Соңғы жаңалықтар

№92 (8906) 2

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 (8905) 29

29 қараша 2025 ж.

№90 (8904) 25

25 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » » Шығармашылық пен қызмет – егіз ұғым

Шығармашылық пен қызмет – егіз ұғым


«Жұлдызың болып тұрар ем». Табиғат ерек жаратқан талантты ұлдың арманы бұл. Жұмбақтау мұңлы жырларымен оқырман назарын өзіне тартып тұратын жас талант Айжарқынды әңгімеге тарттық. Ол – аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінің «Жастармен жұмыс» бөлімшесінің меңгерушісі. Шығармашылық пен қызметті қатар тоғыстырып, өз соқпағын қалыптастырып үлгерген Айжарқын Найманбаймен сұхбатымыз төмендегідей өрбіді.


– Айжарқын, әуелі өзіңіз қызмет ететін бөлімшенің нақты жұмысына тоқталсаңыз... «Жастармен жұмыс» бө­лімшесінің негізгі қызметі қандай?
– Біздің бөлімшенің басты мақсаты – жастарды мәдени шараларға тарту, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Түрлі үйірмелер, әдеби-мәдени кештер, өнер байқаулары арқылы жастардың талантын шыңдаймыз. Қысқасы, біз жастардың рухани ортасы болуға тырысамыз.
– Өңір мәдениетін ілгерлетуде қандай бағыттарға көбірек мән бересіздер?
– Қазіргі жастардың талап-талғамы жан-жақты, заманы да басқа. Сондықтан біз тек дәстүрлі бағдарламамен шектелмейміз. Театрландырылған қойылымдар, әдеби кездесулер, шығармашылық мастер-класстар өткіземіз. Жастардың пікірін тыңдап, олардың ұсынысына қарай жаңа форматтағы жобаларды енгіземіз. Мәселен, жаз айларында барлық ауылдық клуб үйлерімен бірігіп, «Ауыл кеші көңілді» атты шара ұйымдастырдық. Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат, еді мекендерде танылмай жүрген таланттарды жарыққа шығару. Ауданда ауылдық клубтар арасында Түгіскен, Кейден, Бесарық ауылдық клуб үйлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Жалпы, барлық ауылдың мәдениет қызметкерлерінің жастар бағытындағы жұмыстары көңіл қуантады.
– Түрлі мерекелік шараларға сценарий жазамын дедіңіз. Жалпы идеяны қайдан аласыз? Көрерменнің талғамына сай дүние табу оңай емес қой...
– Шабыт көбіне өмірдің өзінен келеді. Кездескен адамдар, оқыған кітаптар, қоғамдағы өзгерістер сахналық қойылымның арқауына айнала алады. Кейде әріптестерімнің де әрқилы идеясы жаңа ой тудырады. Жаңа қойылымның немесе қысқаметражды фильмнің негізін табамын. Жалпы, шығармашылық пен қызмет – егіз ұғым.
– Өнерге келу жолыңыз туралы не айтасыз?
– Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдағаннан кейін «Қазақ фильм» киностудиясына жұмысқа орналастым. Сонымен қатар Аbai.kz ақпараттық порталында штаттан тыс тілші болдым. Журналистика бағытындағы қызметім маған үлкен тәжірибе сыйлады. Сайтта жұмыс жасай жүріп, кино саласы бойынша «Қазақ киносындағы ұлттық құндылықтар» деген бағытты ұстандым. Осы төңіректе журналистік зерттеулер жасаған болатынмын. Жалпы, журналист болу – халықпен етене араласу, қоғамның тамырын сезіну. Қазір сценарий жазғанда осы жинаған тәжірибеме сүйенемін.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– Алдағы уақытта да жастарды өнерге тартуды жалғастыра отырып, жергілікті ақындар мен сазгерлердің шығармашылығын насихаттап, поэзия оқытып, қысқа метражды бейнероликтерді түсіруді жоспарлап отырмыз.
– Сізді көпшілік ақын ретінде де таниды. Ақындық әлеміңіз жайлы айта кетсеңіз...
– Ақындық – мен үшін жүректің сыры. Өлең арқылы өз ойымды, сезімімді жеткіземін. Кейде поэзия рухани демалысым сияқты. Шығармашылығымда туған жер, махаббат, жастар тақырыбы көбірек көрініс табады. Көбіне шабыт келгенде ойымды екі шумаққа сыйғызуға тырысамын.
– Қонақкәде ретінде «туған жерге» арнауыңызды тыңдағымыз келеді...
– Уа, туған жер!
Кермиығым, киелім!
Сырымды айтып тауыңа,
Мұң ақтарып шыңыңа,
Саған арқа сүйедім,
Сенікі ғой сүйегім…
Уа, ауылым!
Алтын ұя, ардақтым!
Тасыңнан аққан бұлақ ем.
Жағалай өскен құрақ ем.
Сенімен ғана өлшенер,
Сұлу болса да бұл әлем.
Жебей жүрсең, дем беріп.
Жұлдызың болып тұрар ем…
– Әңгімеңізге рақмет!

Айсұлу Алданазар

27 қазан 2025 ж. 544 0