№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ақтас мешіті қалай шалды?

Ақтас мешіті қалай шалды?

Жаңақорған ауданының аумағында Хорасан ата, Қылышты ата, Төлек ата, Қылауыз ата, Қасым ата, Бақсайы баб, Айқожа ишан т.б тарихи тұлғалардың кесенесінің орналасуы – ислам дінінің дінгегінің бірі екенінен хабар береді. Халыққа ілім үйретін, хақ жолына бастаған әулие-әнбиелердің ішінде Айқожа ишанның орны бар. Оның мазарының жанынан Ақтас кесенесі бой көтерген. Алғашқы құрылысы ХІХ ғасырдың соңында қолға алынып ХХ ғасырдың басында ашылып, мешіт-медресе ретінде қызмет етті. Ел арасына әулиелігімен аты мәшһүр Айқожа ишан туралы жазылған «Айқожа ишан» кітабына (2016 жылы баспа көрген) зер салдым. Кітапты оқып, біраз тарихи жағдайды ұмыт қалдырғанын аңғардым. Осы жөніндегі ойымды бөліссем.
ХХ ғасырдың 30 жылдары Ақтас мешіт-медресесі жабылып, арада 60 жыл өткеннен кейін ашылды. Кітап авторлары осыған мән бермегендей. Бәлкім мешіттің қайта ашылуына кімдер қатысқанын жазуды құп көрмеген болар. Қаламгер Адырбек Сопыбековтың «Айқожа ишан туралы» мақаласында (106-бет) Ақтас мешітін қайта ашылғаннан кейінгі 1990-1992 жылы кімнің имам болғандығын қалдырып кеткен. Бұл тарихқа жасалған қиянат демеске амалым жоқ.
Әлқисаны әріден бастасам. ХХ ғасырдың 70 жылдардың екінші жартысында партия әр ауданда бір мешіттен ашуға кеңшілік берген-ді. Жаңақорған кентінде «Құм сахаба» мешіті ашылды. «Айқожа ишан» кітабын шығарушылар «Ақтас» мешітінің қайта ашылуы жөнінде ақпаратты терең білмеген деп ойлаймын. Бұл жөнінде ақпараттарға мен қанықпын. Сондықтан мешіттің ашылуына қатысқан ағалардың аруағы үшін мақаланы жазуды жөн санадым.
КСРО Министрлер Кеңесі жанынан «Дін істерін бақылау және қадағалау» жөніндегі комитет ашылып, оның Одақтас Республикаларда «Діни басқармалары» құрылды. Ал облыстық және аудандық атқару комитеттері жанында «Дін істерін бақылау және қадағалау» жөніндегі комиссия жұмыс істеді.
«Қазақстан Діни басқармасының» төрағасы әрі бас муфтиі Рәтбек қажы Нысанбеков еді. 60-80 жылдары облыстық комиссияны Абай Сәрсенбаев басқарса, 80-90 жылдары Ұзақбай Бегімбаев бас­шылық жасады. Ал ауданда комиссия төрағасы міндетін аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы Әбдіхалық Әйтілеуов, одан кейін ұйымдастыру бөлі­мінің меңгерушісі Райымбек Әділбеков атқарды. Мен сексенінші жылдардың басынан осы комиссияның хатшылығын қоғамдық негізде 1991 жылдың мамырына дейін атқардым.
Сонымен әңгімені ұзартпай, орын алған оқиғаларға ойыссам. 1989 жылдың қараша айының екінші онкүндігі болатын. Октябрь мерекесі өткеннен кейін ауданға Бас муфти Рәтбек қажы Нысанбаев келді. Қасында облыстан Ұзақбай Бегімбаев бар. Аудандық атқару комитетінің төрағасы Қоянбай Қалмұрзаев қабылдады. Қабыл­дауға Райымбек Әділбеков, ауданның бас имамы Тұрсынқожа Шалапов қатыс­ты. Аудандағы діни ахуал туралы: зираттарды қоршау, молаларды нөмірлеп марқұмның аты-жөнін жазып отыру және т.б талқыланды. Кездесу соңында Бас муфти аудан көлеміндегі мазарларды түгел аралап көретіндігін жеткізді. Екі күн Сырдарияның батыс бетіндегі мазарларды араладық. Сосын Бесарық тұсындағы көпір арқылы дариядан өттік. Жолда «Ақтас» кесенесін көрген Рәтбек қажы сонда бұрылуды сұрады.
Ол кезде мұнда ешкім тұрмайтын. Кесененің солтүстік батыс жағы қорым екен. Бас муфти «Айқожа ишанның» және сонда жатқандардың рухына Құран бағыштады. Осы жерде бізге «Бесарық» ауылдық кеңесінің төрайымы Тәттігүл Кәрібаева мен ауыл имамы Таңқашбек Төрегелдиев келіп қосылды.
Кесенені аралаған муфти үнсіз көлікке мінді. Кешқұрым Бесарықтағы Таңқашбек қарияның үйіне түстік. Ауыл имамы бұрын мұғалімдіктен бастап мектеп директорлығына дейінгі қызмет баспалдағынан өткен, көргені мен көңіліне түйгені мол қария. Ескіше әжептеуір сауаты да бар. Қазан көтеріп, 2-3 ауыл ақсақалын шақыртты. Шай үстінде әңгіме қыза түсті. Ратбек қажының да оқығаны мен тоқығаны көп, ілімді азамат екен.
Әлден уақытта Таңқашбек қария әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып, Бас муфтиге сауал қойды.
– Тақсыр, сөзім қате болса кешірерсіз, бірақ сұрамасқа амалым болмай тұр. Соны айтуға рұқсат етсеңіз.
– Әрине. Мархабат. Құлағым сізде. Осында келгендегі мақсатым елдің ахуалын білу. Қысылмай айта беріңіз.
– Соңғы жылдары Үкіметтің дінге оң көзқарас қалыптаса бастағанын айттыңыз. Өзіңіз көрген боларсыз, ауданда бір-ақ мешіт бар. Ол біздің ауылдан 75 шақырым. Намазхан қариялар мешітке барғысы келеді, бірақ жолдың қашықтығынан оған жете алмайды. Осы ретте, Ақтас кесенесін мешіт ретінде ашса қайтеді?! Бұл ойды «Түркістан», «СОПК-ның ХХІV съезді» атын­дағы, «Келінтөбе», «Түгіскен» кең­шарларының намазхан азаматтары қостайды деп сенемін.
– Екі аптадан кейін Мәскеуге бара­мын. Сонда КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істерін бақылау және қада­ғалау комитетінде есеп беремін. Сол кезде кесенені мешіт етіп ашуды ұсынамын. Алла қаласа тілектеріңіз орындалып қалар, – деді ол.
Ратбек қажы көңіліне біраз жай түйіп, ауыл азаматтары жазған өтінішті алып, жолға шықты. Мен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қоянбай Қалмырзаевқа үш күнге созылған іс-сапар жайында баяндадым. Әрі бас муфтиге «Ақтас» кесенесін мешіт етіп ашу жайы ұсынылғанын айттым. Қонекең қарапайым халық арасынан шыққан азамат еді ғой, жаңалықты қолдайтынын білдірді. Бірнеше күн өткенде Бесарық ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрайымы Тәттігүл Кәрібаева 175 адамның қол қойған өтініші мен ауылдық кеңестің қарарын алып келді. Тез арада аудандық кеңес атқару комитетінің қарары да дайын болды. Құжатты дайындау барысында аудандық партия комитетінің келісімін де алдық. Сосын қызметтік хат пен қарардың бір данасын республикалық Дін істері басқармасына жолдадық. Бұл – 1989 жылдын 25 қарашасы болатын. Арада екі жарым ай өткенде облыстық атқару комитетінен хат келді. Ішінде КСРО Министрлер Кеңесінің «Ақтас» кесенесін мешіт ету жөніндегі (1990 жылы 5 қаңтары) Жарлығының көшірмесі шықты. Бұл кезде аудандық атқару комитетінің төрағалығына Керімхан Егізбаев сайланған еді.
Хатты алып атқару комитетінің жауапты хатшысы Әбдіхалық Әйтілеуов, ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің басшысы Райымбек Әділбеков, ауданның бас имамы Тұрсынқожа Шалапов аутком төрағасы Керімхан Егізбаевқа кіріп, хатты көрсеттік. Хаттың ішіндегі қаулы көшірмесімен танысқан төраға, аупарткомның бірінші хатшысы Қоянбай Қалмырзаевқа телефон арқылы байланысып мән-жайды түсіндірді. Қонекең наурыз мерекесі өткеннен кейін кеңшар басшыларын кесенеге шақыртып, оларға тарихи орынды реттеу туралы тапсырма беретінін айтты.
Келісілген уақытта Қоянбай Қал­мырзаев пен Керімхан Егізбаев Ақтасқа «Талап», «Түгіскен», «Келінтөбе», «Түр­кістан», «СОПК-ның ХХІV-ші съезді» және «СОПК-ның ХХІІІ съезді» атындағы кеңшардың, ДРЭУ және ПАТП мекеме директорын жинап, нақты тапсырма берді. Яғни кесене маңында қиды жинау, онда баратын жолды реттеу және т.б атқару белгіленді.
Сол кезде ауданның имамы мешітке иелік етуге Түркістаннан білімді азамат тапты деген әңгіме шықты. Үйге Қапаш (Іскендір), Сұлтанахмет және Қалила деген азаматтар келді. Олар Айқожа ишанның немересі Бақыр мағзұмның іні-туыстары екен.
Қазан көтеріп, қонақ еттік. Төсек тартып жатқан көкемнің (әкем) хал жағдайын білді. Көкем Бақыр мағзұммен сыйлас еді.
Меймандар сөз соңында: «Айқожа ишанның немересімін, мына екеуі шөбересі. Менің жолым үлкен. Бірақ жасым да 86-дан асты. Артыма адам ертуім қиын. Ал Қалила болса Шиелінің Қарғалы ауылында тұрады. Мұнда келгісі жоқ. Сондықтан ашылатын мешітке Сұлтанахметтің иелік еткені дұрыс деп ойлаймыз, – деп сөзін түйіндеді.
Сыйлас азамат Тұрсынқожаның ұсы­нысын жерге қалдыруға болмайды. Енді не істеу керек? Әрине көптің таңдауы шешкені дұрыс. Яғни дауысқа салуды ұсындық.
Төсекте жатқан көкем киелі жерге ишанның ұрпағы иелік еткені дұрыс дегенді білдірді. Екі күннен соң әкем бақилық болды. Жаназасын Қапаш қожа оқыды.
Арада екі ай өткенде 1990 жылдың көктемінде Ақтас мешіт болып қайта ашылды. Сонда имам сайлауы өтті. Имам ұсынған жігіт 87 дауыс, Сұлтанахмет 113 дауыс жинады. Кеңестік кезеңнің қыспағында жүрсе де сол кездегі ел ағалары әулие-әмбиелерді пір тұтты. Олардың ұрпағында ерекше құрметтейтін. Сұлтанахметтің басым дауыс алуы да осындай ықылас-құрметтің белгісі еді.
Мешіттің ашылғанына 30 жыл өтіпті. Қазір мешіт маңы абаттанған. Баратын жолы теп-тегіс. Әрине мұнда баба ұрпақтары мен атымтай жомарттардың үлесі қомақты. Алайда кезінде басы-қасында болып, еңбек сіңірген Таңқашбек Төрегелдиевтің еңбегін ұмыт қалдырмаған мәзім.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.
07 сәуір 2020 ж. 1 039 0