№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Батырдың келіні


Келіндік міндет ата-ананың қолын жылы суға малып, алғысын алудан ғана құралмайды екен. Табиғатында жаратылысы бөлек, қалыпқа симайтын қатал мінезді қаһарман тұлға – Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының келіні – Зейнеп апамыздың ата шаңырағын жан шуағымен жадыратып, әке мен бала арасындағы нәзік жіптің үзілмеуіне дәнекер болуда нағыз анаға тән болмысы бізге осыны ұқтырды. Тәбәрік тұлғаның бабын табу бір басқа, алтын сандық көкірегінде құндақталған көмбенің кілтін ақыл көзімен танып, атаның көңілі түсіп ақтарылған уағында түйдек-түйдек айтқандарын құлағына құйып алып, оны ақ қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпаққа аманаттай білген асыл жанның асқар тау еңбегіне ой жіберіп қарасаңыз, мұның өзі ақиқат шырақшысының маңдайына бұйырған тағдырдың теңдессіз нығметі екеніне күмәніңіз қалмайды. Зейнеп апа болмағанда көкірегі сайрап тұрғанымен соны өндіртіп жазуға келгенде көңілінің күйі кем, саушылығы да сарқыла түскен, темір төзімінің қан майданда қияпат қайралғаны өз алдына бейбіт заманда да берекесін алып, жанын жаралаған жағдайлар молайып, жанындай сүйетін ұлтының келешегіне қабырғасы қайысқан әз-тұлғаның талай арманы ішінде кетер ме еді. Атаның аузынан шыққан әр сөзін қалт жібермей тыңдап, оны өзінің «кабинеті» – ас үйде отырып, қан сорпа болып қағазға түсірген, кейін том-том кітапқа айналдырған Зейнеп апа Ахметованы сондықтан да атаның келіні ғана емес, қазақ жұртының жоқшысы, жанашыры, желбіреген жалауы деп тану әділірек болар еді.
Зейнеп апа бұдан аз бұрын Қызылордада қала халқымен кездесу өткізген екен. Бұл жолы ол кісінің Қызылордадағы құдалық рәсімімен атбасын тіреген шаңырағына біздің де туыстық қатынасымыз бар болып шықты. Ол кісімен басымыз осылай тоқайласты. Әрине, қолға түсе бермейтін аңыз-адаммен орайын тауып оңаша тілдесіп қалуға ұмтылдық. «Келінді қайын атаның топырағынан» деген тәмсіл тегін айтылмаған-ау. Апайдың бүкіл қимыл-қозғалысынан, кішік те кірпияз келбетінен бір кемелдік, абайлап ұстамасаң сындырып алуың кәдік айнадай тазалық, тәкаппар тектілік, бірақ солай бола тұра кеңжүрек мейірімділік есіп тұрғандай. Жұғысуымыз да, тіл табысуымыз да қиынға соқпады.
– Осы күнге дейінгі өткен өмірімнің ішіндегі ең мәнді, мазмұнды болған кезеңі – атамның алдындағы аз жылғы титімдей еңбегім еді. Бір күнгідей болмады, аққан жұлдыздай жарқ етіп, қас-қағым сәтте өте шықты. Сіңірер еңбегім, төгер терім, келіндік міндетім де көп еді. Алайда мен атамның келінімін. Ендігі жерде атамның атын, рухын қастерлеп өтемін. Қасиетті халқымның, туған елімнің аяулы қарттарының алдында басымды иіп, келіндік борышымды жалғастыра беремін, – деп ағынан жарылған қаламгер-ана әңгімесін төмендегіше жалғастырды:

Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады
Өзім көп балалы үйде өсіп-өнгенмін. Әкелі-балалы екеуінің қас-қабағын бағып, санаң сан саққа кетеді. Екеуінің көбіне тым-тырс жабық тұратын есіктеріне қарап құтым қашады. Кішкентай Ержан қана еркін құлдыраңдап ойнап үй ішіне жан бітіріп тұрғандай.
Сезімтал жанды, өткір ойлы, асыл атам! Менің екі оттың ортасында жаншылғандай болып жүрген жан азабымды түсініп, өзі жөн сілтеді.
– Сабырлыға сыр айтсаң сыр түбіне жете тыңдайды. Бұл шаңырақтың жұрт неше саққа жүгіртіп жүрген атақ-шатағы көп. Өзің өскен семьяда болмаған қайшылықтары жетерлік. Меніңше сенің аса түсіне бермейтін бір түйін – балам екеуміздің ара қатынасымыз болса керек. «Алма сабағынан алысқа түспейді», ол менің черновигім, ақылы мен ақымақтығы, қырсықтығы бір басына жетерлік. Жалтақтап, үрейленбей, алдымен өзің есіңді жи. Сен қазір осы үйдің главнокомандующийісің. Үш Момышұлы қасыңда қарап отырмыз, шөміштен қатырам десең де еркіңдеміз, – деді.
Атам сөзін юмормен аяқтады. Дегенмен ар жағында батпан салмақ жатқанын байқадым. Екі тізгін, бір шылбырды келінге беріп, айтқанға көніп, айдағанға жүретін менің атам емес. Өзге тұрмақ өзіне өзі бағынбайтын, табиғаты тәкаппар жаратылған өзгеше жан.
Атам маған ақылгөйсіп, уағыз айтып, құрғақ насихатты төпелеген жоқ. Келін деп кем көрмей, тең адамша сырласып, ұзақ сөйлесті. Семьямыздың басқаға жайып, жар салуға болмайтын ішкі жағдайларын зерделеуге жетеледі. «Түндікті мен аштым, есігіңді өзің қымта» дегенді ұқтырды. Қазір отбасындағы жалғыз әйел мен болғандықтан осы үйдің ұйытқысы болып, ошақ қасының береке құтын, жылылығын сақтауда атқарар ролім мен төгер терімнің зор екенін анық сездірді.
Апам марқұм айтушы еді: «Он еркек толтыра алмаған үйді бір әйел толтырады». Ондай құдырет менің қолымнан қайдан келсін. Әйтсе де өзіме тиесілі жауапкершілік пен міндетті көтеруде кездесетін азды-көпті кедергілерге босаңдық жасап, бордай езілмеуім керек екенін ұқтым.
Әрбір іс әрекеттің тууына түрткі бір себеп болады. Барлығына да түсіністікпен қарау қажет. Рухани бірлік, рухани түсінісу болмаса менің ас әзірлеп дастархан басына жинағаным жартылай қызмет, оны кез келген істей алады, менің ендігі тіршілігім бұдан да терең түсіністік пен мазмұнға толы болуы керек деген қорытындыға келдім.

Сөз тапқанға қолқа жоқ
Бір күні шай басында отырып атамның мына айтқаны ғаламат болды.
– Мен өлгенде өтірік-шыны аралас бәрің жылайсың. Бірақ талай нәрсенің беті ашылады. Мұның бәрі ел көзінен тыс қалмайды, біреу болмаса біреу байқайды. Өкініштісі, мен ештеңе естімеймін. Тым болмаса Момышұлының жалғыз келінінің атасын не деп жоқтайтынын білгім келіп отыр, – деді.
Мен жайшылықта өзімді қорқақпын деп есептемейтін ем, атамның сөзінен кейін көзім қарауытып, аяғымның астындағы жер қозғалып бара жатқандай болды. Тірі адамды жоқтау деген не сұмдық! Бір уыс болып отырмын, мына қыспақтан қалай құтыларға білмей, санам сан-саққа кетті. Сасқаным емес пе, көмек күткендей атама қарадым. Жүзінен жылылық көрсем, өтірік күліп құтылмақшымын. Жоқ, ол кісі тік қарап, сынап отыр. «Шыныменен жыласа соқыр көзден жас шығады». Бір кезде апам айтып отыратын бір нәрсе есіме түсіп, құтылар тұс осы болар деген оймен: «Ата, баяғыда атақты Шеген бидің келіні қайын атасы дүние салғанда:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын
Атамды алған құдайдың,
Келіні мендей жыласын,» – деп жоқтап жылаған екен, – дедім, қайдан шықса содан шықсын деген оймен.
Атам қарқылдап келіп күлсін. Біраздан бері мұншалық ашылып күлгенін ести алмай жүр едім. Бір қақпаннан құтылғанымды біліп, өзім де қосыла күлдім. Біреу айтыпты ғой, «осы аурудан аман қалсам, келесісін алдап кетер едім» деп, менікі де сондай хал болды.
– Балашка-ау, мен сені қиналған жерің осы енді десем, шебер тактика қолданып, қоршауды бұзып, құтылып кеттің ғой. Қайта айтып берші, – деді қол орамалымен көзін сүртіп жатып. Мен қайталадым.
Атамның бір дәптеріндегі «13.ХІ.73 жыл. Немеремнің анасы айтып берген «Шеген бидің келінінің жоқтауы» деген жазудың сыры осындай болатын.

***
Атамның үйге келген кісілерге мені таныстыруының көңіл-күйіне қарай неше түрлісі бар. Қысқалау таныстырғанда: «Немеремнің анасы», «Әкесі-түрік, шешесі қазақ, өзі нағашысына тартқан қара пұшық», «Бақытжанның таңдап тапқан ай мен күні Аты – Зейнеп» т.б. дейтін. Қалай таныстырса да жарасатын, не деп атаса да жүрегімді қуаныш, шаттық толқыны кернейтін. Осы бір құдыретті үлкен адамның туған жалғыз келіні екенімді сезініп, жасыратыны жоқ, пендешілікпен іштей шалқып кететінмін. Шіркін, зымырап өте шығар алтын уақыттар-ай, айналып бір соқпайсың-ау?

***
Бір күні есік қоңырауы үсті-үстіне мазасыз шырылдады.
– Момышұлының квартері осы ма? – деді аласа бойлы сары кісі. Ашық тұрған бөлмеден атамның гүрілдеген даусы шықты:
– Мені іздегенің бері қарай жүре бер.
Қонақты алға өткізіп, асты тездетейін дедім. Өйткені үйге келген кісіні дәм татқызбай шығармайтын халқымыздың салтын атам өте қадірлейді. Атама қарап осы қасиет бойыма берік сіңді.
Атамның қатты даусы шыққасын, мені шақырып жатыр ма деп жүгіріп бардым.
– Қылмыс жасаған қазақтың кез келген итінің баласына Момышұлы араласады деп кім айтты саған?
Ана кісі де өлер жерін білмейтін бір байғұс екен, атама тура қарай алмай отырып: Ағатай, құр қол емеспін, не сұрасаң да берейін, – дегені.
– Әй, турчанка, неменеге бақырайып тұрсың? Мына шелпекке есіктің қайда екенін көрсет.
Өзім де қорқып кетсем керек, есік тұрмақ, лифтіге дейін шығарып салдым. Амал қанша, бұл кісіге біздің үйдің дәмі бұйырмады.
***
Атам өмірі өздігінен дүние-мүлік жинап, байлыққа қызыққан адам емес. Ақшасыз болып көрген жоқ, бірақ уысқа тұрмайтын су секілді қоры лезде босайтын. Ақшаның бетіне қарап, мынауым ертеңге қалсын деген әдетінде болмаған. Қалтасындағы соңғы бес-он сомын бір сомның орнына беріп жүре беретін.
Ия, атам шексіз бай адам! Өзінің алып жүрегімен, қара қылды қақ жарған шыншылдығымен, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып сақталатын інжу-меруерт сөздерімен қайталанбас, қайшылықты өмірімен бай болатын.
Атам қашанда «Отан. Халық» дейтін ұлы ұғымдар жайлы ой қозғағанда айту керек болғандықтан емес, өзінің бар болмыс-жаратылысымен елін, жерін қалтқысыз сүйіп, қастерлегендіктен бүкпесіз ақтарылатын. Сондықтан да Отаны үшін отқа түскен атамның өмірі халық тағдырымен тұтас өріліп кеткен.
Атам бізге соғыстың сұрапылы туралы әңгіме айтпайтын. Жайшылықта бұл тақырыпқа әдейі жоламайтын сияқты еді. Бейбіт тірлік, ел қызығы, Отан бақыты, немересінің шат күлкісі ауыр күндерді ұмыттырғандай сезілуші еді. Қателескен екенмін, түсінде шынжыр табан, кресті ажал танктері езгілеп, талай шошып оянатынына енді күмәнім жоқ.
Мен басынан-ақ ата алдында адал қызмет етуде жанымды салатынмын. Ал атам ешкімге салмағын салмайтын, нар көтерер батпан жүкті бір өзі арқалап жүре беретін. Атам телегей тасқын еді, арнаға бұруға көнбейтін. Асу бермес заңғарлығы – өзгенің бойынан табылмас тек атама тән жалқы жаратылыс еді, – дейді Зейнеп апа.

***
Қалың оқырман Зейнеп апаның 1987 жылдары шыққан «Шуақты күндерінен» соңғы 2012 жылы жарық көрген «Бабалар аманаты» деп аталатын кітабын ыстық ілтипатпен қабылдады. Кітапта батыр Баукеңнің күрделі бейнесінің жаңа қырлары көрініп, қайталанбас тұлғасы толыса түскен. Сонымен бірге халқымыздың үлгі-өнеге, дәстүр-салты туралы: Сөз анасы – сәлем, жетілік ұғым, Наурыз тақырыбын қамтыған. Жақында ғана «Күретамыр» атты еңбегі жарық көрді.
Қаламгер осы кеште бізге, айналасына алқа-қотан жиналған нәзік жандыларға халықтық дәстүр, салт-сана, ырым-тыйымдарынан көп әңгіме айтып берді. Көпшілік емес пе, соның ішінен бірі «Қалада бірер күн аялдайтын болсаңыз, немеремді бесікке салып берсеңіз» деген тілегін білдірді. «Айналайын, әулетіңде мені он орап алатын небір парасатты аналар, алтын құрсақ енелер жоқ емес қой. Солардың жолын берсін де. Менің бір ғана балам бар. Келіннің көп перзентті болғанын қаласаң көп бала туған анаға ниет қылғаның жөн” – деп кеңесін берді.
– Көпшіліктің атақтыға арбалып, ұпай жиғысы келіп тұратыны бар. Шындығында атақ емес, абырой қымбат. Атақты сатып та, сұрап та алуға болады. Абыройды халық береді. Бүгінде үлкен мінберлерден сөйлеп, біреуге «Зәке», біреуге «Зейнеп апа» атанып жүрген болсам, оның бәрі атаға тиесілі, атаға арналған деп қабылдаймын. Мен абырой-атақты әдейілеп іздегенім жоқ. Атақ атаның атымен бірге келді. Обалды ұғып, сауапты іс жасау, қанағаттылық пен қарапайымдылықты бойға сіңіріп, кісіге қиянат етпей таза жүріп, ақ сөйлеген адамды Жаратушы да, киелеріміз бен ата-ана әруағы да демеп жүреріне кәміл сенемін, – деген жазушы апа атаның ұрпаққа аманат ақыл-өсиеттеріне тоқталды. Олар: Жақсының жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба. Жаманның кемшілігін айт, бірақ жала жаппа.
Береуді өсектеп келген адамға сенбе, басқаларға сені өсектейтініне сене бер.
Пышақ кескен жер жазылып кетеді, қалам жазалаған жер жазылмас жараға айналады.
Өтіріктің балын жалап өмір кешкеннен шындықтың уын жалап, өлген артық.
– Ата жарықтық маған ешқашан соғыс жайлы әңгіме айтқан емес. Есесіне, ұлттық өнеге, әдет-ғұрып, қазақи жөн-жобаларды құлағыма құя беретін, – деді ол.
Зейнеп апаның әңгімесі құлақ құрышын қандырып, тереңіне тартып барады. “Ат тұяғын тай басар” деген осы болар.
«Сені сөз түсінеді деп сенгендіктен бабалардан қалған аманатты жиі айтам. Мен саған айтсам сен балаңа, кейін немереңе жеткізесің. Сөйтіп бір шаңырақта ұлттық рух, ұлттық сана-сезім, дәстүр жалғастығы сақталады» деген ата өсиетін адалдықпен жалғастырып келе жатқан асыл жанның бейнесі көз алдымызда асқақтап бара жатты.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
13 наурыз 2018 ж. 1 242 0