№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Балалық шаққа саяхат: Үмбетәлі Әбибуллаевтың жолы

Балалық шаққа саяхат: Үмбетәлі Әбибуллаевтың жолы

Адамды асқақтыққа жетелейтін бала кезгі арман. Қиялыңа қанат бітіріп, алғы күнге адастырмас жарық нұр сыйлайтын да соның күші, қуаты. «Алтын көрсе періште жолдан тайған» пенделіктен ада, айнала дүниеге тап-таза сәби көзімен қарап қияға қанат сермер балапан қиялды баптаған ғана бақытына жете алады. Сол үшін балалық бал дәуреннің қызығына да, шыжығына да қарыздар екенбіз. «Балалық шаққа саяхат» деген айдарды ашудағы мақсатымыз да осы. Өткеннің өнегесіне бүкіл болмысымен тәу еткен жан ғана ертеңін жарқын ете алады. Аталмыш айдардың алғашқы тұсауын кесетін тұлға кім? Ол – талантын тасада ұстап, танымал болуға ұмтылмаса да ұрпақ үшін таудай іс атқарып үлгерген Үмбетәлі Әбибуллаев ағамыз.


Ол бала жасынан өте қиялшыл болыпты. Қойшының баласы болғандығынан шығар. Бірінші, екінші сыныпты туған жер – Талаптағы №54 мектебінде оқыды да, ары қарай малшы балалары үшін ашылған интернатта білімін жалғады. Бала кезіндегі мына оқиға есінен кетпейді. Шаруаның қамымен «Ақтастың» маңын жайлаған әкесінің жәрдеміне жарап қалды десе де ойын баласының көңілі далада емес пе, «кішкене ойнап қайтайық» деп қиылған сәби көңілін қимаған шешелері «жарайды» деп рұқсат беруі мұң екен, Үмбетәлі жанына өзінен кейінгі інісі Дәулетті ертіп алып, «Ақтас» мовзолейі жаққа құстай ұшты. Ауыл балалары сол маңға барып, ол кезде иесіз жататын үлкен күмбездің іші-сыртына жасырынбақ ойнап, сілесі қатқанда бір-ақ оралатын.
Бүгін адамзат үшін де ерекше күн. 1961 жылдың 12 сәуірі. Тұңғыш космосқа адам ұшты. Бала да болса ой-саналарында жарқыл бар. Қолдарына қағаздан ұшақ жасап алып, аспанға ұшырып әлек. Ол кезде Үмбетәлінің жасы алтыда. Аналарға қызығып, енді олардан да асып түсудің амалын ойлап, бір байламға келді. Өзінен екі жас кіші Дәулетті бұлақтың жағасына ертіп келді де: «Қазір екеуміз де космонавт боламыз» деді. Сөйтті де саз балшықты өзінің де, інісінің де басына доп-домалақ етіп жағып, бала біткеннің алдына түсті. Екі бірдей «Юрий Гагаринге» қызыға көз салған қарадомалақтардың алдында әп-сәтте абыройлары аспандап шыға келген.
Күн ерекше жылы еді, аз ойнады ма, көп ойнады ма, кебе келе төбе құйқаны құрыстырған саз балшықтың құрсауы қос жеткіншектің құтын қашырып, қараша үйге құстай ұшырды. Бұларды көре сала зәресі кеткен анасы дереу табаққа жылы су құйып екі баланы тізерлетіп отырғызып қойды. Бірте-бірте тас балшығы жібіп, тамыры босап, көздері ашылған балапандарын ажал аузынан осылайша аман алып қалыпты қайран ана. Саз балшықпен ойнаймын деп бір қатерден аман қалып, кейіннен шапалақ жеген қарадомалақ бұл әдетін бәрібір қоя алмады. Қолы сәл қалт етсе саз балшықтан түрлі жануардың мүсінін жасап қалқитып қатырып қойып, қатарларына көрсетіп, мақтанғанды да теріс көрген емес. Есейе келе жас түлекті туған жердің табиғаты қызықтырып, тереңіне тарта түсті.
Қаратаудың етегіндегі «Қара үңгірдің» тасында Үмбетәлінің қашап салған қолтаңбалары әлі күнге сақталған. Ерінбей-жалықпай, бейнеттеніп, өрнектей берген бейнелердің көптігі сондай ол жер «Сурет тас» аталып кетті.
Бұл ерен шабыт, ерекше құмарлық құр ермектің ісі емес, жас жүрекке әмірін жүргізіп, бүкіл алғы өміріне тастүйін талап сыйлаған ғажайып құдірет те еді. Бастысы, тал бойына қонақтаған қасиетке қиянат жасамады. «Қалай да суретші боламын» деген тәтті қиялды жан серігі еткен бозбала берік байламынан танбады. Нағашысы өзінің  жақын досы, генерал, Қарағанды жоғары милиция мектебінің директорымен келісіп қойған екен, қамқор ақылын айтып, мұны әскери адам болуға әбден үгіттеді.
«Оқуың, жатар жерің тегін. Ертең қызметке орналасып, пәтер алуың да оңай. Қаласаң сонда қалдырамын» деп табандап отырып алса да бұл өз дегенінен қайтпады. Ақыры ҚазПИ-дің «Көркем сурет – графика» факультетіне оқуға түсті. Оқуды бітірген соң еңбек жолын аудан орталығындағы кәсіптік техникалық училищесінде өндірістік оқыту шебері болып бастады. Еңбек ете жүріп Ленинградта екі ай «Этика, эстетика» пәні бойыша курстан өтіп қайтты. 1990-1996 жылдары оқу-өндірістік ошағы жанынан құрылған «Қараш» көркемсурет кооперативінің төрағасы болып қызмет атқарды. 2001-2009 жылға дейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.
2013 жылдың көктемінен бастап, «Талдысу» облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы» мекемесіне директор болып тағайындалды.
Кемел таланттың тынысы табиғаттың еншісіне тиген осынау талбесікте толық мазмұнымен қауышты. Ең басты жұмыс – лагерь аумағын көркейтіп, көгалдандыруға бағытталды. Айнала ағып жатқан су ортасындағы аймақтың ай тақыр жалаңаш жатуы көрген көзге көріксіз екен. Тастақ жерге тал шықпайды деп ағаш отырғызуға ниет аз, ықылас кеміген. Бұл сол жорамалдың бәрін жоққа шығарып, аумақ алабын әбден сумен қоректендіріп жұмсартып, ә дегеннен екі жарым мың көшетті отырғызды. Олар түгелімен алып, бүгінде жайқалған баққа айналды.
Туған жер – тұнып тұрған тарих. Оның бай тарихынан хабар беріп, әлі күнге дейін баурайынан шығып жатқан бағаналы жәдігерлерді неге жас ұрпақ жадында жаңғыртып, атауларын жазып қоймасқа? Көне жәдігерлердің басы өз ағасы үйінде тұрған бабадан келе жатқан көненің көзі, кешеге дейін Сырым батырдың төртінші ұрпағы – Хадиша анасының тұтынған ыдысы – нән шөгенді орталыққа алып келді. Осы маңды қазғанда табылған қыш құмыралар, халық қолында сақталынып қалған су диірмендер ашық көрмеге қойылды. Тынығу жайы айналасына жағалай сән түзеген қолөнер қатарында биік тұғыр басына әдемі бедерленген Аққұтан бейнесі өте сәтті шыққан туынды болды. Бұл құсты «бала шақырады» деген сенімнің символы ретінде көп халық қадірлеп-қастерлейді. Үмбекең де тынығу жайына бала көп жинала берсін деген үмітпен үкілеп әкеп құс төресін қоныс төріне  қондырған. Бір жолы облыстан келген басшысының көзі осыған түсіп, қызықты ма, өз үйінің ауласына көшірмесін жасап беруге өтініш жасады. Сыйлас азаматтың бұл өтінішін орындау аса қиынға соқпады. Құрдас қалауының құпиясын кейін білді ғой. Бір күні «осы азаматтың келіні едім» деп телефон соққан бейтаныс жан «Ағай» дей беріп, одан әрі сөйлей алмай жылап жіберген. Аздан соң жай-жапсарды жеткізіп: – Сәби күтіп жүргенімізге он екі жыл болды. Киелі құсты ырымдап, ықыласымыз қатты ауып еді, аға, бөпелі болдық. Сізге қуанышымызды жеткізіп, рақмет айтуды парыз санап тұрмын, – деді. Міне, ғажап. Өмірде мұндай сәттіліктер де болады.
Үмбетәлі бала жастан шынайылықты ұнатады. Қанша қолмен қабыстырып, қадірін арттырамын десең де қарадүрсіндік қалыпқа сыймайды. Өзі қолға алған қай бір іс те де ол осы тазалығынан танбады. Талғам таразысын тең ұстады.
Скульптура ансамблін айшықтауда айқын мақсатты алдыға қойды. Балалардың айнала табиғатпен қарым-қатынасын тереңдетіп, тек осы аймақта мекендейтін аң-құс түрлерінің мүсіндерін бедерлеуге бекінген. Таудың тасын әкеп, биік етіп өргізіп, төбесіне тау ешкінің, тағы бір тұғырға еліктің бейнесін қондыруы жаратылыс атаулыға құрмет сезімін қалыптастырып, адам бойында жан-жануарға жанашырлық инстинктін тудыратын тұрлаулы тағылым деп білдік.
«Талдысу» лагеріне басшылыққа барған азамат тәлім-тәрбие орталығын толықтай ұлттық сипатта жаңартуға ден қойды. Соның бірі – он сегіз қанатты киіз үй тіктіріп, қазақы рухтың қанатын тіктеуі. 150 өрен еркін сыйып, ақ ордада асық, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар жанданып, жастар арасында рухани сұхбаттар өткізіліп, қалған уақытта мәдени демалыстың түр-түрі ұйымдастырылды.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, үлгі-қалыбын, салты мен дәстүрін әлемге насихаттаған Евгений Сидоркин «Қазақ ертегілер эпопеясын» барельеф үлгісінде бедерлеп шыққан ғой. Бұл кісі атақты суретші Айша Ғалымбаеваның жары. Қазақты бүкіл әлемге танытқан оның осы дүниесінің үлгісін Сарыағаш санаториясының дәмханасы қабырғасынан бұрын көргенін еске алған басшы енді осы галереяны балалар мекеніне жеткізуді мұрат тұтты. Содан Сарыағашқа жетіп, асхана иесінен көріністі бейнетаспаға түсіріп алуға рұқсат сұрап еді, «жоқ болмайды» деп келісім бермеді. «Ау, айналайын, балалар тынығу жайының директоры едім, келешектің игілігі үшін ғой, сонау жерден осы мақсатпен келіп тұрмын» дегеніне де көнер болмады. Амалсыз тынығушыларды күтіп, солардың біріне суретке түсіріп беруді тапсырды. Сөйтіп аталмыш дүниені мекеменің суретшісі Әбілханға (ауылдың да өз Қастеевтері бар ғой) табыстап, барельеф үлгісінде (қабырғаға тастан не темірден жапсырылып кескінделетін мүсін) жасап бітіруге тапсырма берді. Ұзындығы 30 метрге созылатын қабырғада қазақ тұрмысының ғажап көрінісі бір-бірімен сабақтаса көркем ой, терең мазмұнымен үлкен залда айшықты көрінісіне қауышты. Онда не жоқ дейсіз: кең көсілген қазақ даласы, сол дархан пейілді кеңістікте қауқылдасып сұхбат құрған сырласу, қонақ кәде, қазақтың төл мәдениетінің тұнық бастаулары тұнып тұр. Маусым сайын бояуын қайта жаңартып, әсем эскизіне шаң жуытпауға басы өзі болып қамқор болып жүретін.
Бір қиыны, өзі орнынан кеткен­нен кейін жанын салып жүрген жаңалықтарының қатарында осы енапат еңбегі де қолмен күзеліп, күресінге тасталыпты. Соны бір барғанында байқап, жаңа басшыға шыр-пыр болды да қалды. Тұтас қазақ әлемі. Кімнің несін алды? Бала жанын сұлулыққа, эстетикаға, әдемілікке тәрбиелеу ғана емес, тарихи тағылымды да тәберік қой мұндай дүниелер. Ғимараттың ішкі көрінісін былай қойғанда бірер жылда жасыл желекке малынған мекен-жай ауласына қалаларға барып Голландия роза гүлінің тұқымын тауып отырғызған. Сабағы 2 метр келетін ерекше сәнмен ырғалып тұратын шетелдік шоқ гүлдеріңіз де бүгін көзден бал-бұл ұшқан.
Кадрдан қадір кеткен заманда қорғансыз табиғаттың тағдыры да сөз болып па?
Үмбетәлі аға жолын қуған ұлы – Ғазиздің талабын бала жастан байқап 4-сыныптан бастап көркемсурет мектебінде оқытты. Орта мектептен соң колледжде, одан кейін академияда. Қазірде ол Қазақстанға танымал суретші. Мүсін өнерін де терең меңгерген талант иесі. Алматыда тұрады. Бірақ Ғазиздың қолынан шыққан төл туындылары туған жер төсіне кезегімен келіп жатыр, келіп жатыр.
Бәрі осы Талдысудың айналасына тұтас ансамбль құрады. «Дала әуендері», қолына қобызын сарнатқан Қорқыт бейнесі, құшағына аузынан су атқылап тұрған балық ұстаған балғын бейнесіндегі субұрқақ, әлгінде айтқан осы өлкенің тау мен тасын мекендеп, өсіп-өніп жатқан сырлы әлем статуеткалары – бәрі де осы Ғазиздың төлтумалары. Жас өреннің атамекен табиғатымен жете танысып, жүректен терең өткізуіне жарқын үлесін қосып тұр. Тас тұғырлар әлі қанша ұрпақ ұлағатына жарарына осы жәдігерлердің өміршеңдігі дәлел. Өнер – мәңгілік дейтініміз содан ғой.
Аймақ басшылығы туған жер тынысын, тарихын айшықтап бейнелеу мәселесінде зиялы қауым пікірінен алшақ кеткен емес. Жаңақорғанның кіре беріс қақпасында ел атауында ерекше маңызы бар «қорған» стилін орнықтыру да Үмбетәлі ағамыздың бастамасымен болды, бірақ біткен дүние көңілінен толық шықпай тұр. Шынайы мазмұнын ашуда ойда жүрген тілектер көп. Атамекен ғана ма, Қазақстанның қай жеріне, қай қаласына барса да адам қолымен жасалған көркем туындылардың шынайы болмыстан алшақ кетпеуін қадағалап шыр-пыр болып жүргені. Оны еститін, құлақ болса.
Ел астанасына барған сапарында айға шауып бара жатқан арғымақты көріп қуанды. Бірақ Абай айтқан «қой мойынды, қоян жоқ, бөкен қабақ, қамыс құлақ» тұлпардың орнында өңшең тұрпаты түлкіге келіңкірейтін, тегінен жаңылған жануарлар сипатын көріп, көңілі жабырқап та қалғандай. Жә, «көш жүре түзеледі» деген емес пе, тәй-тәй басқан баладан дананың деңгейінің арасы қиын да, қияметті асу ғой. Оған да жетіп, жетіліп, желкенімізді түзеп, өз жағалауымызға батыл бет бұрдық. Ең бастысы осы.
Ал, ел алдындағы да, мемлекет алдындағы да азаматтық парызын мінсіз атқарып, мерейлі шағына абыроймен жеткен аға табиғи талантына адалдығынан әлі танған емес. Өзімен бірге жасайтын бөлекше болмысы, ар алдындағы жауапкершілігі, тәкәппар тазалығы, бала кезден арман болған асыл мұратына айнымас адалдығы оны осы тұғырға әкеліп қондырды. Ол тұғырдың аласа, не биіктігіне халық өзі төреші.

Баян ҮСЕЙІНОВА
22 қыркүйек 2019 ж. 1 574 0