Жұбановтар тағылымы сарқылмайтын қазына
1899 жылы 19 желтоқсанда қазақтың көрнекті тілші-ғалымы Құдайберген Жұбанов дүниеге келді.
Қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-профессор Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың Орынбордағы «Хұсаиния» медресесін, Күйікқаладағы (Илецк) екі кластық орыс училищесін аяқтап, туған жері Ақтөбе өңіріне оралу уақыты 1917 жылғы әлеуметтік-саяси өзгерістермен тұспа-тұс келген болатын. 1927 жылға дейін Ақтөбе өңірінде ауыл мұғалімі, уездік, губерниялық ағарту бөлімдерінде әдіскер, педтехникум оқытушысы бола жүріп, ол білім беру және ағарту ісінің ұйымдастырушысы, сауатсыздықты жою қозғалысының басшысы, елдегі мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болды.
1922 жылы Темір уездік оқу бөлімінде нұсқаушылық қызметте жүрген кезінде Құдайберген Жұбанов «Ай» атты қолжазба журнал шығарып, оның беттерінде «Шекті», «Қараша бала» деген бүркеншек аттармен мақала, фельетон, өлең, пьесалар жариялап тұрады. Журналдың эпиграфы ретінде болашақ ғалым өзі шығарған «Ай» деген өлеңді алады. Бұл автордың халқын өнер-білімге жетелеу мақсатында қолжазба журнал мүмкіндігін барынша кең пайдаланғанын көрсетеді.
1925 жылы Құдайберген Жұбанов Ақтөбедегі губерниялық оқу бөліміне жұмысқа шақырылып, мұнда да білім беру, ағартушылық бағыттағы жұмыстарын жалғастыра түседі. Сол жылдары мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған Құдайберген Жұбановтың «Сауатсыздықты жоятын нұсқаушы мектеп», «Халық ағарту ағысындағы төңкеріс толқыны», «Мұғалімдер, зер сал. Губатком, жәрдем ет» (1925 ж.), «Коммуна мектебі 7 жылдық болсын», «Мұғалімдер курстары тарады» (1926 ж.), «Оқу жайындағы мұңды осы бастан айту керек» (1926 ж.), «Жаңа әліппені алу мәселесі туралы», «Жаңа әліппе сабақтары», «Ойыл коммуне мектебі кімге тиіс?» (1925 ж.), «Аулақтан оқыту» (1926 ж.), «Еңбек мектебінің он жылдығы» (1927 ж.) сияқты мақалаларында қырдағы қазақ ауылдарындағы мектептердің жағдайын, мұғалімдердің әл-ауқатын, оларға ғылыми-әдістемелік көмектің қажеттілігін, оқулықтар мен көрнекі құралдардың тапшылығын баяндап, білім беру мен тәрбиелеудің өзекті мәселелері туралы сөз қозғайды.
Ұлттық интеллигенцияның мақтанышы болған Жұбановтар әулетінен Ахмет Жұбанов, Ғазиза Жұбанова, Болат Жұбанов, Қайыр Жұбанов, Ақырап Жұбанов секілді әдебиет пен өнердің, ғылымның ірі тұлғалары шыққан.