ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!

«Prime Park» орталық саябағында 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мәдени-көпшілік шара ерекше дайындықпен, керемет көңіл-күйде аталып өтілді. Мерекелік шараға жиналған көпшілік қауымды құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, аудан әкімі Мәжит Самит Наурыз мейрамының маңыздылығына ерекше тоқталып, наурыздың алғашқы жылашар тілегін білдірді.
Аудан өнерпаздары дайындаған театрландырылған қойылымдармен басталған мерекелік шара аясында қазақи әдет-ғұрыптар дәріптелді. Ауданымыздың өнер майталмандары, би ұжымдары ән-жырдан, биден шашу шашты.
«PRIME PARK» орталық саябағында киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер көрсетіліп, этнокөрме, қолөнер шеберлерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Жиналған халықтың қарасы да көп болды. Тұрғындар арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылып, өндіріс орындары мен халыққа қызмет көрсететін мекемелер тарапынан мерекелік дастархан жайылып, халыққа наурыз көже мен ұлттық тағамдар ұсынылды.
Шара барысында халқымыздың ежелден келе жатқан «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерден әдемі көрініс қойылды. Ауыл жастарының қатысуымен күрес, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру, тоғызқұмалақ және басқада спорт түрлерінен сайыстар өткізілді.
