Қазақ тіл білімінің алып тұлғасы
1924 жылы 13 желтоқсанда Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ ауылында қызметкер отбасында дүниеге келген.
1942 жылдың мамырында қазақ орта мектебінің 9 сыныбын және он айлық педагогика курсын аяқтасымен, өз еркімен сұранып майданға аттанады. Майдандағы жауынгерлік ерлігі үшін Әбдуәли Қайдар ІІІ дәрежелі «Даңқ» (1944), І дәрежелі және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» (1944), екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» (1945) ордендерімен және «1941-1945 жылдардағы ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Москваны қорғағаны үшін» т.б. медальдармен марапатталады.
Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген Әбдуәли Қайдар, 1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы «ұйғыр тілі» мамандығы бойынша бітіреді. Міне, осылай басталған аспиранттан академикке дейінгі, кіші ғылыми қызметкерден (1954) академиялық ғылыми-зерттеу институтының директорлығына (1978) дейінгі ғалымның ғылымдағы ғұмыры ҚР Ұлттық ғылым академиясының (қазіргі ҚР Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының) қара шаңырағында өтуде.
Ғалымның жалпы түркітану ғылымына, соның ішінде, әсіресе қазақ тіл білімі мен ұйғыртану саласына қосқан нақтылы үлесі мен сіңірген еңбегі оның жариялаған 500-ге жуық ірілі-кішілі (жалпы көлемі 1000 б.т. астам) зерттеулерден, оларда көтерілген сан алуан (50-ден астам) лингвистикалық проблемалардың теориялық өзектілігі мен практикалық қажеттілігінен де, тақырыбынан да айқын көрінеді. Солардың ішінде жеке кітап түрінде жарық көрген монография, жинақ, сөздік, мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулықтары мен кітапшаларының жалпы саны 60-тан асады.
Академик Әбдуәли Қайдардың жарық көрген барша зерттеулерін іштей саралап, тақырыптық топтарға жіктеп, тіл білімінде қалыптасқан құрамдық салаларға сәйкес сұрыптап қарағанда оның жалпы түркология әлеміндегі, соның ішінде қазақ және ұйғыр тіл біліміне қосқан үлесі, салған өзіндік өрнегі: лексикология, диалектология, этнолингвистика, тіл құрылысы, түркітану және алтаистика, ғылым тарихы, тіл саясаты, ғалым ретіндегі оқулық жазу және тағы басқа көптеген лингвистика салаларынан және оларға тікелей қатысты сөзтану, этимология, ономастика, терминология, семасиология, фразеология, т.б. тараулардан, олардан туындайтын толып жатқан проблемалық тақырыптардан айқын байқалады.