№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » – Музыка менің жан сырым, нота –көңіл пернем

– Музыка менің жан сырым, нота –көңіл пернем

Әлшекей атындағы өнер мектебіне енгенімізде, жағымды әуенді құлағым шалып қалды. Музыканың қасиетінен бе, әуенге елітіп, бір орынға қадалғандай тұрдым. Сосын сол дыбыс шығып жатқан бөлмеге бардым. Халық әндерін бірінен соң бірін әуелетіп, сазсырнайда төгілдіріп тұрған талдырмаш қызды байқадым.

Қолдың жұдырығындай музыкалық аспаптың иненің көзіндей саңлауларын нәзік саусақтарымен бірде ашып, енді бірде жауып, ойнатып тұрды. Әуен ырғағына тербеле орындап тұрған қыздың табиғи талант екенін бірден аңғарасыз. Менің кідіріп қалғанымды байқаған ұстазы Гүлсара Бұлдырықова оқушысының алдағы үлкен байқауға қызу дайындалып жатқанын айтты.
Бағанадан бері тамсанып тұрған талантымыздың есімі Айсұлу Жолдасова №169 мектептің 8 сынып оқушысы. Ол бірінші сыныптан бері өнерін шыңдап келеді. Бүгінде осы мектеп оркестрінің белді мүшесі. Домбыра, флейта, сазсырнай, шертер, пионино, сыбызғыда халық әндері мен күйлерін нақышына келтіріп орындай алады.
Оркестр құрамынан бөлек жеке талант ретінде көпшілік шараларда бой көрсетуде. Жас өнерпаз облыстық ән-би байқауынан екі жыл қатарынан екінші орын, халықаралық «Жеті қазына» атты ән-би байқауынан бірінші және екінші орын, халықаралық «Атадан мұра» байқауынан бас жүлде, Ресубликалық «Бозторғай» байқауынан бас жүлдені алып, аудан абыройын асырды.
Мұндай – деңгейге жету жолында сауаттылық пен ізденіс қажет. Айсұлудың тамаша таланттын аша білген ұстаздары шәкіртінің ерекше көркем мінезін, сабырлылығын және биязылығын айтты.
– Музыка менің жан сырым, нота –көңіл пернем. Сахнаға шыққанда іштегі толқынысымды әуенмен ағытып, тебіреніп кететін сәттерім де болады. Осыны тиімді әдіспен тізгіндеуге Гүлсара Бұлдырықова апайым үйретті. Сол себепті өзімді ұстаз таңдауда жолым болды деп санаймын, – деді өнерпаз.
ТҮЙІН. Айсұлу Жолдасова өмірін музыкасыз елестете алмайтынын, болашақта елге белгілі орындаушы болуды мақсат еткенін айтты. Дина Нұрпейісованың орындау шеберлігіне еліктейтінін де жасырмады. Біз келешегіне сенімді қадам бастаған жасқа ақ қанатты арманына самғай беруін тіледік.

Макпал ПАТЕНОВА
28 наурыз 2020 ж. 727 0