Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жүрегім Жаңақорған

Жүрегім Жаңақорған



Күні жадыраңқы, адамдарының көңілі-жаз мінезді, бір күні бір күнінен жарқын Жаңақорған жайында өткен ғасырда бір өлмес өнер туындысы өмірге келген еді. Ол Бексұлтан Байкенжеевтің «Гүлденген Жаңақорған» әні болатын. Одан бері нешеме жылдар жылжып, қаншама рет су ақты. Бірақ, адамдардың жүрегіне берік орныққан есті ән әлі ескірмеді, қайта әр тыңдаған сайын жан дүниеңді балқытып, рухыңды шалқытып, көңіліңді тасыта түсетіндей ме. Бойыңды мақтаныш кернеп, жігеріңе жігер қосатындай.
Тәуелсіздік таңы атқалы тонын қайта қағып киіп, етек-жеңін жинаған егемен елдің еңсесін одан әрі тіктей түсетін жаңа туындылар жазыла бастады. Солардың қатарында қарт Қаратаудың етегінде қоныс тепкен қабырғалы халықтың қасиет-қадірін айшықтай түсетін Әнұраны іспеттес жаңа ән тудыру – уақыттың талабы. Осы бағытта екі жыл бұрын Жаңақорған ауданы әкімдігінің инициативасымен, облыстық мәдениет басқармасы қолдауымен «Жаңақорған әуендері» атты республикалық сазгерлер конкурсы ұйымдастырылған болатын. Конкурсқа республиканың түкпір-түкпірінен 32 үміткер қатысты. Ереже бойынша лақап атпен жіберілген туындыларын автордың өзі немесе өзге әншінің орындауында дискіге жазылып, нотасымен қосып, жолдауға тиіс болды. Шарт бойынша лирикалық әуенде жазылған талапкерлердің әндерін сараптау мәресіне жетті. Байқау комиссиясының құрамына арнайы тағайындалған қазақ музыка әлемінің әйгілі өкілдерінің бірі, Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, облыстық халық шағырмашылығын дамыту орталығы музыка бөлімінің жетекшісі Рамазан Таймановтардың төрағалық етуімен туындыларды тыңдаудан өткізді. Нәтижесінде бірінші орын өз ауданымыздан қатысқан М.Көкенов атындағы шығармашылық мектептің директоры, «Экспресс» ансамблінің белсенді мүшесі, майталман өнер қайраткері Уәли Ибрагимовтың еншісіне бұйырды. Оның лақап атымен келіп түскен «Жаңақорған» әні (сөзі Адырбек Сопыбековтыкі, орындаған Роллан Бақтыбаев) ең үздік танылып, жоғары бағаланды. Екінші орынды Дүйсенхан Сыздықовтың «Жаңақорған – алтын бесігім» әні еншілесе, Астана қаласынан қатысқан сазгер Марат Жалғасұлы «Жер жұмағы – Жаңақорған» әнімен және қызылордалық Сабит Ұлықпанов «Жаңақорған» әнімен үшінші орынды иеленген еді.
Жүлдегерлер ауданның «Алтын күз» мерекесінде алқалы топтың алдында арнайы марапатталып, өнерге, өнер өкіліне деген құрметтің деңгейіне куә болған едік.
Ал, жеңімпаздың жеке шығармашылық еңбегіне тоқталсақ, Уәли Ибрагимовтың жалғыз бұл әні ғана емес, бұдан бұрын жазылған «Астана» әні облыстық байқауда бас жүлдені алса, «Туған жер» әні бірліктіктердің жалынды Әнұранына айналды. Бұдан өзге де он бестей әні елдің орындауында жанға жақын, көңілге ыстық.
Жалпы, үздік орынның екеуі бірдей жаңақорғандық таланттың талайына бұйырғанына таңдануға болмайды. Мұның астарында алапат бір ақиқат жатыр. Ол ақиқат мынау: Туған жер туралы толғау жүректен туады.
                                                                                                                              Баян ҮСЕЙІНОВА
23 тамыз 2019 ж. 736 0