Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Шынар ағашы Хорасан Ата кешенінің шырайын кіргізеді

Шынар ағашы Хорасан Ата кешенінің шырайын кіргізеді

  Елдің рухани-мәдени кемелденуіне һәм ағартушылық бағытта қызмет еткен әулие-әмбиелер Жаңақорғанның топырағында мәңгілік тыныштық табуы, ауданның мерейін үстем қылып, атын мәшһүр етеді. Сондай киелі орынның бірі – Хорасан ата кесенесі. Кейінгі жылдары қасиетті орынның маңында көгалдандыру, көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Енді онда тамыры тереңге жайылып жүздеген жыл жапырағын жаятын шынар ағашы мен голландиялық қызғалдақтар жайқалатын болады. Мұндай қайырымды іске белгілі меценат Оразхан Жанысбеков дем беріпті. Мұны Қожакент ауылдық округ әкімі Асылбек Айтжанов айтты. Сауапты істі көрмекке жолға шығып, әулиенің басына бардық.
Сонда Оразхан Жанысбеков бастаған азаматтарды жолықтырдық. Сауапты істің бас-қасынан табылған Мейрамбек Нұрқожаұлы, Абибулла қажы Берденұлы, Мұхай (Мұхтар) Бұрханов, Балғақожа Қараров, Жандарбек Қалқожаев және т.б. көрдік. Игілікті іске ұйытқы болған Оразхан Кенжеқұлұлын әңгімеге тарттық.
– Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылында кіндік қанымыз тамды. Сондағы Мұхтар Әуезов атындағы мектепте білім алдық. Құры­лыс саласында түрлі қызмет атқар­дым. Қатардағы шеберден құрылыс компаниясының директорына дейін өстім. Бүгінде «Толағай-2050» ЖШС басқарамын. Арты-алдымызды түгендегеннен кейін жұртқа шарапатымыз тисін деп, қайырым­дылық шараларына белсенді қатысып келеміз, – деді ол.
Орекең басқаратын компания мемле­кеттік тапсырыспен құрылыс салудан бөлек жеке азаматтардың тапсырысын қабылдайды. Әлеуметтік тұрмысы төмен бірнеше отбасыға пәтер кілтін тапсырыпты. Сондай-ақ өзі тұратын Алматы қаласын көгертіп-көркейтуге белсенді қатысады. Жылда 200-300 түп саялы ағаш түрлерін егіп, қала әкімшілігіне теңгерімге береді. Биыл мегаполистің орталық көшесінің бірі – Әл Фараби даңғылын көгалдандыруға 10 миллион теңге қаржы жұмсады.
– Соңғы жылдары жаһандағы қасиетті мекендерді аралап, олардың тарихымен таныстым, – деп арадағы тыныштықты бұзды Орекең.
Аяғы тиген жерлерді саралады ма, бірнеше минутқа созылған үнсіздіктен кейін:
– Самарқандағы Регистан алаңы мен Әмір Темір кесенесін, Үндістандағы Тәж Махал кесенесін көрдім. Мысырға барып Бейбарыс бабаның табаны тиген жерлерді аралап, Бабыр мен Хайдар Дулати кесенесінде болдым. Ондағы жазуларды ғалымдарға тапсырыс беріп қазақ тіліне аударуға мән бердім. Сосын елдегі қасиетті орындарға барып, көркейту-көгал­дандыру жұмыстарына және т.б қол ұшымды беруді шеш­тім. Мұны рухтас, пікірлес достарым Мұхтар Есенов, Берік Сағындықов, Әбдіғали Ахметов, Мелдехан Біләлов қолдап, алдымен Хорасан ата кесенесі маңына саялы ағаш пен гүлдерді көгертсек деген пікірге келдік, – деді меценат.
Орекең бірнеше жыл жүзінде Асылбек Айтжановпен кездеседі. Ауыл әкімінен Хорасан ата кесенесі маңын абаттандыру жұмыс­тарын қолға алынып, жеміс-жидек бағы жасалғанын естиді. Онда мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев, Қырымбек Көшербаев және т.б. тұлғалар көшет отырғызғанын біледі. Сол игі дәстүрді жалғастыру үшін арнайы келіпті.
– Ислам дінінде жол, көпір, мешіт, көшет отырғызғанның сауабы мол дейді. Әбжәлел баб тыныштық тапқан жерге Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) басына егілген «Пайғамбар ағашы» шынарды отырғызуды жөн көрдім. Тамыры тереңге тартып, жүздеген жылдар бойы жапырақ жаятын шынар ағашы баба басына зиярат етіп келушілер сая болсын деген ниет, – деді Оразхан Кенжеқұлұлы.
Биіктігі 60-70 метрге дейін өсетін алып дарақтың діңгегі жеті адамның құшағына әрең сияды екен. Сондай алып ағаштың бірі – Ташкентте бар. XVIII ғасырда Ташкентті Төле би билегенде осы шынардың түбінде елдің игі жақсыларын шақырып, қымыз ішіпті-мыс. Міне, сондай шынар енді Хорасан ата кесенесінің маңында көктеп, көк аспанмен таласатын болады.
Бізге ағаштың көшетін қайдан алғаны және қасиетті жерде қалай көгертетіні қызық болды.
– Шынар ағашы Өзбекстандағы Карчи деген жерінде өседі. Бұл ағаш кез-келген жерде өсе бермейді. Бүгінде Әмір Темірдің басында үш түп, Жалаңтөс баҺадүр басында екі, Өзбекстанның Тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың басында алты түп шынар өсіп тұр. Карчидің ауа-райы Қызылорда облысына ұқсас. Біз алдымен Сарыағаштағы тұқым бағында үш жыл өсіріп, жерсіндірдік. Сол тұқымбақтан 60 түп шынарды әкеліп, өзіміз отырғызып жатырмыз. Көшетті үш жыл бойы өзіміз күтіп-баптаймыз. Барлық көшет тамшылатып суару әдісімен күтімге алынады. Егер көшеттер көгермесе, қайта әкеліп отырғызамыз. Қысқасы, осы жерге шынар жерсінгенше жауапкершілік бізде, – деп мән-жайды түсіндірді.
Орекеңнің айтуынша, шынардың көшетін Қылауыз ата мен Қылышты ата-Төлегатай кесенесі маңына егуге алты түптен беріпті. Хорасан ата кесенесінің маңын жасыл желекке айналдыру мақсатында 50 түп жиденің жаңа түрін 200 түп роза гүлі егіліпті. Арнайы Нидерландыдан алдырған 2000 түп қызғалдақ отырғызды.
Жалпы Оразхан Жанысбековтің қайырымды істері көп. Өзі оқыған мектепке компьютер сыныбын жасақтап, бірнеше интерактивтік тақта сыйлап, футбол алаңын салып береді. Кейден ауылдық округіндегі Шілтен ақсақалдың кітабын шығарады. Әлеуметтік жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған және жалғызбасты қарттарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Шетел архивтерінде Қазақ еліне қатысты мәліметтерді алып, ғылыми айналымға енгізу мақсатында жас ғалымдарды қаржылай демеу көрсетіпті. Орекең сөз арасында біздің қаламгерлерге де қолдау білдіруге болатынын жеткізді.
Бізді бастап барған Қожакент ауылдық округінің әкімі Асылбек Досқожаұлы қайырымды азаматқа алғыс білдіріп:
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында Меккеден Мәдинаға көшкені белгілі. Адамзаттың асылы (с.ғ.с) жаңа қонысына қоныстанғаннан кейін қолға алғаны, қала маңына ағаш отырғызу еді. Мұндай бастаманы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев саяси орталықта Есіл өзенін бойлай орналасқан Ақмолаға ауыстырғаннан кейін орман алқабын құруды қолға алды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы жасыл желекке айналды. Сіз де Хорасан ата кешенін жасыл желекке айналдыруға үлес қосудасыз. Алладан қайтсын! – деді.

                                                                                                                                                 Ерубай ҚАЛДЫБЕК
10 қараша 2019 ж. 2 633 0