№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Байқау сазгер шығармашылығына арналды

Байқау сазгер шығармашылығына арналды

Жақында Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде, Сыр елінің тума таланты, әнші-сазгер «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», Түркияның Афион қаласының және Жаңақорған ауданынының «Құрметті азаматы», «Өнер тану» доценті Сауранбек Елеуовтың шығармашылығына арналған «Жұлдызым» атты ІІ облыстық байқауы өтті.Байқауда өңір өнерін өрге сүйреп жүрген талантты әншілер бағын сынады.


Байқауды аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов ашып, жылы лебізін білдірді.

– Осыдан 45 жыл бұрын Әл Фараби атындағы мәдениет институтын бітіріп келген өнер әлеміне аты бейтаныс жас Сауранбек Елеуов бұл күні есімі елге танымал әнші-сазгер. Сауранбектің тырнақалды туындысы «Апатайым анашым» әнінің тұсауы Жаңақорған топырағында кесілді. Қазіргі таңда оның жүрегінен 80- нен астам ән туып, шартарапта айтылып жүр. Оның әндерін көптеген елімізге танымал әншілер өз репертуарына қосты. Ол бірнеше байқаулардың, Ресейде өткен Владимир Высоцкийді еске алуға арналған бард әншілер фестивалінің лауреаты.

Аудан әкімдігі өткен жылдан бастап Сауранбек Елеуовтың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында облыстық әншілер байқауын өткізіп келеді. Биылғы байқауға облысымыздың барлық ауданынан 17 мен 35 жас аралығындағы әншілер қатысып отыр. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Байқау шарты бойынша қатысушылар бірінші кезекте Сауранбек Елеуовтың бір әнін, екінші кезекте еркін өз қалауы бойынша жанды дауыста шырқады. Сауранбек Елеуовтің «Айналайын» әнімен Шиелі ауданы Байсын ауылының жас өнерпазы Аида Тасмағанбетова сахна төріне шықты. Келесі кезекте қармақшылық Наргиз Ерланқызы «Айдында жүзген аққулар», қазалылық Айтолқын Іскендірова «Түркістан», шиелілік Ақжарқын Нұрланқызы «Жұлдызым», сырдариялық Абылайхан Байділдаев «Айдында жүзген аққулар», шиелілік әнші Қаршыға Базархан «Жұлдызым», Манап ауылынан келген Ислам Нағызхан «Жұлдызым», аралдық Айбек Саламатов «Ғашығым» әндерін сарапшылардың назарына ұсынды.

Өнерпаздар да байқауға көптің бірі болып емес, таңдаулының бірімін деп келгендігін байқатып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Байқауға қатысушылар арасында бірі әнді көрермен жүрегіне жеткізе айтса, енді бірі кемшін түсіп жатты. Әрине бәйгеге шапқан жүйріктің қайсысы болмасын жүлдеден үміткер.

Байқаудың соңғы бөлімінде сахна төріне көтерілген әнші-сазгер Сауранбек Елеуов ағайынға ықыласын арнады. Ол осы байқаудың екінші рет Жаңақорған топырағында өтуіне қолдауын білдірген аудан әкімі Мұрат Тілеумбетовке, аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопыбековке, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әбілхайыр Сыздықовқа шынайы алғысын жеткізді. Сауранбек Еркінбекұлы сөз соңында осы байқаудың жоғарғы деңгейде өтуіне демеушілік жасаған ел ағалары Мадияр Ахметовке, Ерғабит Ильясовқа, кенттік мәдениет үйінің директоры Күланда Әбілтановаға, алматылық меценат Марат Көпешовқа шынайы ризашылығын білдіре келіп, оларға сый-сияпат жасады.

Байқаудың соңында әділқазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгер Рамазан Тайманов байқау қорытындысында өнер сайысына түскен әншілердің әрқайсысының орындаушылық деңгейін атап көрсетті:

– Кез келген орындаушы әнді жете түсініп, образға кіріп орындауы шарт. Кейбір әншілер еркін тақырыпта ән айтуда талғамының нашарлығын көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда байқаудың бірінші шарты бойынша ән орындауда көп көңілінен шыққан әншінің екінші айналымда төмен өнер көрсеткенінің куәсі болдық. Мысалы, «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін орындаған әнші сазды лирикалық әдемі әнді зор дауысқа салып, құнын түсіріп жіберді. Сондықтан әр әнші ән таңдауда өзінің табиғатына сай, даусына келетін әнді орындағаны дұрыс. Негізінен байқауда әншілерге орын тағайындауда барынша әділ болуға тырыстық. Менің бұл ойымды көңілі адал көрермендер де дұрыс бағалайды деп білемін, – деп сөзін қорытты.

Әншілерге орын тағайындау мен марапаттауға байланысты әділқазылар алқасының мүшесі Әбсұлтан Өтепбергенов Бексұлтан Байкенжеев атындағы сыйлықты Аида Тасмағанбетоваға, Нағызхан Жаманбаев атындағы сыйлықты Айтолқын Іскендіроваға, Нұрберген Тастаев атындағы сыйлықты Айбек Саламатовқа, Жақсыгүл Бегманова атындағы сыйлықты Ақжарқын Нұрланқызына табыстады.

Қазылар алқасының мүшесі, Әлшекей атындағы өнер мектебінің жоғарғы санаттағы мұғалімі Айгүл Өтегенова жүлделі үшінші орынмен Мейіржан Нағашыбайды, Абылайхан Байділдаевты, екінші орынмен Наргиз Ерланқызын марапаттаса, Рамазан Тайманов бірінші орын иемденген Исламхан Нағызханды марапаттады. Бас жүлдені әніш-сазгер Сауранбек Елеуов Қаршыға Базарханға табыстады. Осы марапат барысында байқауға қатысушылар алған орындарына қарай түгелдей демеушілер тағайындаған ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК, ҚР-ның мәдениет қайраткері
04 желтоқсан 2023 ж. 589 0