№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ САЗГЕРЛЕР САП ТҮЗЕЙДІ

ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ САЗГЕРЛЕР САП ТҮЗЕЙДІ


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Н­азарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деді. Расында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық болмыс-бітімнің қайнарынан нәр алуға жетелейді. Бағдарлама аясында тарихты түгелдеп, тұлғатану ілімін дамытуға мән берілуде. Осы ретте, ауданнан шыққан өнер адамдары, оның ішінде, сазгерлер жайлы аз-кем ізденіп едік.
Жаңақорғанның топырағынан ұлтқа мәшһүр композиторлар шықты десек, алдымен Бексұлтан Байкенжеевтің есімі ойға оралады. Ол Қауық елді мекенінде тұрғанында, әлдекімнен қолдан шабылған жиде домбыраны алып келеді. Жас баланың ынтасын байқаған Аққұмдық теміржолшы, шебер домбырашы Бижан Бекенов домбыраның бетіне қақпақ жасап, перде тағып, ән тартуды үйретіп, ағайынды Тәңірберген, Бексұлтан мен Нұрсұлтанның алғашқы ұстазы болады. Кейін Тәңірберген мен Нұрсұлтан айтулы күй орындаушылары атанды.
Қосүйеңкі ауылынан негіз алған Бексұлтан Байкенжеев жастайынан музыкаға әуез болады. Ол мектеп бітірісімен-ақ көпшілік мәдени жұмыстарға араласып кетеді. Алыс жердегі шопандар қауымын ән-күйге бөлеумен бірге түрлі тақырыптарда лекциялар оқыды. Аудандық мәдениет үйі жанынан ұйымдастырылған драма үйірмесінің белсенді мүшесі болды. Әсіресе, С.Субханбердиннің «Айгүл», Б.Майлиннің «Талтаң­байдың тәртібі», Т.Нұрмағамбетовтың «Кімге тартқан», Қ.Тұрсынқұловтың «Кәпірзада», О.Бодықовтың «Арман азабы» пьесасында бас­ты рөлдерде ойнап, шығармашылық потенциялын көрсетті.
1972 жылы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетін бітіреді. Содан өмірінің соңына дейін Әлшекей атындағы балалар музыка мектебінің директоры қызметін атқарды. Жас өнерпаздар мен таланттарды табу, тәрбиелеу жолынд­а белсенді еңбек етті.
Бексұлтан Өтепбергенұлы «Сыр сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамбльдерінің құрамында Болгария, Германияда және Мәскеу, Нүкіс, Алматы, Шымкент қаласында өнер көрсетті. Бірнеше рет халық шығармашылығы бүкілодақтық фестивальдерінің лауреаты атанды. Ол 100-ден аса ән жазып, республикалық баспалардан «Ақбаян», «Ақшолпан», «Ақгүлім» ән жинақтары жарық көрді.
Сыр топырағынан шыққан таланты сазгердің бірі – Сауранбек Елеуов. Ескі Сауран қаласында дүниеге келген талант иесі Шымкент қаласындағы Әль-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын бітіргеннен кейін аудандық мәдениет үйінің әдіскері қызметінен бастайды. Кейін мәдениет және демалыс паркінің директоры, «Арман» мәдениет үйінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Бүгінде Қ.Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті «Орындаушылық өнер» кафедрасының меңгерушісі.
Сауранбек қазір 80-нен астам әннің авторы. Оның көптеген әндері республикалық газет-журналдарда, мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрді. «Апатайым анашым», «Бесік жыры», «Жұлдызым», «Айналайын», «Армысыңдар адамдар», «Туған жер», «Айдында жүзген аққулар», «Қаракөзім», «Гүлбаһор», «Әке даусы», «Ғанидың жұлдызы», «Домбыра сазы», «Түркістан» және т.б. әндері қазақ радиосы мен теледидарында жиі орындалады.
Ол Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының екі дүркін лауреаты, Рес­публикалық «Жігер» фестивалінің дипломанты, Республикалық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын медаліне» ие болған.
Елеуов әулетінен шыққан тағы бір талант иесі Бағлан. Қандөз ауылында балалық шағын өткізген сазгер №240 мектепті бітіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіреді. Еңбек жолын №240 мектебінде әуез пәнінің мұғалімі болып бастайды.
Бағлан Елеуовтың тұңғыш әндері балаларға арналды. Оның «Даңққұмар» және «Бала тілі» әндері бүлдіршіндер ыстық ықыласпен қабылдаған туындылар. Мұнан кейін «Майдангерлер», «Отан», «Туған ел», «Дархан дала» және «Туған жер» әндерін ауданның белгілі әншілері өз репертуарларына қосып, елге танылды.
Бағлан Еркінбекұлы 1988 жылы өткен «Жігер» фестивалінің, 1992 жылы өткен «Наурыз шапағаты» фестивалінің лауреаты. 2017 жылы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы еске алуға арналған «Қос аққу» республикалық байқауында екінші орынды иемденді.
Лайықты бағасын ала алмай жүрген азаматтың бірі – Елеусіз Оймауытов. Бірлік ауылының тумасы. Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы пединститутты әуез пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Отыздан астам әннің авторы. Оның әндерін кезінде Қуат Әбусейітов пен Зейнеп Қойшыбаева өз репертуарына қосқан. Өкінішке орай, сазгердің дүниеден ерте өтуіне байланысты артында іздеушісі болмай 4-5 әні ғана («Туған жер», «Анажан», «Әкеме», «Қара мең», «Пионерлер жыры», «Келер күндер, беу шіркін, қандайсындар») халық аузында қалды. Оның ән мұрасын соңғы жылдары музыка маманы Әметхан Әділханов, өзгенттік әуесқой әнші Көбей Базарбаев жинастырып жүр.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары әнсүйер қауымға Марсалиев танылды. Ол 1946 жылы 20 қазанда Жаңақорған кентінде дүниеге келді. Қызылорда педагогикалық институтын бітірді. 1972 жылдан Әлшекей атындағы өнер мектебінде мұғалім, директордың орынбасары, директоры қызметтерін атқарды. Марсалиевтың 50-ден аса әні бар. Олардың ішінде, «Аталар даңқы», «Ұстазым», «Жаңақорған вальсі», Ән-ғұмыр», «Ұмытпаңдар», «Аңсау», «Кешегі арман он жеті» т.б. әндері жұртшылыққа кеңінен танымал. Бірқатар әндері «Ауыл кеші көңілді» және «Жастық шақ әуендері» ән жинақтарына енген. Бүкілодақтық көркем өнерпаздар байқауының алтын, күміс жүлделерімен марапатталған.
Елге белгілі сазгердің бірі – төменарықтық Аманбай Өтебаев. 1959 жылы Тәжікстаннан атамекенге оралып, Екпінді ауылына келеді.
Сегізінші сыныптан кейін аудан орталығындағы №187 СКТУ-де оқиды. Сосын Түркістан индустриалды политехникалық техникумында білімін жалғастырады. Аманбай жастайынан музыкаға құмар болып, гитара, мондолина, домбыра, баян мен гармонда тәп-тәуір ойнайтын дәрежеге жетеді.
Техникум қабырғасында жүргенде ән-күй, күрес үйірмелеріне қатысады. Ән-күй үйірмесінің белсенді мүшесі атанып, сахнада аты шыға бастайды. Техникумнан кейін ПМК-34 мекемесінде механик, №52 А.Романов атындағы мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болады.
1982 жылдан аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып еңбек еткен Аманбайға, 1990 жылы Бексұлтан Байкенжеевтің ұсынысымен Төменарықтан өнер мектебінің филиалын ашып, соған жетекшілік етеді. Осында жүргенде оның сазгерлік қырының ашылуына бар мүмкіндік туып, бір әннен соң бір ән туындайды. Оның жүрегінен сан түрлі әуезге толы «Күнді де біреу күн дейді», «Ана жүрегі», «Білмейді», «Жетісайым – жас қалам», «Гүлсара», «Төменарық киелі мекен», «Кеңқорығым жайлауым», «Киелі елім – Шиелі», «Алматым әсем астанам», «Жаннатым Жаңақорғаным» және «Гүлсімжан» тағы да басқа 50-ге жуық ән туды.
Жақында ғана туған ауылы орталығында 70 жасын дүрілдетіп өткізген Аманбай аға сегіз қырлы – бір сырлы азамат. Әуел баста ақын-спортшы болған ол алпысыншы жылдардың екінші жартысынан әншілік пен сазгерлікті қатар тізгіндеді. Ол жай ғана ақын болған жоқ, ширек ғасырдан астам уақыт сөз моншағын сылдырата тізіп айтыс төрінде тіл безеді. Оның жүрегін тербеген толқындар ән болып туды. Аманбай сазгердің жетпістей әні көрермен мен тыңдаушыға жол тартса, оннан астам әнін эстрада жұлдыздары орындап жүр. Сазгердің әндер жинағы да жарық көрді.
ХХ ғасырдың 60-жылдары ән сүйер қауымның сүйікті сазгері атанған Нағызхан Жаманбаев есімін бұл қатарға қоспай кетуге болмас. 1940 жылы 6 қаңтарда Жаңақорған қонысында дүниеге келген талант иесі Атырау қаласындағы музыка училищесінде домбыра бөлімін бітіреді.
Оның алғашқы тырнақалды туындысы «Қаракөзайым» әні осы №3 мектеп-интернат қабырғасында жүргенде шықты. Еңбектен қол үзбей жүріп Абай атындағы педагогикалық институтты бітіреді.
Ұстаздық ете жүріп Жақсылық Рахматулланың сөзіне жазылған «Сағыныш», «Бақытым менің», «Дән өлкесі» атты әндерді жазды. Сазды әуен тыңдаушыларын мол әсерге бөледі. Ақын Адырбек Сопыбековтің өлеңдеріне жазған «Жүрек сыры», «Көктем мерекесі», «Кентау кеші», «Аққұсым» әндерін жазып, оның лиракаға толы әндері көпшіліктің көңілінен шықты.
Кейіннен Әлшекей атындағы өнер мектебіне ауысып, өмірінің соңына дейін жастарды музыкаға баулып, оларға нота әліппесін үйретті. Оның артында 30-дан астам әсем әндер қалды. Соңғы оншақты жылдан бері сазгер Нағызхан Жаманбаевты еске алу байқаулары тұрақты өтіп келеді.
Жасындай жарқ етіп дүниеден озған сазгердің бірі – Нұрберген Тастаев еді. Ол Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтының Қызылордадағы филиалын бітірді. 1981-1883 жылы ауданық «Госкомсельхозтехника» бірлестігінде аға инженер, 17-ші кәсіптік-техникалық училищесінің комсомол ұйымы хатшысы, өндіріс маманы, «Білім» аудан қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Задарья» кеңшары партия комитетінің хатшысы, кеңшар директорының орынбасары қызметін атқарды. Қаратөбе ауылдық округінің әкімі, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Тастаев айтыскер ақын, термеші, әнші ретінде Алматыда өткен «Наурыз-89», Базар жыраудың 150 жылдығы, Т.Рысқұловтың 100 жылдығы Абайдың 150 жылдығына арналған тойға қатысып, өнер көрсетті. Шешендік өнердің Бүкілодақтық ІІ-ші байқауының дипломанты. Оның артында 50-ге жуық ән қалды. Оның ішінде «Көңіл сыры», «Гүлім», «Жанымда бір жүрші», «Туған жер», «Ата жұртты сағындым», «Жаңақорған Жаңарығым», «Сен мені қадірлесең», «Досыма», «Қарғашым», т.б. әндері кең тараған.
Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Әбдірейім Өміров жайлы да айта кеткен жөн. Ол Республикалық эстрада-цирк студиясын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітіреді. Ұзақ жылдар Жаңақорған аудандық мəдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, әдіскер, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Əлшекей атындағы өнер мектебінің директоры қызметтерін атқарды.
Əбдірейім Өміров Бүкілодақтық, Республикалық байқаулардың лауреаты. Ол көптеген əндердің авторы, атап айтқанда: «Ғашық едім, қайтейін», «Сыр», «Соғыстың соңғы көктемі», «Махаббат жыры», «Сен барда», «Əке туралы ой», «Сағыныш», «Сүйемін сені», «Махаббат жауған түн», «Мəңгілік ел» т.б. көптеген əндері бар.
Сазгерлер жайлы сөз еткенде Жақсыгүл Бегманованың орны бір төбе екені анық. М.Маметова атындағы педагагикалық училищені, Н.Гоголь атындағы педагагикалық институтты бітіреді. Өнерге деген ынтызарлығынан болар, ол жастайынан түрлі үйірмелерге қатысады. Өзі де үйренді, үйренгенін өзгелерге де үйретті. Бұл тұрғыда оның өнерден қол үзбеуіне жұбайы Сергей Әбдрайымұлының да өнерге жақындығы себеп болды. Кешегі күндері Жақсыгүл апай, ері Сергей, қызы Ләззат, ұлы Берікболмен бірге ел алдына шығып, өнер көрсеткені ел есінде. Әсіресе А.Жұбановтың «Би күйіне» шығарған «Балбырауын» биі бұл әулетті көрерменнің ерекше ықыласына бөледі.
Жақсыгүл Бегманованың ауданда би өнерінің қалыптасу тарихына сіңірген еңбегі зор. Осы еңбегі шынайы бағаланып, Әлшекей атындағы өнер мектебінен «Жақсыгүл би сыныбы» ашылды. Сан қырлы өнер иесінің «Аққу-арман», «Аққу-сезім», «Ана махаббаты» атты жыр жинақтары жарық көрді. 80-ге жуық әндері бар. Оның ішінде, Фариза Оңғарсынованың «Сунақтың сұлу қыздары», «Көз алмай неге қарадың?», Күләш Ахметованың сөзіне жазылған «Ұлы Отаным» өлеңіне жазған әндері, талантты сазгердің сонымен қатар «Берік бол», «Толғау» атты күйлері де бар.
Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері Ескендір Хасанғалиев, Мыңжасар Маңғытаев, Әсет Бейсеуовтер сазгердің әндерін кезінде жоғары бағалады.

ТҮЙІН. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын негізге алып жаңақорғандық композиторларды санамалап шықтық. Әрине, әрбір сазгерге кеңірек сөз саралап, көркемдік түсын байыта түсуге болар еді. Бірақ, бұл көлемді монаграфияның арқауы. Біз тек жас оқырмандарға сазгерлер жайлы таныстыруды құп көрдік. Әрине, ұмыт болған сазгерлер де болуы мүмкін. Егер ондай жағдай болса оны қайта басуға дайын екенімізді айта кеткім келеді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
11 қыркүйек 2018 ж. 1 958 0