Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең

Аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» атты салтанатты кеш жоғары деңгейде өтіп, рухани байлық пен өнерге деген құрметтің шынайы көрінісін паш етті.
Мерекелік кешке жиналған қауым мәдениет саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген өнер иелеріне ерекше ілтипат танытып, ыстық ықыласын білдірді. Мерекелік шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов құттықтау сөз алып, мәдениет қызметкерлерінің ел руханиятын дамытудағы орны бөлек екендігін ерекше атап өтті.
– Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет пен өнер – адамзат әлемінің айнасы, ақыл-ой мен мәңгілік парасаттың киелі ордасы. Кез келген мемлекеттің, қоғамның қалыптасуы мен даму көрсеткішіне мәдениеттің қосар үлесі зор. Өркениет өлшемі, халық қазынасы саналатын осы саланың мамандары мен ардагерлерінің шығармашылық еңбектері елге қашанда қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала», – деп атап өтуі соның айғағы.
Бүгінде мәдениет саласын дамыту бағытында ауданымызда бірқатар игілікті жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен «Руханият» орталығы мен Өнер мектебі салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сүттіқұдық, Қожамберді, Бірлік, Қандөз, Көктөбе ауылдық клубтарына 3 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудандық мәдениет үйі 6 миллионнан астам қаржыға екі жылжымалы сахнамен қамтамасыз етілді. Онымен қоса, 22,5 млн теңгеге аудандық мәдениет үйі, «Арман» кенттік мәдениет үйі, Қандөз және Түгіскен ауылдық клубтарына заманауи LED экрандар орнатылды.
Сонымен қатар, өткен жылы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 62 млн 672 мың теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Биыл бұл бағытта 23 миллионға жуық қаражат бөлінді. Бұл – мәдениетке деген мемлекеттік қолдаудың айқын көрінісі. Ал осы игіліктердің шынайы нәтижеге айналуы сіздердің күнделікті еселі еңбектеріңіздің арқасы.
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен тағыда құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға сәттілік, шығармашылық жаңа ізденістер тілеймін, – деді Бектас Балғабайұлы.
Одан әрі үздік мамандарға арнайы «Алғыс хаттар» мен марапаттар табыс етілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Тұрсынбек Әбенұлы марапатталды. Ал, облыс әкімінің «Алғыс хатын» Кенжегүл Төребайқызы, Фархад Әділбекұлы, Ғалия Өмірзаққызы иеленді. Сонымен қоса, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының «Алғыс хатына» Рашид Әбілхайырұлы, Шәкәрім Ибадуллаұлы, Мұхтар Нұржанұлы, Асылбек Ержанұлы, Гүлбану Төребекқызы ие болды. Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісі Серік Жаңабеков, Оразғали Бидашевқа табыс етілді.
Сондай-ақ, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» грамотасымен Лесбай Кемелұлы, Асылхан Ералыұлы, Бектұрсын Әбілпаттаұлы, Гүлбану Төребекқызы, Қызжібек Талбекқызы марапатталды. Қызылорда облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Алғыс хатымен» Ақмарал Сайфуллақызы, Ерман Биғазыұлы, Алмагүл Зейнуллақызы, Жанат Нұрғазықызы, Қаріпжан Өмірзақұлы құрметке бөленді. Аудан әкімінің «Алғыс хатына» Мадияр Мұхтарұлы, Сұлтан Бейсенбайұлы, Кенжегүл Жалмағанбетқызы, Ақерке Алмазқызы, Бақыт Сәрсенбаев, Көкен Бегалыұлы, Жұлдыз Ерқарақызы, Нұргүл Аманкелдіқызы, Арайлым Назыханқызы мен Аида Абдрахманқызы лайық деп танылды.
Салатанатты кеште аудан өнерпаздары сахна төріне көтеріліп, әуелете ән шырқап, мың бұрала билеп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ұлттық дәстүр мен заманауи өнер тоғысқан көріністер, сахналық қойылымдар мен музыкалық нөмірлер – бәрі де мәдениеттің мазмұнын арттыра түсті. Әсіресе, жас өнерпаздардың өнері көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, кеш шырайын кіргізе түсті.
Бұл кеш – мәдениет саласында еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің айқын белгісі ғана емес, ауданның мәдени әлеуетінің жоғары екендігін аңғартқан маңызды шара болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл дәстүрлі мереке алдағы уақытта да кең көлемде тойланып, өнер адамдарының еңбегі ескерусіз қалмайды.
Иә, мәдениет – халықтың рухани келбеті, ұлттың ұлы құндылығы. Осындай мерекелік шаралар арқылы біз бай мұрамызды ұлықтап, өнер иелерінің еңбегін бағалап, келер ұрпаққа өнеге болар із қалдырамыз. Өнер мен руханиятты ардақтаған елдің ертеңі де еңселі болмақ.
Айсұлу АЛДАНАЗАР