ЖҮРЕККЕ ЖЕТКЕН ӘН – МӘҢГІЛІК

Жазиралы Жаңақорған топырағында өмірге келіп, талайды талантымен таңқалдырып жүрген өнер иесі Сауранбек Елеуовтің есімі исі қазаққа таныс. Қазақтың ән мен саз өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар тұлға, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Сауранбек Елеуовтің 70 жасқа толуына орай Манап ауылдық клубында «Сауранның саз әлемі» атты оқушылар арасында аудандық байқау өтті.
Өнер жолындағы жарты ғасырдан астам уақыт бедерінде ол жүздеген ән мен бірнеше музыкалық шығарма жазып, тыңдарман жүрегіне жол салды. Оның әр туындысы – туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың әуенге айналған көрінісі.
Сауранбек ағамыз әнсүйер қауымға «Апатайым анашым», «Жаңақорған», «Бесік жыры», «Айналайын», «Ойыншықтар» сынды әндерімен жақсы таныс. Алдыңғы буын ағалар дәстүрін жалғастырып, халықты ән құшағына бөлеп жүрген Сауранбек Елеуовтің қай шығармасы болсын тамаша күймен тыныстатып, сезім сиқырына баурап әкетеді. Міне, осындай сыршыл әндерімен елге танылған сазгер, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, Түркияның Афион қаласының құрметті азаматы, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің доценті Сауранбек Елеуовтің жетпіс жасқа толу құрметіне өткізілген жас әншілер байқауында 8 үміткер бақ сынады.
Шығармашылық кештің шымылдығын түрген ауыл әкімі Ербол Әлменов сазгерге құттықтау сөзін арнады.
– Туған жерге, елге деген сүйіспеншілік кісінің кіндік қаны тамған атақонысқа құрметінен басталады. «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді ұстаным еткен жерлесіміз, сазгер Сауранбек Еркінбекұлы ағамыздың елге деген құрметі, ағайынға деген ыстық ықыласы бір төбе. Ағамыздың мерейтойы Манап ауылында өрбуінің өзіндік тарихы бар. Халық ақыны Манаптай тұлғаның ақ батасын алған дарын иесі киелі сахнаның майталманы болып жүрегінен орын алды. Өнерге қанат қақтырып, тұсауын кескен аңыз ұстазының туған топырағына тәу етіп, арнайы ат басын бұрған ардақты азаматымызға басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз, – деген ауыл әкімі інілік ізетпен сазгердің иығына шапан жапты.
Бұл күнде композитордың жазған әндерінің ауқымы кең. Оның туған жерге арналған лирикалық сарындағы әндерін көпшілік ықыласпен тыңдайды. Міне, осындай талант иесінің ауылға келіп, жас дарындарға қолдау білдіріп, ақ батасын беруі – нағыз патриоттық пейілдің көрінісі. Бүгінде Елеуовтер отбасылық ансамблі шетел сахналарында да қазақ өнерін насихаттап келеді. Сазгердің ұлы Асыларман мен Еркебұланның әке шығармашылығын насихаттап жүрген жайы бар. Ақын ауылында өткен байқауда әкесінің мол мұрасынан «Жаңақорған», «Ғашығым» әнін шырқаған Асыларман Елеуовке көпшілік қошеметпен қол соқты.
Байқауға келген жас талапкерлер сазгердің әндерін нақышын бұзбай әуелетіп, тыңдарманның қошеметіне бөленді. Байқауға қазылық еткен әнші- композитор Сауранбек Елеуов пен «Мәдениет майталманы» және «Халық қалаулысы» төсбелгілерінің иегері Рашит Нәлтаев сараптады.
Байқау қортындысында Қандөз ауылынан келген 8 жасар Балауса Сабыржанқызы «Апатайым анашым» әнін орындап, әнге жаңа тыныс сыйлап, бас жүлдені иемденді. Қожакент ауылынан келген Сұлтан Келдібек сазгердің «Сендер аман болыңдаршы, адамдар» әнін орындап, нарық қоғамындағы адамдардың тіршілігін көз алдымызға алып келіп, жүректі тербеткені үшін бірінші орын иеленді. Көктөбе ауылы Санжар Досанның орындаған әндері отан тақырыбына арналып, ұлттық рухымызды оята білгені үшін екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орынды Манап ауылынан қатысқан Кәусар Үрмәт пен Алмалық ауылынан келген Нұрлыбай Дияна иемденді. Алмалық ауылынан Нұрайым Әбілхан, Қосүйеңкілік Алтынай Амандос, Манап ауылынан қатысқан үміткер Аружан Әжімұратқа «Алғыс хат» табысталды.
Мақпал МАРҚАБАЙ




