№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Біз осы Абайды толық таныдық па?

Біз осы Абайды толық таныдық па?


Ұлы жүрек балапан тілектен жаратылады. Сәби кезінен Зере сынды әзиз әжесінің бауырында бар ертегі, хисса, жыр, дастандарды түгесіп, Ұлжандай ардақты ананың ақылына құлақ түріп, адамзат ақыл көзінің қазынасы – қасиетті сөз өнеріне қанығып есейген ұғымтал өскіннің көкірегінде өркен жайған жақсылықтың нәрі келешек жаһанды кезіп, шөпіркеген жұртшылықтың көңілін рухани кемелдендірері кімнің ойына келіпті?


Сәби ИбраҺимді бесікке салып:
«Әлди-әлди Абайым,
Атқа тоқым жабайын.
Тыста жүрген атаңды,
Қайдан іздеп табайын», – деп әндетер әже әлдиі бүлдіршін көңілінде бүр жарып, бүтін адамзатты құшағына сидырардай құды­ретке қауыштырып, енді бүгін бүкіл әлемді тербете бастады.
Ілім-білімге деген құштарлықпен бала­ларын оқытуға ден қойған әке Құнанбайдың үмітін ақтаған зерек Абай ауыл молдасынан жеткілікті білім алып, одан әрі «Ахмет-Риза» медресесінде білім алды. Сонымен қабат «Приходская школада» бір жыл оқып, орыс тілін меңгеруге ден қояды.
Бала – шәкірттің шынайы өмірге, айнала қоғамға деген көзқарасын айқындайтын елге қайтар сапарындағы оқиғаларға кезек берелік: Қаладан қара үзген үшінші күнге қарай ел шетіне аяқ іліктіріп, тақымына тиген құла бестіні ағызып-ағызып алады. Жанында келе жатқан жолсеріктері мұны жол торыған ұры-қарыдан сескендіріп, қадамын тұсап, қабаттаса жүруге көндіре алмай әлек. «Есенбай жырасының» жаман­дығынан шошындырмақ. Ал туған жердің тау-тасына табан тіреп, төбесі көкке жеткен жеткіншекке бұл алап туған анасының құшағынан бір де кем емес. Қарауыл бесігі – анау, жасырын жырасы – мынау. Есенбай, Найзатас – Абайдың ойнап өскен қоныстары. Тіпті оның ұры-қарысы да Абайға жат, суық боп көрінбеді. Ұры дегені осы елдің өздеріндей қазақтары. Көп болса жағдайы кем, киімі жаман, ер-тұрманы ескі, қолдарында сойылы ғана бар, түптеп келгенде өз бауырлары ғой. Қайта өздерін бір көрсем, тілдессем екен деген тілек бар көңілінде. Тіпті солардың тірлігінің өзіне туысқандық ыстық сезіммен, кешіріммен қарағысы келетіндей. Құтты мекен-қонысы қойнына тыққан ұры-мұрысымен қымбат.
Міне, ақын – Абайдың келешек барша әлемге қадірлі, сөзі семсер, пікірі алтын, адамзатқа ортақ болуының астарында оның титтейінен ешкімді алаламай, тұтас жара­тылыс атаулыға сүйіспеншілікпен қарай білген осындай асыл болмысы тұнып тұр.

***
Абайдың мынадай айтқаны бар: «Адамға көбінесе үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-ана, ұстазы, құрбысынан. Солардың ішінде қайсысын сүйеді, содан мол алады». Өзі өмірінде қатты сүйген, ерекше бағалаған әжесі мен анасынан алған тәрбие ақынның ұлы мектебі болды.
Қазақтың келешек қамын ойлап, алда­ғыны болжап, орыс мәдениетіне бой ұрып, балаларын орысша оқуға берген, дін оқуы болса да қазақ баласының жайын ойлап, жағдай туғызған, үй салып, мешіт салдырып, балаларды оқытқан сергек, сезімтал Құнанбайды надан, тоғышар, зорлықшыл, өз басын ғана ойлайтын өзімшіл деп кіналау қате. Ол балаларынан Халиолланы орыс мектебіне береді. «Орыс әдебиетін білмей, адам болу, адамшылық борышты ақтау қиын» дейтін де осы Халел.
Құнанбай жалпы қазақ балаларын оқы­туға Қарқаралы қаласынан медресе салдырған. Жетпіс жасында Меккеге барған сапарында қажылыққа барған қазақтар үшін арнап қонақжай салдыруға да мұрындық болыпты. Өзі өте шешен, сөзге тапқыр адам болған. Нақыл сөздері ел аузына тараған.
Поляктың 25 жыл айдау жазасына кесілген демократ-ревалюционері, халқының бостандығын арман еткен аяулы перзенті – Якушкевичтің Құнанбай туралы: «Құнанбай қара халықтан шыққан, жаратылыстан ақыл-парасат дарыған, керемет зерек, тілге шешен, байыпты кісі Халықтың қамын ойлайды. Оған жақсылық қылсам дейді. Қара қылды қақ жаратын әділ, адал азамат. Құнанбай халқының қамқоры. Бай атаулы Құнанбайдың ұлтарағына тұрмайды» деп жазады. Якушкевичтің ақынжанды қазақтың дарын-қабілеті жөнінде Зеленскийге жазған хатында мынадай жолдар бар: «Бұдан бірнеше күн бұрын екі ел болып партия тартысқан жиында шаршы топ алдында сөз сөйлеген шешендерді көрген едім. Сонда мен тумысында Демосфен, Цицерондарды естіп-білмеген жандардың жезтаңдай тілмарлығына таң-тамаша болған едім. Ал бүгін алдымда не оқи, не жаза білмейтін ақындар бұлбұлдай сайрап тұр. Мен бұлардың өнеріне қайран қалудамын. Олардың әні жаныма азық, жүрегіме жылу бергендей. Міне, осындай жандарды жабайы деуге бола ма? Жоқ, болмайды. Еш мүмкін емес. Жаратқан иесі мұндай өнер берген халық мәдениет әлеміне өгей болуға тиіс емес» деген.
Міне алып ақын Абай осындай халықтың өкілі, осындай қаранардың тұяғы еді.
Абай шығармашылығының дені – қалың елі-қазағына арналды. Абай сөздерінің алтын өзегі – адам бақыты. Ол хақ талабынан ауытқымай, тура жолдан таймаған бақытқа жететінін насихаттады. «Алланың сөзі де рас, өзі де рас», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген сөздері, «Адамды сүй, Алланың хиқметін сез. Не қызық бар өмірде одан басқа» деген тағылымдары кез-келгенімізді жан тазалығына үндейді.
Абай өзінің жетінші қара сөзінде: «Тәннен жан артық едің, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді, біз олай қылмадық. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық» деп нәпсі қалауынан аса алмай арзан қызыққа алданып, қымбат құндылықтардан құр қалып жүргенімізді қаперге салады.
«Үш-ақ нәрсе адамдықтың қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Өмір-пенде үшін ғажайып сый. «Бұл бес күндік бір майдан, ер сынарлық». «Арттағыға сөзің мен ісің қалса, өлсең де өлмегенмен боласың тең» дейді.
«Қайран сөзім, қор болды» дегенде тобықтыны ғана емес, қалың жұртшылыққа қарны аша отырып, қазаққа емес, қараңғылыққа қапалылығын білдіреді.
«Көкірегі сезімді, тілі орамды, жаздым үлгі жастарға бермек үшін» деп жас өскіннен үмітін күтетін ақын келешекке арнаған ақыл-өсиетін: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек» деп «толық адам» болудың негізі – ақыл мен парасатта екенін білдіреді.
«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез
«Нұрын, сырын көруге, көкірегіңде болсын көз».
«Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Жүрек көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі»
«Кемді күн қызық дәурен тату өткіз, жетпесе біріңдікін бірің жеткіз», – деді сол сәулелі үміттің бір дәлелі.
Тарихтың қай кезеңінде болмасын қазақ ұтылса бірлік пен татулықтың тапшылығынан сан ұрды, таяқ жеді, жапа шекті. Абайдың да өзегін өртеген осы қайғы болатын.
Көкірегі қарс айрыла отырып, қалың жұртына қарата былай деді:
«Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па, елдің сиқын?
...Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың».
Осы орайда Абай тағы былай дейді: «Бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінез қайсы десең, әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші – қоңды болса, дау – жанжалды болса, билік соларда болады екен». «Екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгілі, жетпегеніңді жетілтемін», деп жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі де өз бауыры, бәрі өз малы болған соң шынымен жетесінде жоқ болмаса солардың қамын жемей қайтеді? Екіншісі, намысқор келеді екен. Ат аталып, әруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен... «Ағайынның азары болса да безері болмайды», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді». Қанеки, осы екі мінез қайда? (Абайдың «Қара сөздері, 39-сөзде» осылай дейді.
Қатарыңдағы өзге мемлекеттермен тең ел болу үшін әуелі «мал тап» деді. Өйтпесе «қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?» «Мал тапса қарын тояды. Онан соң білім, өнер керек екен...»
Өнер – білімді қайдан іздеген жөн?
Абай айтады: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті. Оны білгенге дүние арзанырақ түседі».
Бұл жерде ақын өз халқының кемсітушілікке ұшырап, көштен кейін қалған қараңғы қалпына жаны қамыға отырып, теңелудің тетігін нұсқайды. Сол астамшыл пыйғылды, өздерін ұлы санайтын ұлттың зарарынан қашық, пайдасына ортақ болу үшін де оқуын, ғылымын білмек керек. Сен оның тілін білсең көкірек көзің ашылады. Өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді де, оған арсыздана жалынбайды» деп, онсыз теңдік болуы мүмкін еместігін ескертеді. Ал өзі бұл талапты толығымен орындады. Европа жұрты жабайы, жат санаған жапан далада жанып тұрған жалғыз шырақтай жарығын айналасына түсірген тұлға орыс классикасын түгелге жуық оқып, оны қазақшаға аударып, ел арасына насихаттаумен болды. Орыс тілі арқылы Байрон, Гете, Шиллер, Дюма, Мицкевичтерді зерделеп, қазақша сөйлетуге тырысты. Дарвинді ақтарып, жаратылыстану жетістіктерімен танысты. Шетелдік ғалымдардың еңбектеріне ден қойып, Европаның ақыл-ой дамуының тарихына қанықты. «Менің қағбам енді батысқа ауысты», – деуі де сондықтан еді. Бала кезінен таныс араб, парсы тіліндегі кітаптарды қайта ақтарып, Шығыс поэзиясына, философиясына жаңаша баға берді.
Батыс пен Шығыс ғұламаларын ақтара келе, тапқан түйіні: «құдайдың өзі де рас, сөзі де рас, ол ешкімге арам бол, қанышер бол, масыл бол деген емес, ендеше, құдайға құлақ аспай, құлық түзелмейді».
Құлық түзелмейді, құлық түзелмей тұрып құлқын арам ішкенін қоймайды, адалға жүрмей, адам түзелмейді, қоғам түзелмейді, халық түзелу үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзеуі керек. Ол үшін «қуанбасқа қуанып, ұялмасқа ұялғанды» қою керек. Одан арылтатын жалғыз дауа – еңбек. Абайдың ұғымында: «Еңбек – танымды шындыққа айналдырып, бекіте түседі. Адам алған білімін ретке келтіреді, керектіні керексізден сұрыптап, ақылды болады». Сондықтан да еңбекті барша игіліктің негізі, оған деген сүйіспеншілікті адамдық өмірдің басты мәні мен мазмұны деп санайды. Халықты «түзелмейтін қайыршыға» айналдырмайтын амал: «Егін, сауда, кәсіп, ғылым» деп біледі. Ол тек ыждағат пен ынта бар жерде ғана жүзеге асады. Абайдың: «Құдай саған еңбек етуге жарамды күш берді. Біақ сен еңбек етпейсің. Құдай саған ғылым берді. Бірақ сен оқымайсың. Құдай саған сана берді, сен оны жоғалттың. Сен ерінбей еңбек етсең, шыдамдылықпен іздеп, пайдалы жұмыс жасасаң – бай болар едің», – деп жазғыратыны да сондықтан.
Абай – әлемдік татулыққа жол ашқан тұлға. Қуанышы мен қайғысы ортақ рухани бауырмалдықты әлемдік деңгейде қалыптастыруда Абай шығармашылығының әлеуеті айрықша. Мұны дүниежүзі зиялылары мойындайды. Бүкіл планетамыздың мәдени-рухани тынысын жүйелеп отырған халықаралық ұйым – ЮНЕСКО-ның Абайдың 150 жылдығын, яғни 1995 жылы 9 тамызда дүниежүзілік деңгейде тойлауға шешім қабылдауы сондықтан болатын.
Бүгінде ең өзекті мәселе – халықаралық, мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайтуда Абайдың дана сөздері тағы да алдымыздан шығады. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» сан ұлтты достыққа, бауырмалдыққа, бірлікке шақырған ақын өлеңдері өміршеңдігімен қымбат.
Бүгінгі елімізде жалғасып жатқан ұлы істердің нәтижесі болуына ең қажетті нәрсе – сенім. Жасампаздықтың жолында бағытының дұрыс, қадамының қайырлы, болашағының жарқын екеніне сенген әлеумет қана лайықты қоғам құра алады.
«Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседен баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қыстың артынан көгі қалың, көлі мол, жадыраған жаз келмеуші ме еді» – дейді ұлы ақын.
Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім. Абай өнегесі әрқашан жадымызда болса біл ол армандаған биіктен көріне аларымыз ақиқат.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
17 тамыз 2019 ж. 1 598 0