№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАЛҒЫН ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫ

БАЛҒЫН ӘНШІЛЕР БАЙҚАУЫ


Туған жер туралы патриоттық әуендерді жас ұрпақ бойына сіңіріп, оларды ұлттық рухта тәрбиелеу Елбасының рухани жаңғыру мақаласындағы басымдықтың бірі. Осындай мақсатта жас өнерпаздардың шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың өнер жолында өсіп-өнуіне бағдар беру, талабын шыңдау бағытында өтетін облыстық «Ақ көгершін» ән байқауы талантты жастардың басын қосты.
Екі жылда бір рет өтетін ән додасының әуезді әуендері Кейден ауылдық округінің аспанында қалықтады. Астананың 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 және Жаңақорған ауданының 90 жылдық мерейтойына орайластырылған жас әншілер байқауының шымылдығын ауылдық клуб үйінің өнерлі балалары түрді. Кешке келген аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Айтбембет пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев балдырған әншілерге ақ жол тілеп, өнер айдынында самғай берулеріне тілектестік білдірді.
Ал, байқауға әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының музыкалық бөлімінің жетекшісі Бағдагүл Есмұрзаева, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Құралай Мұсахметова, «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің вокал пәнінің ұстазы Шарбану Жиенбаева болды.
Сонымен, ән додасы басталды. Алғашқы болып Аралдан келген Санжар Уәлиев «Қазақ таңы» әнімен сынға түсті. Одан кейін, Жалағаш, Сырдария, облыс орталығынан келген оқушылар рет-ретімен өнерлерін ортаға салды. Жаңақорғандық өрендер шыққан кезде көрермендер қошеметтеп, ерекше дем берді. Әншілер де жерлестерінің қошеметіне сай лайықты өнер көрсетті. 11-13 жас аралығындағы үміткерлер арасынан оза шапқан Әзизбек Тасболатов бас жүлдені жеңіп алды. «Жаңақорған» әнін керемет орындап шыққан талантты ұл келешегінен үлкен үміт күттіреді. Бірінші орынді Ұлжанай Кеулімжай (Қазалы) жеңіп алса, екінші орын Гүлдана Жетекеева (Арал), Әділжан Дәуренұлы (Шиелі) мен қожакенттік Ақбота мен Ұлбала дуэтіне үшінші орын бұйырды. Сондай-ақ, 7-10 жас аралығындағы әншілер арасынан қызылордалық Саят Сарманбек бас жүлдені жеңп алды. Жаңақорғандық Дінмұхаммед Жамур екінші, Жанель Дарханқызы үшінші орынға жайғасты. Мақсат Маратұлы да үздік үштікті түйіндеді.
– Басында қобалжу болды әрине, дегенмен өз-өзіме сендім. Бас жүлдені иеленгеніме қатты қуанып тұрмын. Бұйыртса бұдан да биіктерден көрінемін. Маған жанкүйерлік танытып қолдау көрсеткен көрермендерге, ұстазыма алғыс айтамын, – деді байқау жеңімпазы Әзизбек.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, аудандық мәдениет үйі, ауыл әкімдігінің ұйытқы болуымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған ән аламаны өз мәресіне жетті. Жүлдегерлер мен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болып, мәз-мейрам болып тарқасты.
– «Ақ көгершін» байқауы – өнер жолының алғашқы баспалдағы. Жарысқа үкілеген үмітпен қатысатын дарынды өнерпаздардың ішінен жаңа есімдер анықталады. Балалар үшін бұл – тартысты ән бәйгесі ғана емес, достық, шығармашылық мерекесі. Сондықтан, біз де Аралдан ат артып келіп отырған жайымыз бар. Шара өте жоғары деңгейде өтті, – деді Гүлбану Матығұлова.

Әли ТЕМІРБЕК.
11 маусым 2018 ж. 1 501 0