Әлшекейде өткен ән байқауы

Жаңақорған ауданындағы Әлшекей өнер мектебінде республика көлемінде ұйымдастырылған челендж аясында Әншуақ балалар фестивалі өтті. Жас өнерпаздарға қолдау көрсету мен олардың шығармашылығын шыңдау мақсатында өткен бұл фестиваль өз кезегінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Аталған фестивальдің басты ұйымдастырушысы, Құралай Әлиева балалардың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру және қазақ мәдениетін насихаттау жолында ерекше еңбегімен көзге түсті. Құралай ханымның айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – дарынды балаларды бір сахнада тоғыстырып, олардың өнерін көпшілікке паш ету.
Байқау барысында жас таланттар әр түрлі жанырдағы әуезді әндерін ортаға салып, ұлттық өнердің көркемдігі мен тереңдігін көрермендерге жеткізуге тырысты. Әсіресе, қазақ халық әндері мен заман талабына сай әндердің қатар шырқалған сәті тыңдармандарды ерекше әсерге бөледі.
Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне ұйымдастырушылар мен қатысушылар ғана емес, көрермендер де өз үлестерін қосты. Қолдау мен қошеметке толы залдағы ерекше атмосфера жас өнерпаздарға қанат бітіргендей болды. Кешке келген қонақтар өнерпаздарға жоғары бағасын беріп, жылы лебіздерін білдірді.
Шара соңында өнер мектебінің директоры Қалдыбай Қошқаров кешке атсалысқан барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
– Әншуақ – өнер сахнасына алғаш қадам басушы жастарға жаңа мүмкіндік беретін маңызды алаң. Фестивальдің мектеп қабырғасында өтуі біз үшін үлкен жауапкершілік, әрі мақтаныш. Мұндай шаралар арқылы біз жас буынға өнердің қаншалықты маңызды екенін көрсетеміз, – деді Қалдыбай Қошқаров. Ол өнер мектебінің бұл шараға дайындығы жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Балалардың сахналық шеберлігін шыңдап, шығармашылыққа баулуда мектептің ұстаздары үлкен еңбек сіңірген.
– Біздің мектеп әрдайым жас таланттарды қолдауға дайын. Мұнда балалар тек ән айтып қана қоймай, сахна мәдениетін, шығармашылық еркіндікті, өнерге деген махаббатты үйренеді, – деп қосты директор.
Фестиваль соңында қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
– Біз балаларға тек шығармашылық мүмкіндік беріп қана қоймай, болашақта үлкен сахналарда өнер көрсетуіне жол ашамыз. Әншуақ – жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндік. Бұл фестиваль арқылы біз ұлттық өнерімізді дәріптеуді, балаларға сахна мәдениетін, өнердің қыр-сырын үйретуді мақсат еттік. Ал Жаңақорған өнер мектебі – нағыз таланттарды шыңдайтын орта, – деді Құралай Әлиева.
«Әншуақ» фестивалі жас өнерпаздардың талантын танытып қана қоймай, оларды бір-бірімен таныстырып, достық пен шығармашылық ынтымақтастықты нығайтты. Ұлттық өнеріміздің болашағы осындай дарынды балалардың қолында екені сөзсіз.
Жалпы, өңірдегі өнер ордасы осы күнге дейін кәсіби мамандары мен өнерпаз жас таланттарының арқасында өнер сүйер қауымды таң қалдырып келеді. Олай дейтініміз, бұл руханият орталығынан күміс-көмей әнші де, мың бұралған биші мен сырлы бояуға жан бітірген суретші де шықты. Тіпті нағыз таланттардың туындылары шет елдік өнер сахналарында көрермен мен тыңдарман назарына ұсынылып келеді. Бүгінгі шарадағы жас буынның талабынан бұл ортадан әлі талай үздіктер топ жарып шығары анық байқалады.
Жәмила ЕРМАХАН