» » » Өткен жылдың жемісі

Өткен жылдың жемісі


Жаңақорған өңірі – мәдениетпен мерейленіп, өнермен өрістеген киелі өлке. Қасиетті топырағы талай мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздарының алтын бесігіне айналды. Міне, осындай өнері өрістеген өлкенің өткен жылғы жұмыстарын қорытындылауға арналған «Өнер – мәңгілік мұра» атты шығармашылық кештің куәсі болдық. Есепті шараны тамашалауға келген халықтың қарасы да көп. Күмбірлеген күй, әуезді әнмен рухани сусындап қайттық.


Аудандық мәдениет үйінің кіреберіс фой­есіне көркемөнерпаздар үйірмелерінің туын­дылары және А.Сопыбеков атындағы аудан­дық кітапхана ұжымы дай­ындаған тақы­рыптық көрме таныстырылды. Сахнада суретші эскизі бойынша безендірілу ерекше стильде жасалған. Сахна шымылдығы түріл­ген сәтте «Айсыновтар» халықтық отбасы­лық ансамблінің орындауында бірнеше күй домбы­ра шанағынан төгілді. Жергілікті компози­тор Бәден Айсыновтың күйі «Егемен Қазақ­стан», Сүгірдің күйі «Ыңғай төк» орындалғанда көрермендер бір деммен тыңдады
Мәдени шарада сөз алған аудан әкімі Мұ­рат Тілеуімбетов мәдениет қызметкерлері­нің жұмысына, өнер көкжиегінің кеңеюіндегі табанды еңбектеріне алғысын жеткізді.
– Мәдениет пен өнер – елдің рухани байлығы, сарқылмас қазынасы. Біздің өнерлі өрендеріміз аудан абыройын асқақтатып, мерейімізді тасытып, биік додаларда топ жарып келеді. Үздік мамандар елдің руханиятына сүбелі үлесін қосып, іргелі ел болуға жалынды жылдарын арнауы – адамгершілік қасиет дер едім, – деді аудан басшысы.
Өңір мәдениеті мен өнерін өрістету жолында аянбай тер төгіп жүрген сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі айрықша көңіл күй сыйлады. «Үздік клуб кәсіпорны» номинациясымен «Қожакент ауылдық клубы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны, «Үздік ауылдық кітапхана» номинациясымен Бір­лік ауылдық кітапханасы марапатталды. Сунақата ауылдық клубының сүйемелдеушісі Мұхит Әбенов, М.Көкенов атындағы аудан­дық мәдениет үйінің әдіскері Айсәуле Қияс, М.Нәлібаев ауылдық клубының сүйемелдеушісі Бекарыс Шүкір, Қандөз ауылдық клубының сүйемелдеушісі Сұлтан Нұрбаев, аудандық орталық кітапхананың кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің редакторы Нысанкүл Шалапова, аудандық орталық кітапхана­ның шаруашылық меңгерушісі Ахметжан Маханов, Кейден ауылдық кітапханасының кітапханашысы Шәмшат Әлжанова, Қожа­кент ауылдық кітапханасының кітапханашы­сы Алмагүл Рүстемова, аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Жаханова Әсия М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің әдіскері Гүлсінай Қарақбай аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жергілікті ақын Ерсұлтан Мұстафаевтың сөзіне жазылған Мейрамбек Мырзахметов­тің «Жаңарған Жаңақорған» әні шырқалғанда көңілімізде туған жерге деген ыстық сезімнің оты лаулады.
«Батырлар биімен» мың бұрала шыққан «Аққу» би тобының өнерпаздарына елдің қо­шеметі ерекше болды. Бір топ әнші­лердің орындауындағы сазгер Бексұлтан Бай­кен­жеевтің әндерінен попурри шырқалғанда кө­рер­мен құрмет білдірді. Мәдениет майталма­ны Жақсыгүл Бегманова атындағы «Ақ әжелер» ансамблі халық әні «Угәй-ай» әнін ерекше нақышта орындады. Бәкір Тәжібаев «Ақбұлақ» әнін заманауи сарында орындаған әншілер Мұхит Әбенов пен Аманжол Сламовтың ізденімпаздығы байқалды. Халық әні «Дүние-ай» әнін орындаған «Асылбековтер» және «Омаровтар» отбасылық ансамблінің өнеріне ел тәнті болды. Ешнияз салдың әні «Дүрдараз» әнін жаңа бағытта шырқаған жас әншілер тобының өнері нағыз кавер нұсқа болды.
Кешті сазгер Дүйсенхан Сыздықовтың «Жаңақорған» әні қорытындылады. Мәдениет пен өнердің ордасы, өркен жайған сәулетті де дәулетті туған өлкеміз – Жаңақорғанның мәдениеті мен өнері мәңгілік жасай берері сөзсіз. Киелі атамекеннің өнері мен салт-дәстүрі әр азаматқа аманат.

Мақпал МАРҚАБАЙ
03 ақпан 2024 ж. 1 655 0