Иман қуаты – жүректе
Рамазан – барша мұсылманның бірігу айы
Биыл 24 сәуір- ауыз бекітетін күн. Имамдағы бес парыздың бірі болған ораза айы да келіп жетті. Бұл күнді асыға күткен әркім Жаратушысының алдында бүкіл ықылыс-ниетімен ғана емес, денесімен, іс-әрекетімен біртұтас Алла разылығын алуға ұмтылған амалымен Құдыретке шынайы түрде жақындауға мүмкіндік алады.
«Ораза, намаз-тоқтықта» деп ділмарсыған біреулеріміз мұсылмандық парыздың қадір-қасиетін жете бағаламай, еріккеннің ермегі көріп, күпірлік айтып қаларымызды ұмытпағанымыз жөн. Ал шын мәнінде, Алладан қорқып қана қоймай, шарапатынан күдер үзбеген Оның разылығы үшін қандай қиындыққа да төтеп бере алады және осы құлшылығының есе-есе жақсылығына да қауышады. Біз қарсы алып отырған қасиетті күн қарсаңында ауданның бас имамы Садулла Омаров ағамызға арнайы жолығып, жалпы халықтың басына сын болып түскен төтенше жағдай кезеңінде атаулы айдағы ғибадат құлшылығымызда қандай талаптар болуы мүмкін, нені шектеп, неден сақтануымыздың қажеттігі жөнінде ортақ ой бөліскен едік. Төменде сол сұхбатымызды назар-ларыңызға ұсынамыз.
– Еліміз өз егемендігін алған күннен бастап халқымыз мұсылмандық парыз амалдарын түгендеуге ұмтылып, соның нәтижесінде ұлттың рухани келбетінде кемел өзгерістермен қауышып жатқанымыз шындық. Өйткені зұлымдық атаулының бәрі дінсіздіктен, Құдайсыздықтан туады, – деп бастады бас имам бізбен әңгімесін.
– Енді әңгімеміздің арнасын бүгінгі таңдағы дін өкілдерінің әлеу¬метпен байланыс тақырыбына бұрсақ. Бұл бағыттағы жұ¬мысты қалай ұйымдастырып жатырсыздар?
– Сандық ақпараттандыру жүйесі имамдар жұмысын да толық жаңа арнаға бұрды деуге болады. Ауылдағы мешіттердің барлығы да интернетке жалғанған. ҚМДБ-ның арнайы чаты арқылы берілген тапсырмалар негізінде жұмыс жасап, күнделікті есеп беріп отыруға толық мүмкіндік бар. Қазірде онлайн үлгіде сабақ оқып, міндетті жұмыстарын атқарып отырған әлеумет оның ережесіне мойынсұнып қалыптасып та қалды. Осы дағдыны имани бағыттағы амал-әрекеттерімізде де қолдануымызға тура келеді. Бейне байланыс, аудиожазба арқылы да тілек білдірушілер ата-аналарына Құран бағыштатып, қол жая алады. Түрлі сауалдар бойынша жауапты да осындай фор-мада жүргізуге тура келіп отыр
– Қаралы қаза орын алған жағдайда діни жөн-жоралғылар қалай атқарылуда?
– Мұндай жағдайда бұрынғыдай топырлап жиналуға рұқсат жоқ, көрісуге де тыйым салынған. Он адамнан артық бас қосуға болмайды. Жаназа рәсімінен кейінгі жетісін беру, қырқын өткізу, тағы басқа көпшілікпен атқарылатын шаралардың барлығына шектеу қойып отырмыз. Марқұмның иманын берсін, соңында қалған ел-жұрттың амандығы үшін осылай етпеске амалымыз жоқ.
– Биылғы келіп жеткен ораза айында жамағатпен тарауих нама¬зын оқу, ауыз ашу жөн-жоралғылары жөнінде не айтасыз?
– Әркімнің өз үйінде отырып, бөгде адамдармен қарым-қатынасты тыю талабы жағдайында әр отбасы мүшелері өз дастарқаны басында отырып ауыз ашып, одан әрі тарауих намазын да өз шаңырағында оқуына тура келеді. Тарауихты оқу үшін Құптаннан кейін төрт бас сүннетті бес рет қайталап оқу, арасында салауаттарды оқу, содан соң үтір-уәжіп оқылады.
БАҚЫТ ДЕГЕН – СЕНІ БІРЕУ,
СЕН БІРЕУДІ ІЗДЕСЕҢ
– Ауыз ашар дастарқаны адамдардың бір-біріне сыйлық жасап, құрмет көрсетуінің керемет мүмкіндігі еді. Одан қағылып отырмыз. Енді бір-бірімізге тарту жасап, Алла разылығына қауышудың жолы қандай болмақ? Әлеуметке бұл жөнінде не кеңес берер едіңіз?
Осындай сұрақтармен көп адам хабарласты. Елді жинап ауыз аштыра алмаған жағдайда жомарттығыңды қалай дәлелдейсің? Мен айтар едім, оның жолы көп. Жомарттық деген тіпті де біреуге көрсету үшін жасалатын рия не мақтан емес және оның үлкен-кішісі болмайды. Ауыз бекітіп жатқан қарияға бір қадақ құрма алып барып бер немесе тісіне жұмсақ жеміс апарып жегізші, қандай қуанады. Тіпті қой сойғанмен бірдей қайырға қауышасың. Өйткені мәселе, сенің сыйлығыңның аз-көптігінде, үлкен-кішілігінде емес, көңілде. Әркім осыны есте ұстасын. Қолындағы барымен бөліссін, қандай ғанибет.
Жаңа ғана бір жігіттер келді маған. Рамазанның құрметіне атаған садақаларын кімге беруді кеңесті. Мешіттің есебінде тұрған кембағал жанұялардың бір-екеуін нұсқап көмектесуін өтіндік. Алла олардың қайыр амалдарын қабыл етсін дегіміз келеді.
Бақыт дегенміз – сені біреудің іздегені. Сені ешкім керек етпесе, іздемесе, жиған-терген дүние-мүлкіңнен не қайыр? Өзің ғана көрген күйкі тірліктің қызығынан не рақат табасың? Атам қазақ «Көппен көрген ұлы той» деп неге айтқан? Осыны естен шығармайық.
Сындарлы сәтте үмітсіздікке берілмейік. «Қиындықпен бірге жеңілдік те бар» делінген касиетті хадисте.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Үндеуінде «Бірлесе білсек біз бәрін жеңеміз» деген жолдар қазақты бұған дейінгі тағдыр-талайынан алынған тұжырым. Қайырым жасасаң қайырын өзің көресін. Бір-бірімізге шуағымызды төгіп, шарапатына кенелер ғажайып қадір-қасиетімізден ажырамайық дегім келеді. Алла барлығымызға осындай жақсылығын нәсіп етсін.
– Сұхбатыңызға рақмет. Алла әрбірімізді ынсапты құлдардың қата¬рынан табылуға жазсын.
Баян ҮСЕЙІНОВА