НҰР СЕБЕЛЕ, ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ!

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесі Жаңақорған ауданының орталығындағы "PRIME PARK" саябағында бар сән - салтанатымен аталып өтілді. Бұл күні тұрғындар әдеттегіден көп жиналды. Барлығының жүзінен шаттық, қуаныш, мерекелік көңіл-күй сезіледі. Бір - біріне "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!" деген ақжарма тілектерін ақтарып жатты. Ұлттық киім киген тұрғындар мерекенің ажарын одан сайын айшықтай түсті.Мерекелік шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев бастаған облыстың зиялы қауым өкілдері Наурыз мерекесіне тігілген қазақы киіз үйлер мен әрбір ұжымның дайындықтарына көңіл аударды.Қазақстанның әр өңірінде осы мерекені тойлап жатқан халқымыз бар. Бұл бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, жақсылық пен келісімнің жаңа күннің символы. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ - жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, арыз жандар татуласып, қайта табысқан. Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған біздің аймағымыз үшін де наурыздың алар орны айрықша. Ел Тәуелсіздігімен бірге қайта түлеп, ұлттық мерекеге айналған әз наурызға Жаңақорғандықтар да шабытты көңіл - күймен, жарқын табыстармен қол жеткізіп отыр, - деп атап өтті облыс әкімі. Облыс әкімі, сондай ақ, өткен жылы өңірімізде жасалған істер мен биылғы жылы алға қойылып отырған мақсаттарға тоқталды. Сөзінің соңында Нұрлыбек Машбекұлы Жаңақорғандықтар мен қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Мұнан соң мерекелік шаралар легі толассыз жалғасып жатты.Сондай ақ, "Ауыл Аманаты" көрмесі ұйымдастырылып, аудан тұрғындары үшін кең көлемде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.