын жіліктеп, жетесіне жеткізген сияқты еді. Есіне сол түсті ма ... «Жарықтық Ақа! Түсінбепсің-ау...» деді естілер естілмес. Таңдайын қағып, бас шайқады.
Терең күрсініп алған ол, ойын бізге ретсіз тарқатты.
– Айжан, балаңның үй болғанына мен қарсы емеспін. Жасы келді. – Шешеме жарты денесімен бұрыла қараған ол, дастарқан басындағыларға да жүгірте көз тастаған. Мұнысы «...Сендерге де қатысы бар» дегені болар.
– Ұрпағыңды ойласаң, келінді ұзақтау жерден ізде. Текті елден таңда. Сұрастыр. Біл. Дұрысы сол. Байқаймын, сен маған бірдеңе айтқың бар... Шекермен ойлап-пішіп, шешіп қойғаннан саумысың? Ондайың болса ашып айт. Естиік. – Шешем сасқанынан қипалақтап қалды. Ұры пиғылы қызыл реңге боялған ақсары бетінен оқылып-ақ тұр.
– Жоға. Сіз келсін, айтып көрейін дедім... Шекердің бар айтқаны, шалының қолқасына оң қабақ танытпапсыз. «Біз өлгесін балдар жат болып кетеді. Араласпайды. Ата жолы ғой. Нағашы жұртқа бір қызымызды берейік...» деп жүрген шалының қалауы көрінеді. Ақкөңіл Шекерге салсаң, қызын бүгін әкеп бермекші... Балаңыз қызды ұнатып қапты. Рұқсат берсеңізші...
Біз бір-бірімізге үрке қарап, қуыстандық. Әлгінде ғана әкеміз келерден бұрын даудырасқан әңгімемізді есітіп қойған ба деп сезіктендік.
Айыпты оқушыға кешірім берген мақамда әкем даусын пәс ұстап, сөзін одан әрі жалғады.
 – Жарайды. Ендеше тыңда. Айтқалы тұрған ұйғарымыңа мен қарсы емеспін. Бірақ... Гәп сол бірақта болып тұр. Екі жиенде менің апамның қаны бар. Білесің бе, ол менің қаным. Мені осы тежейді... Тәтті ауыздың дәмін кетіріп алмаймыз ба? Құда болатындай орнымыз жоқ еді. Ертеңгі күні қалай араласамыз. Олардың осыған дейінгі жиендігі қайда қалады?! Үй болғасын ыдыс сынбай тұрмайды. Бір күні балаңның қолы тисе ше... Анасы араға түспей ме? Шәй десіп қалмаймыз ба? Осыны ойладың ба?
– Сұрақ үстіне сұрақ жаудырған ол, жүзін төмен салған шешеме себеп-салдарын өзі айтқандай болды.
– ...Қиын. Қиын мәселе. Біз тым жақынбыз. Түбіміз бір. Кезінде мен оларды, енді олар мені пана тұтқан туыспыз.
Мен бұл әулетке қарыздармын. Кешегі қиыншылық заманда бізге, жесір ана, жетім балаға қарасқан, қамқор болған әулет осы. Біз тамырласпыз. Ажырамас сүйектамырмыз. 
Мұнысымен әкем әрі-сәрі қалып танытты. Байламы екіұдай. Ендігі жерде «Бізге басқа ұғым, өзге қатынас жараспас» дегенді ұқтырды.
...Шешем сасқан жоқ. Жауаптың осылай боларын ол әлдеқашан білген сияқты. Байқаймын, ендігі әрекеті – ұрымтал жер іздеп, амалға салу. Олай ету, анама түк емес. Алдымен әкемнің сөзін мақұлдады. Одан әрі сөз арнасын, өз дегеніне шеберлікпен бұрған.
– Мен түсінбейді емеспін. Бәрін түсінем. Сөзіңізде қате жоқ. Бірақ, Сіз бұл мәселеге бір пәс әйелдің көзімен қараңызшы... Балдардың ертеңгі күнін ойлаңыз. Үй болмай жатып, ажырасып жатқан жас аз ба? Мен осыдан қорқам. Шекердің қызын айтсақ, білетін жер дейміз. Қолбала. Оқыған қыз. Балаңыздың теңі. Қам жемеңіз, бізбен бірге тұрады. Бас-көз боламыз...
Алда-жалда «Жоқ. Болмайды.» десеңіз, өткізіп қойған ештеңеміз жоқ. Айттық-қойдық... – Анам аяқ астынан қызарақтап, шәйдан босаған кеселерді қиратып тастардай, ұқыпсыз дестеледі.
– Көке, Сейділланы үйлендіру керек. Болмайды. Құдайдың құтты күні, таң атпай кетеді, түн ауа келеді. Жұмыс, жұмыс... Ақша, ақша... Өстіп жүріп көлденең көк етіктіге жолықса неғыласыз? Ақылбектің қызының дәнеңесі жоқ. Бойшаң, әп-әдемі қыз. Ұшып тұр. Тілі, тірлігі пысық. Сіздің бейнеткеш балаңызға сайма-сай. Былайша айтқанда, – деді шешесіне болысып, жан ауырта сөйлеген әпкем Бибігүл.
– Іздегенге сұраған. Мен биологпын ғой, әлгі үрейді ұмытыңыз. Құдай сақтасын! Жиеніңіз Ақылбек көке мен жеңгеміз Шекердің арқа сүйері біз. Басқа кімі бар?.. Жастары болса, кеп қалды. Балдарының ертеңгі күнін ойлайтын шығар. «Сүйек жаңғыртайық» десе, несі бар, ата салтымыз.
Қимылсыз отырған әкем қозғалақтап кетті... Жақ еттері тартылып, тісін-тісіне басты. Іші алай-дүлей. Астасқан пікірлер, кереғар дауыстармен ол арпалысып отыр. Бір отырды. Бір жантайды. Шәйүстелдің шетін саусақтарымен бірде саябырсытып, енді бірде үдете дамылсыз тықылдатады. Мұнысын өзі сезер емес.
Әкем бір кезде қабағын жазып, жадыраған болды. Райынан қайтқан сыңайлы. Ол «Сен ше? Сен не дейсің?» дегендей маған қараған.
– Келісім беріңіз, көке. Жиендермен жақындығымызда дау жоқ. Өзіңіз айтқан, тамырласпыз. Әлгінде сүйектамыр дедіңіз ба, қалай?! Бұрын естімеген сөзім екен... Нағашылы-жиен ендігі жерде құда болып сыйласайық.  
Сосынғы айтарым... Көріп жүрміз ғой. Қыз жақсы. Барсақ, «Тәте, тәтелеп...» жаны қалмайды. Әдепті келін болады. Бірақ, менің келін деуге аузым бармайтын сияқты. Мен үшін ол, ерке қарындас күйінде қалсыншы. Қабілетті деп есіттім. Бәлкім, атасының жолын қуып қолына қалам ұстар. Бұл өмірде бәрі мүмкін...
Байқаймын, манадан бері сыртымыздан бағып, әліптің ақырын күткен шешемнің үлкен көздеріне мейір тұнды. Аппақ бетіне қызыл жүгірді...
Әкемнің мінезі қызық. Сені тыңдайды. Бетіңе жүзін салмай, өз ойымен әлек адамша бейтарап қалып танытады. Сөзің үйлесімді, пікірің иланымды шығып жатса, салбыраған қабағының астынан тесіле қарайтын отты көздері күлімдеп, суланған, әжім ізі терең көз қиығын алақанының сыртымен ұзарта сүртетін. Ол қазір де соны жасады...
Бар айтқаны:
– Сейділланың өзі не дер екен?! Сұрадыңдар ма?
– Балаңыз, құмбыл! – дестік бәріміз шуылдасып.
Жанашырға зар, жылы сөзге зәру, қаратабан болып өскен жадау көңіл әкемнің бейнеткеш баласына айтқан тілегін бәріміз құлағымызға құйдық. «Атамыз қазақта:
«СҮЙЕКТАМЫР – сүйелтіп күн көреді,
АУЫЗТАМЫР – берген-алғанын айта­ды» деген даналық сөз бар. Осыны зердеңе тоқы! Жадыңда ұста! Ырыс пен ынтымақтың, тазалықтың ұстанымы сүйектамырлықта тұр».
...Содан көп өткен жоқ. Бақыткүл жиен­шар нағашы жұртқа келін болып түсті. Қарашаңыраққа бақ пен бақыт келді. Ол ініме тілекші жар болды, жоғын жоқтап, барын ұқсатты. Әулетке ұрпақ әкелді...
Түбі бір туыстар болса, сүйекта­мырлықтан таймасқа серт берісті...

Нәсен ҚОЖАБАЙ,
Түркістан қаласы
28 сәуір 2020 ж. 569 0