№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Сахна табыстырған сұлулар

Сахна табыстырған сұлулар


Мәдени-көпшілік  шарада өнерлі үшеу өмірлік ұстанымын көрерменмен бөлісіп, ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөлісті. «Арман» кенттік мәдениет үйінің әдіскері Рыскүл Ұлықпанованың шығармашылық жолда жүргеніне 40 жыл, аталмыш Мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова мен әдіскер Шәкизат Қарабекованың еңбек жолына 35 жыл толуына орай өткізілген мәдени шараны көрермендер ерекше ықыласпен қабылдады.
Шығармашылық кешті елімізге белгілі өнер жұлдызы, «Күлкі керуені» театрының әртісі  Дінмұхаммед Әбжаппаров театрландырылған кө­рініспен ашып, қызықты әрі тар­тым­ды ой қосты. Прологта Қыдыр баба үш көгершінді аспанға ұшырып: «Ей, өнер іздеген Қаратаудың көгер­шіндері! Өз иелеріңді табыңдар», – деуінің астарында үш адамның бойына өнер қонатынын меңзейді. Осындай әсерлі қойылыммен сахна шымылдығы ашылып, кеш иелері Күлән Әбілтанова, Рыскүл Ұлықпанова мен Шәкизат Қарабекова шығып, түрлі жанрда өне­рін көрсетті.
«Гүлдер»  ансамблінің әншісі бол­ған Рыскүл Ұлықпанова жергілікті саз­герлердің әнін ерекше нақышпен орындады. Әр әннің өзі кештің та­қы­рыбымен астасып, мәнін арт­тырып тұрды. Үш өнер иесі «Бір үзім нан» мен «Ғашықсыз ғасыр» спектакльдерінен монолог қойғанда көрермендер демін ішінен алып, көз жасына ерік берді. Бір үзім нанның қадірін біле бермейтін тоқшылық заманның керітартпа көрінісін айтпасақ та ұққандай болдық. Ал, махаббат тақырыбында қоғамда елене бермейтін бала тағдыры мен жалған сезімнің көлеңкелі тұстары айшықтала түсті. Мұңлы, зарлы қойылымнан соң, көпшіліктің көңілін көтеруді де ұмыт қалдырмаған өнер ұжымы «Лақпа жеңгей» интермедиясын орындап, көпшілікті күлкіге көмді. Қайын мен жеңгенің арасындағы қалжыңды Шәкизат Қарабекова мен Балмұхаммед Әбжаппаров тамаша орындап, ішегіміз түйілгенше күлумен болдық.
 Кешке көркемдік әр беріп, халық сағынған сазды әуендерін сыйлай келген ҚР Мәдениет қайраткері Сауран Елеуов, әнші-музыкант Әбсұлтан Байкенжеев пен Қалтай Архабаев ағынан жарылып, шығармашылық ұжымның ауызбіршілігі мен тату­ластығын, жетістіктері мен биіктілігін сөз етті.
– Өнер адамдарының шабытына шабыт қосып, өнерін өрге жүздіру көп­­шіліктің қолында. Киелі өнерді дәріп­теп, қаншама жастарды өнер додасына қосып, мәдениет қызметкері еткен «Арман» кенттік мәдениет үйінің тылсым қасиеті бар секілді. Менің де талабымды өсіріп, үлкен сахнаға тәрбиелеген киелі шаңырақ. Сондықтан болар, қым-қуыт тіршілікті бір сәтке ысырып, әріптес-қарындастарыма лебізімді білдірейін деп арнайы келдім. Күлән Әбілтанова жетекшілік еткен жылдары да талай тарланбоздар топ жарып, өз ізін тапты. Жаңақорғанмен кіндігі байланған өнер жұлдыздарына алғысым шексіз, – деді сазгер Сауран Елеуов құттықтау сөзін жеткізіп.
Рухани сусындаған кеште аудан әкімінің әйелдер  ісі, отбасы және гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Роза Исаева, аудандық әйел­дер ұйымының төрайымы Әзия Қыстау­баева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Шертекова, мәдениет қызмет­керлері Уали Ибрагимов, кітапханашы Сәбира Нұғмановалар алғаусыз тілегін айтты.
Ең бастысы, үш өнер майтал­мандары­ның үлгілі үрдісі – көктем мерекесі көңілді етіп, көптің алғысына бөленді.
– Уақыт бәріне төреші. Шығар­машы­лық жолыма зер салсам, арман қуып, өнер жолына нар тәуекелмен келген екенмін. Біздің жастық жылдарымызда бүгінгідей технология аса дамы­мағанымен, нағыз өнерлілерге кең құшақ ашқан жыл болғандай. «Дала жұлдыздары» өнер ұжымымен дала қостары мен шопандар ауылын аралап ән салып, күн ұзақ еңбек ету де талапты шыңдады, танымал тұлғалардан тәжірибе жинадық. Өнер адамының өмірімен таныс болып, көп кеңес түйдік. Үшеуміз бір-бірімізге демеу беріп, қолдаумен келеміз. Осындай бір сәт дамыл көрмеген тағдырыма ризамын деп, – тебіренді «Арман» кенттік мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова.
Мақпал ПАТЕНОВА
---
18 наурыз 2021 ж. 450 0