№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Анталияда тәжірибе жинаған жас маман

Анталияда тәжірибе жинаған жас маман


Педагог мәртебесін арттыру үшін Білім және ғылым министрлігі аттестаттаудың жаңа жүйесін енгізді. Осылайша жаңа форматта аттестаттаудан өткен ұстаздар қауымы төрт саты бойынша дәреже алып, біліктілік деңгейін көтеріп, білім беру саласында жаңартылған мазмұнға сай ұлт мәртебесін асқақтататын шәкірттер тәрбиелеп келеді. Сондай жанның бірі М. Қаратаев атындағы №51 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі педагог-модератор Қызжібек Абылайханқызы.


– Көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық. Өйткені ол адамзат тарихында жинақталған ғылым негіздерін шәкірт бойына сіңіруші. Үйренсем, білсем деген бала арманының орындалуын мойнына алған жан. Сол себепті ұстаздық жолды таңдағаныма өкінген емеспін, – дейді жас ұстаз Қызжібек.
Ия, ұстаз жүрек жылуын, мейірім шуағын, баланың бойына дарытушы тұлға. Шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлаушы. Жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беруші. Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» деп баға берген. Осыдан-ақ, ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады.
Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Жас маман екі жыл қатарынан Астана қаласындағы жеке компанияда аудармашы болып жұмыс жасайды. Университет қабырғасында жүргенде 4 ай Түркияның Анталия қаласында жинаған тәжірибесінің көп көмегі болғанын да жасырмады. Кейіннен кіндік қаны тамған жерде қызмет еткісі келген жас туған ауылына оралады. Осылайша кент орталығында орналасқан № 51 М. Қаратаев атындағы мектепке жұмысқа қабылданады.
2017 жылдан бастап аталмыш ұжымда ұстаздық жолын қалыптастырып келе жатқан Қызжібек өткен жылдың қараша айында ұстаздық дәрежесін өсіруде тест тапсырады. Жаңа жыл қарсаңында педагог-модератор куәлігін алды. Осымен қоса айлық жалақысының да өсетінінен хабардар болды. Бұл тәлімгердің ізденісі мен талпынысын одан әрі арттырып, білім жолындағы практикалық қызметін шебер меңгеруге жол ашты.
Абылайханқызы Қызжібек жөнінде мектеп басшысының пікірін білуді жөн көрдік.
– Қазіргі заман мұғалімі – рухани əрі əлеуметтік тұрғыда педагогикалық саланың қыр-сырын шебер меңгерген білікті маман, шығармашыл тұлға болуы керек. Өйткені ол шәкірт алдында білікті тұлғаны қалыптастыруда жауапты. Ол үнемі кəсіби тұрғыда білімін арттырып, үздіксіз еңбек еткенде ғана еңбегінің ақталарына сенімді. Қызжібек осындай ізденімпаз ұстаздар қатарынан. Өзі жас болса да талай істің басынан табылып жүрген жан, – дейді Жеңіс Ибрагимов.
Жақсы мұғалім — бұл қай кезде де кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Осы орайда жас ұстаздың оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, өз кәсібіне шынайы берілгенін білдік. Сонымен қатар он бірінші сынып оқушыларын ҰБТ-ға және пәндік олимпиадаға дайындауда уақытпен санаспай еңбек ететіндігі оның шын жанашыр екенін дәлелдейді.
Мақтанып, масаттанғанды жөн көрмейтін кейіпкеріміздің жетістіктері көп, бірақ ол марапат үшін емес, ғылым мен техника жедел дамыған заманда қабілеті мен талантын дамытуда тынбай еңбектенетінін айтты.
Кезінде ұлы ғұламалардың бірі «Баланың бақыты жақсы ұстаздың қолында» деген екен. Бұл қанатты сөз ешқашан өзінің мәнін жойған емес. Бүгінгі жас ұрпақтың болашағы бірінші кезекте мұғалімнің берген білімі мен тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Демек, оның тәрбие мен білім беру жолында атқарған адал еңбегі жас жеткіншектердің өмір жолына шуақ шашып, дұрыс бағыт бере алады.

Лаура БИБАСАРОВА
18 ақпан 2020 ж. 1 027 0