» » » ВИА - жастықтың жаңғырығы

ВИА - жастықтың жаңғырығы

Рок музыканың алғашқы тынысын елімізге алып келген эстрадалық әуендер ВИА вокалды эстрадалық ансамбль арқылы халықтың арасына кең тарады. Ал оның бастау бұлағына келсек, әлем музыкасын алпысыншы жылдары жаулай бастаған битломанияның әр елде болмысы бөлек болғанымен жанға жағымды, жүрекке жақын гитара аспабының жүрек қылын тербеткен сыйқырлы үні тұла бойыңды кернегенде керемет күш құйылғандай жан дүниеңді жадыратар ерекшелігі оған жаһандық қуат дарытты.

Мәңгілік жастықтың жарқылындай эстрадалық жанрдың жасты да, кәріні де еріксіз елітер, құлағының құрышын қандырып, бойға қайрат пен жігер құйып, қымбат өмірге құлшындырып, көңілді көлдей тасытып, шалқытып, шабыттандырар рухани құдіреті қазақ даласында алғаш «Дос-Мұқасанмен» түлеп, тамырын кеңге жайды.

Ансамбль алғаш 1972 жылы Минскіде өткен Бұкілолақтық студенттер байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Одан әрі Берлинде өткен Бүкілдүниежүзілік байқауда жеңімпаз атанды. Сол кездегі мықты ансамбльдер – «Песняры», «Самоцветы», «Веселые ребята» сынды өнерлі ұжымнан бірде-бір кем емес деңгейде атағын шығарып үлгерді.

Тақырыбымызды ВИА-ның өз өңірімізге келу тарихынан тарқатайық.
Аудан мәдениет саласының саңлағы Махмұд Әуезов ағамыз Ленинград мәдениет институты жанындағы эстрадалық студияда оқи жүріп, батыс үлгісіндегі вокалды аспаптар ансамблі құрамында тәжірибе жинақтап, елге келген соң Жаңақорғанда жаңғыртуды жоспарлайды. Ең алғаш 1972 жылы Жаңақорған кенті орталығында Тұтқабай Сабырханов ағамыз басқаратын автобаза жанынан эстрадалық ансамбль жасақталады, қажетті аппаратураларды мекеме басшылығы сатып алып береді.

Ансамбль құрамында ағайынды Мұхтар, Асқар Исмайловтар, Юрий Пак, Қалжан Байзақов, Болат Асанов, Бекен Төребаев, Нурдин Қойшыбаев, Серік Мелдебеков, Бексұлтан Байкенжеев, Ермек Құланбаевтар болды. Ансамбль 1981 жылы аудандық мәдениет үйі қарамағына берілді. Сол жылдары «Экспресс» ансамблінің ән қоржынында халық әуендері, қазақ-кеңес композиторларының және жергілікті сазгер¬лердің әндері болды.

1985 жылы мамыр айында ансамбльді басқару кәсіби маман Дүйсенхан Сыздықовқа жүктелді.

«Экспресс» тобының бас гитарисі Серік Жаңабековтен басқасы толығымен жаңартылды. Топқа Уәлихан, Кенжебек Ибрагимовтар, Ғалымжан Исмайлов, клавиштік аспапқа Орынбасар Синаев келді. Топтың музыкалық бағыты, стилі өзгерді. Сол жылдары әлемде атышулы «Хард-Рок» тыңдаушы көрерменнің назарын жаулап алды. Айта кету керек, сол кездердегі Дүйсенханның жаңашылдық еңбектері арқасында ансамбльдің аты республикаға мәлім болды. Ансамбль өнерін дамытуда кейінгі толқын ішінде Дүйсенхан Сыздықов, Әбдірейім Өміров, Қалтай Арқабаевтар құлшына еңбек етті.

Ансамбль 1987 жылы Қарағандыда өткен байқауда жүлделі 1 орынды жеңіп алды. Осы жылы Алматыда өткен телебайқауға қатысты.
1994 жылы «Экспресс» тобы республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, арнайы сыйлыққа ие болды «Көтеріңкі көңіл күй», «Кеш жарық» бағдарламсына қатысты. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ансамбльдің басшысы Серік Жаңабековты әңгімеге тарттық.

– Ансамбль дәстүрлі бағытынан танбай, тынбай еңбектенумен көрерменнің зор ықыласына бөленіп келеді. Өзім ансамбльде бас гитарист, Сайран Ділманов кпавиште, Уәли Ибрагимов дауылпазшы, Талап Тотаев әнші, хит топ-шоу бағдарламасының авторы, Роллан Бақтыбаев әнші, Кенжебек Ибрагимов, Нұржан Ержігітов музыкалық көркемдеуші ретінде ізденісті жұмыс жасап келеміз. Жетістіктеріміз аз емес.

Байқоңырда өткен халықаралық «Рок-миссия» фестивалінде Роллан мен Талап үздік әнші номинациясын иеленді. 2012 жылы Дүйсенхан Сыздықовтың «Бақ құсы», 2014 жылы Алматыда республикалық сарайда өткен Бексұлтан Байкенжеевтің «Сағынып жүрші» деп аталатын шығармашылық кешінде ән салған Қазақстанның бергілі әншілерін вокалды аспапта сүйемелдеп, жоғары баға алды. Астана қаласында өткен «Еңсесі биік Астана» мерекелік концертіне қатыстық. Жанды дауысты насихаттау мақсатында Ақтөбеде өткен байқауда Бас жүлдені жеңіп алдық.

– «Экспресстің ел арасындағы беделін кешегісінен кемітпеу үшін не істеу керек? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Эстрадамыздың даму қарқыны батыстың деңгейінен кем емес. Ол үшін үнемі ізденіп, замана ырғағына бейімделіп отыруға тырысамыз. Эстрада жанрының ритмі өзгеше, әсері де бөлек. Сондықтан сырлы лирикаға толы дәстүрлі әндерді де эстрадалық үлгіде әрлеп, тыңдарман жүрегіне жеткізуге тырысамыз. Алайда әннің негізгі әуенін, бастысы сөзін бұзып айтуға болмайды. Әннің бояуы сақталуы тиіс.

– ВИА-лардың өміршеңдігіне сенуге бола ма?

– Сенуге болады. Эстраданың шын жанашырлары аман тұрғанда ол ескірмейді.

ТҮЙІН: Жетпісінші жылдардан бастап эстраданың желкенін желбіретіп, жалауын тік көтерген өнер өкілдерінің жанкешті еңбегі жанып, алдағы уақытта да шыңдарды бағындыра берсін дегіміз еледі.

Баян ҮСЕЙІНОВА

15 желтоқсан 2022 ж. 300 0