№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » ЗЕКЕТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

ЗЕКЕТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Өзара бауырмалдық пен жанашырлыққа, адамгершілік пен гуманизмге негізделген салауатты қоғам құруды мақсат ететін Ислам дінінде әр мұсылманға бес парыздың жүктелетіні белгілі. Осы себепті зекет туралы сөз қозғағанда, оның парыздығын жете түсіну маңызды. Дегенмен зекет беру кімдерге парыз деген мәселеге келсек, мұсылман болуы, нисап (85 гр. алтын) көлеміне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болу, зекеті берілетін байлықтың өсімділігі, зекеті берілетін байлыққа бір жыл толуы, қарыз болмауы, зекеті берілетін байлыққа толық ие болу сынды талаптары барын көреміз.

Зекет беру парыз болғандықтан, Абай атамыз да өзінің өлеңінде «Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс...» деп келтіреді. Абай хәкімнің түсінуінше, жақсы мұсылман болу бес парызды бір-бірінен бөле-жармай тегіс ұстанумен байланысты.
Дәулетті мұсылмандардың жы­­лына бір рет малының, дүние-мүл­­кінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруінің аста­рында үлкен мән жатыр. Тар­қатып айтар болсақ, ол қоғамға қа­расуға, қайырымдылық жасауға, жанашырлыққа жатады. Берілген зекеттер сол қоғамдағы мұқтаж жандарға, басқа да игілікті істерге жаратылатындықтан, бұл сол қоғам­ның қайырымды бола түсуіне жол ашады. Аристотельден кейін «екінші ұстаз» атанған, ұлы ғалым-энциклопедист, философ, астроном, математик және медик Әбу Насыр әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» ат­ты еңбегінде қайырымды қала қалыптастыратын тұрғындарды бес­ке бөледі: ең құрметті адам­дар, ше­шендер, өлшеушілер, жауын­герлер және байлар. Ойшыл байлар қатарына қалада байлық табатындар, егіншілер, мал өсірушілер мен қол өнершілерді жатқызады. Ойшылдың қайырымды қала қалыптастыруда байларды атауы тегін емес.
Ислам діні адамды ақ, адал еңбе­гімен дәулетті болуға ша­қырады. «Әлсіз мұсылманға қара­ғанда Алла әлді мұсылманды анағұрлым көбірек жақсы көреді» деген хадистен де бұны байқауға болады. Өйткені мұсылманның түсінігінде дәулетті болу көп жақ­сылық жасауға мүмкіндік береді. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) да дәулеттілердің арасында байлығын қайырымдылық жолда көп жұмсайтындардың аз екендігіне қынжылған. Мына бір оқиғадан осы­ны аңғарамыз.
Әйгілі сахаба Әбу Зәрр Пайғам­барымызбен (с.а.с) бірге мынадай бір оқиғаға куә болғанын әңгімелеген: Бірде біз Пайғамбармен (с.а.с) бірге Мәдинаның тастақты тұсынан өтіп бара жатқанбыз, ол Ухудқа қарап тұрып: «Әй, Әбу Зәрр!» – деді. «Мұндамын, Алланың елшісі!» – дедім. Сонда ол: «Мына жағдайда ғана Ухуд тауының көлеміндей алтынның иесі болу мені қуантар еді, егер ертеңіне дейін оның тек қарыздарымды өтеуге қалатындай мөлшерін қалдырсам, ал қалғанын осылай, осылай таратсам», – деп мүбәрак қолдарын оңға, солға және артына сілтеп көрсетті. Біраз жол жүргеннен соң Пайғамбар (с.а.с) : «Расында, ақырет күні байлардың дүниесін осылай, осылай таратпағандарынан басқаларының бәрі кедей болып шығады», – деп тағы да қолдарын оңға, солға және артына сермеп көрсетті де: «Алайда ондайлар аз болады» –деді, қамығып. Расулалланың түсіндіруі бойынша, байлығын оңды- солды садақа етіп тарата алатын жомарт мұсылмандар өкінішке қарай аз болады. Хадистерге қара­сақ, дәулетін қайыр-садақадан аямайтын жомарт адамға қызығуға да болатындығын аңғарамыз. «Алла Тағала маған да сондай байлық нәсіп етсе, қайыр, садақа, зекетімді беріп, осылай жұмсар едім» деп ниеттеніп, іштей сауап алуға болады. Құранда жомарттық пен қайырымдылық жасау­дың маңызы туралы сөз етіл­генде парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз.
Дана қазақ «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген қазақ халқы да қайырымдылықты жоғары бағалап, әсіресе дәулетті жандардың сараңдығын сынаған. «Қайырсыз адам – сараң, Құм ішінде шөлмен тең. Қайыры мол адам – Суаты шалқар көлмен тең», «Қайырсыз байдан қайнатқан су артық» деп мақалдарына қосқан. Қазақтың ақын-жыраулары да байлардың қоғам­дағы жағдайы нашарларға көмек беруін, жанашырлық жасап, қара­суын өлеңдеріне де арқау еткен.

ЗЕКЕТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

«Зекет кімдерге беріледі?» десек, ол туралы Құранда аят бар. Алла Тағала Құран Кәрімде малының қырықта бірін зекет ретінде қайда жұмсалуы керектігін айтып өткен. Құранда: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға беріледі» делінген.
Демек олар сегіз түрлі болады: Кедей-кепшіктер. Міскіндер. Зекет жинауға көмектесушілер. Дінге жаңадан кірушілер. Өз бос­тандығы үшін жүрген құлдар. Қарыз­ға батқандар. Алла жолында жүр­гендер. Пақыр жолаушылар.
Зекет беру, Алла жолына қайыр садақа жұмсау, қоғамдағы мұқтаж жандарға қарасу адамның шынайы мұсылмандығын, жомарттығын әрі дүниеге тым құмартпағандығын білдіреді. Өйткені «Пенденің көзі жалғанда» демекші, дүние тірші­лігіндегі үлкен сынақтың бірі – дүниеқұмарлық. Мұсылмандар әр­дайым бұл дүниенің сынақ, сәл күндік алданыш екенін қаперде ұс­тайды.
«Қазақтың мызғымас дәстүрлері де әрдайым жығылғанды көтеріп, сүрінгенді демеуге, өзара жана­шырлыққа негізделген. «Қазақ халқында сақталған игі дәс­түр­лердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған» («Дін мен Дәстүр»).
Мұсылманның түсінігінде бұл өмір ақыретке дайындық жасау үшін берілген.
Адам ақыретке өзімен дүниесін ала бармайды, тек жақсылықты істердегі сауаптарын ғана өзімен ала барады. Зекет беру үлкен сауапты іс болса, зекетін бермеу ақыретте азапқа себеп болады. Әбу Һурайра, Пайғамбарымыздың (с.а.с) былай деп айтқанын риуаят етеді:
«Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді.
Екі көзінің үстінде (қорқыныш­тылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.с) мына аятты оқыды: «Алланың кең­шілігінен өздеріне берілген нәр­селерін (басқаларға бермей) сараң­дық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына ора­лады».
Бүгінде "Зекетімді қайда берсем болады?» деген ізгі мұсылмандар үшін елімізде зекет ғибадатын толыққанды әрі жүйелі орындауына жағдай жасалған. Айтпағымыз, ҚМДБ құрған Зекет Қоры туралы. Қор өз қызметін ашық жүргізіп, жыл сайын халыққа есеп беріп, ақпарат құрал­дарында жариялап келеді. Зекет қоры арқылы, жеке тұлғалар үшін де, қоғам үшін де, мемлекет үшін де бірталай мәселенің түйінін шешу мақсат етілген. Қор құрылымында арнайы ревизиялық комиссия мен қамқорлар кеңесі де жұмыс істей­ді. Оның құрамына халыққа беделді ірі тұлғалармен қатар, өздері де зекет пен садақаларын аударып отыратын кәсіпкерлер де кіріп, Қор қызметін қадағалап отырады. Қордан еліміздің түкпір-түкпіріндегі жағдайы нашар болып қиналып жүрген жетім-жесірлерге жүйелі түрде көмек көрсетіледі. Дін саласында білікті мамандар даярлауға, арнайы білім ошақтарын ашуға, барлық мешіттерді сапалы, білімді имамдармен қамтамасыз етуге жол ашылады. Ислам дінін ел ішінде кең насихаттау тұрғысында сапалы діни ақпарат, оқу құралдары, кітаптар мен өзге де аудио-видео материалдар дайындауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырып, дәстүрлі дінімізді ұлықтай түсу үшін де зекеттің маңызы өте зор.
Бүгінде халықтың имандылыққа бетбұрысы қарқынды. Ел ішін­де Алла разылығын бәрінен жоғары қоя білетін тақуа, адал табы­сынан мұқтаждарға бөліп беріп, елдің ықыласына бөленіп жүр­ген азаматтар аз емес. Қазақ «Қол ашықтың жолы ашық» дейді. Қайырымды жандарды халық әрдайым ерекше сыйлап, қайы­рымды істерін өзгелерге үлгі етіп келген. Ендеше, дәстүрлі дініміздің бес парыздың бірі – зекетті өз талаптарына сай беру арқылы қоғамда ізгіліктің молаюына қызмет етейік, жетімдер мен жесірлерге көмек беріп, көңілі жабырқау жан­дарға қуаныш сыйлайық.
Қорыта айтқанда, зекет берген адамның жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат кұшағына кіргендей күй кешіп, өмірдің қысымынан, дүние-мүлік­тің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылтады.

                                                                                                                                  Сайдулла қажы ОМАРОВ,
                                                                                                               аудандық орталық мешіттің бас имамы.
21 тамыз 2019 ж. 1 283 0