АВТОЖОЛ САЛАСЫН РЕФОРМАЛАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы бойынша кеңес өткізді. Жиында Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында жол құрылысының сапасын арттыру және заманауи автомобиль жолдары желісін қалыптастыру мәселелері қаралды.
Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Кеңес отырысынан кейінгі мәжілісте көтерілген мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырма берілді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында: «Біздің негізгі мақсатымыз – еліміздегі жолдардың әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру. Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі жолдарды сапалы салу бойынша аса маңызды міндет тұр», – деп ерекше тоқталды.
Сапалы жолдар мен заманауи сервистік инфрақұрылымсыз еліміздің көлік-логистикалық орталыққа, ірі транзиттік аймаққа айналуы мүмкін емес. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы етіп орындауды қатаң тапсырды.
Біздің міндетіміз – Жолдаудағы бастамалардың мерзімінде, нәтижелі іске асуын қамтамасыз ету. Бұл бағытта өңірімізде басталған автожол құрылыстарын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Аймақ басшысы көліктік бақылау инспекциясына орталық атқарушы органдармен бірлесіп, өңірдегі барлық автокөлік бекетін жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды.
Полиция департаментімен бірлесіп, көлік бекеттеріндегі бақылауды күшейту, жол сапасына зиян келтіретін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектеу үшін тұрақты рейд ұйымдастыру қажет. Атқарылған жұмыстар, анықталған заң бұзушылықтар, салынған айыппұлдар мен қабылданған шаралар туралынақты ақпарат ұсыну міндеттелді.
Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді үш күн ішінде жоюы керек.
Айта кетейік, өңірде 3 525 шақырым автомобиль жолы бар, оның 1 025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1 945 шақырымы – аудандық маңызы баржолдар.
Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға 43,8 млрд теңге бөлініп, 168 шақырым автомобиль жолы мен көшелер, сондай-ақ көпірлер жөнделуде. Жыл қорытындысымен жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 95,5 пайызға жеткізу көзделген.




