Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

«ТТТ» – 50 ЖАСТА



    Аудан өнерін өрге сүйреп, талай жастың талантын шыңдаған, өнер биігінде өзіндік қолтаңбасы бар шоу-концерттің авторы Талап Тотаев 50 жасқа толды. Ол – жанашыр ұстаз ғана емес, танымал «Экспресс» ансамблінің белді мүшесі әрі жүргізушісі, «Тракторист» және «Марианна, кешір мені» атты рэп жанрындағы әнімен көпшіліктің көңілінде жүрген талант иесі. Жаңашылдықтың үлігісін көрсетіп, мәдениет саласында тер төккен дарын иесіне қандай құрмет көрсетсек те лайық. Сондықтан, ұжымдастары мен іні буын сазгердің төл мерекесіне орай Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде рухани кеш ұйымдастырды.

   Заманауи жанрды жаны сүйетін өнер иесі аудандық мәдениет үйінде қоюшы-режиссер қызметінде. Елуді еңсерсе де көңілі жас Тәкеңнің кеші еркін форматта өтті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бүгінгі ән кеші үйреншікті шараға ұласпады. Шоу кеш иесінің мінезі секілді құпиялы, жаңалыққа толы болды. Ауданға алғаш «Хит-топ шоуды» алып келген талантты тұлғаның 50 жасқа толуына арналған «ТТТ бенефисі» атты шығармашылық кеші барысында фойеде оның өмір жолынан сыр шертетін суреттер, отбасылық, қызмет бабында, тұрмыста түскен суреттерден жасақталған стеллаж жасалыныпты.
    Кеш шымылдығы автордың «Хит. Топ. Шоу» деген әнімен түрілді. Сайран Ділманов және Кенже Әкімбаева мен қосылып ән шарқаған Талап Тотаевқа халықтың ықыласы ерекше болды. Сұлу әуенмен серпілген көрермендер ойын ойнап, сыйлық ұтып алды.
   – Талап Тілеуұлының Сыр өңірінің өнері мен мәдениетінің дамуына, руханиятының кемелденуіне, жастарды тәрбиелеуде қосқан үлесін қызылордалықтар мақтан етеді. Қандай рухани кештің болмасын басы-қасында жүріп, әсіресе Жаңақорған мәдениетінің биікке өрлеуіне үлкен қажыр-қайратын жұмсап келеді. Мұны аудан тұрғындары біледі, әрі жоғары бағалайды. Сондықтан, ердің жасы елу жасы құтты, әрі баянды болсын, – деді облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдениет продюсерлік орталығының әдістемелік бөлімінің бас маманы Райкүл Сәрсенбаева.
    Ұжым атынан ыстық ықыласын білдірген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аягөз Айдосованың сөзін жалғаған аудан әкімінің баспсөз хатшысы Нұрбол Бакиров аудан әкімінің құттықтауын табыс етті.
    «Шиеліден кеп тұрмын. Бір қап күрішім бар». Талап Тотаевты қазақ эстрадасына танымал еткен осы «Тракторист» әні. Әзіл-шыны аралас ән қазақ өнеріне жаңа серпін ала келді. Бұл әнді нақышына келтіріп орындап, тыңдарман жүрегінен орын алған Арман Әлиев те осыдан кейін өз тыңдармандарын тапты. Жаңа дәуірдің хит әнін орындаған Арман сахна төріне көтерілді. Бүгінде «Оңтүстік цирк» кәсіпорнының директоры қызметінде жүрген әнші Арман кешке өнерімен бірге ұжымын да ала келіпті. Көпшілікке керемет әсер қалдырған цирк өнерпаздары көрермендерді тәнті етті.
   «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Талаптың сандығындағы ескі әндер қайта жаңғырды. Жалынды жастық шағында жазған «Өзіңмен бірге» әнін аға буынның ізін жалғап келе жатқан талантты жастар Жасдәурен Сабырханов, Балауса Сахан, Айдарбек Молдабек пен Тохтар Әжімұратов орындап шықты. Халықтың ұлы болған азаматқа деген тілектер көп айтылды. Өз кезегінде ағайын-туыстар тілегін жалғаса, достары атынан «А нам сегодня 50, еще не вечер» әнін Бегім Сабырханов орындап шықты. Ал, Бақытжан Сәрсенбаев «Ғашығым менің» әнімен тербесе, Кенже Әкімбаева «Реггиді» шырқады.
   Одан кейін, «Жаңаша» ойын-сауық отауы әзіл қойып, көпті бір жадыратты. Талап шәкірттерінің арасында жас болса да талантты жігіт Тоқтар Әжімұратов бастаған ұжымның ұйымдастыруымен «Сен алдандың» әзіл айдарын да көрдік. Соңына қарай кеш иесі М.Көкенов атындағы мәдениет үйінің ұжымына, «Дара» продюсерлік орталығының жетекшісі Серік Бақытұлына, Кейден ауылының «Кәусар» жүгері сусынын шығаратын кәсіпорынға алғысын білдірді.
    – Жалпы концерт жоғарғы деңгейде өтті. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлай алды. Талаптан жастардың үйренері көп, сондықтан қазақ өнеріне қосатын шәкірттер көптеп шыға беруін тілейміз, – деді кеш көрермені Аманкүл апа.
   Шоу концерт «Мариана, мені кешір» әнімен түйінделді. Міне, жаңақорғандықтар асыға күткен керемет кештің шымылдығы осылай түйінделді. Ердің жасына жеткен өнердің майталманын газет ұжымы да құттықтайды. Әлі де талай шәкірт тәрбиелеп, жүректен шыққан туындылары халық жүрегіне жететініне сенімдіміз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
25 желтоқсан 2018 ж. 1 161 0