1 000 000 теңге ұтып ал!
Мемлекет басшысының Жолдауларында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді. Сондай алғышарттардың негізінде 2017 жылы «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы құрылды. Бес өңірдің жастарына кәсіп ашуға мүмкіндік берген жобаның ауқымы кеңейіп келеді. Биыл Қазақстанның алты аймағын қамтымақ.
Ендігі мәселе бұл жобаға қалай және кімдер қатыса алады? Қандай құжат керек? Осы сұрақтарға жауап беру үшін аудан әкімдігінде жастар корпусын дамыту жобасының үйлестірушілері «Zhas Project» жобасының Қызылорда облысы бойынша кординаторы Баян Егізбаева және «Мансап» ЖШС директоры София Теңізбаева кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті жастармен кездесті.
Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің төрағалық етуімен өткен кездесуде жобаның өңір бойынша кординаторы Баян Егізбаева бағдарламаның тиімді тұстарына тоқталды.
– Жобаның негізгі мақсаты – жұмыссыз жүрген жастардың кәсіп ашып, ісін өркендетуге бағытталған. Яғни, жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтып, қоғамдағы орнын табуға дем береді. Бұл Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық банктің бірлескен жобасы. Былтыр 2000-нан астам қазақстандық жоба ұсынып, 600-ге жуығына қолдау көрсетілді. Жастар жылыжай, тігін цехы, тіл курстары мен түрлі үйірмелер ашты. Биыл Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе облысының жастары жоба аясында кәсіп ашуға мүмкіндігі бар. Өтінімдер жастар корпусын дамыту жобасы сайтында қабылданады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да басымдық берілген, – деді жауапты маман.
Қоғамның әлсіз топтарын жұмысқа тартуға бағытталған бағдарлама бойынша биыл 1000 жобаға дейін қолдау көрсетеді. Өңірлер қанша жоба ұсынса да шектеу жоқ. Тек өміршең, креативті, табысты жобалар болса болғаны. Жобаға ауыл жастары да қатыса алады. Грант бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жобаның грантын жеңіп алған жастар жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс.
– Жоба төрт компонентті қамтиды. Жастардың топтарына әлеуметтік жобаларды іске асыруға арналған гранттар мен әлеуметтік шәкіртақылар ұсыну, жас адамдарды өмірлік маңызы бар дағдыларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша оқыту, жастардың осал топтарымен жұмыс істеу, тиімді ақпараттық-түсіндіру науқаны мен кері байланыс және мәселелерді шешу тетігін іске асыру. Бағдарлама аясында қатысушылар үш кезеңдік оқытудан өтеді, алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады, сондай-ақ, ай сайынғы шәкіртақыларына байланысты жоғары оқу орнының түлектері 60 000 теңге, қалған қатысушылар 40 000 теңге алады, – деді кординатор.
Енді жобаға кімдер қатыса алады және қандай шарттары бар? Соны сабақтасақ. Жобаға жалғыз кәсіпкер қатыса алмайды, 14 пен 29 жас аралығындағы жастар бірігіп бір топ құрады. Серіктес ретінде туыс, достарын алуға болады. Топ шеңберінде үш немесе бес адам болуы керек және көшбасшылары сайлануы тиіс. Сондай-ақ, қатысушылар жобаны іске асыру аумағында үнемі тұруы шарт. Уақытша тіркеуде тұрған қатысушылар гранттық бағдарламаға қатыса алмайды. Бір қатысушы бір жобаға ғана қатыса алады, және келесі бір топтың құрамына ене алмайды. Әрі, топ құрамын өзгертуге тыйым салынады. Айта кететіні, жастардың осал топтарынан шыққан, яғни тұрмысы төмен отбасы мүшесі мен жоғары білімі жоқ жастарға және нәзік жандылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек басымдық беріледі.
Гранттық конкурс мамыр айының 20-нан маусымның 20-на дейін қабылданады. Ол үшін қатысушылар ZHAS PROJECT.КZ жеке тіркелуі тиіс. Бұл бірінші қадам, ал, екінші қадамында топ көшбасшысы жобалық өтінімді ұсынуы тиіс.
Құрылыс жұмыстарына, спорттық нысандар салу, интернет қызмет, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жобаға қатыса алмайды. Ал, туризм, спорт, білім саласы, ауылды дамыту, көркейту-көгалдандыру жұмыстары қолдау табады. Осы орайда, жаңақорғандық жастарға туризм және ауылды дамыту бағыты таптырмас табыс көзі болмақ. Себебі, ауданда көне қалалар мен саяхат жасайтын жерлер жетерлік. Ал, құс және мал шаруашылығын дамытуға географиялық тұрғы да өте қолайлы.
Кездесу соңында аудан басшысы ауыл әкімдеріне осы бағытта жұмысты жүйелеу керектігін тапсырды. Жалпы, жоба туралы толық мәліметті жастар ресурстық орталығынан білуге болады.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
Пікір 43