» » » Су тапшылығынан малды қалай алып шығамыз?

Су тапшылығынан малды қалай алып шығамыз?

Яғни, тау мен Сырдағы мал оты маздамай тұр, салдарынан шілде бітпей азық азайды. Бұл жағдайлар нәпақасын малынан тауып отырған шаруаларға ауыр тиюде. Бұл мәселені шешудің жолы барма, су тапшылығынан малды қалай аман алып қаламыз? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Осыдан бірнеше күн бұрын облыстан арнайы топ ауданға келіп, шаруалардан мәселенің мән-жайын сұрап, талқылау болған. Алайда, Шардарадан келетін судың мәселесін шешу жолы қарастырылғанымен, ол шешілмейтінін жеткізді. Ондай болса уақыт оздырмай амалдаудың қам-қарекетін жасау керек. Бұл жағдайдың қыр-сырын білетін ел ағасы Алшынбай Тұртанов:
– 2008 жылы дәл осындай жағдай орын алды. Бірақ биылғы жағдайдың ерекшелігі бар. Неге десеңіз, көбінесе жұт қыста келеді. Биылғы қуаңшылық бұрын-сонды болмаған ауқымда орын алып, шаруаларды жаздың күні алқымынан алды. Қаратаудан түскен мал да қоңсыз. Сондықтан аяқ су мәселесін тездетпесек, ертең түлігімізге ие бола алмай қаламыз. Егер жоғарыдан дарияға су келмейтін болса, онда басқалай амалдау керек. Биыл болмаса да келешекте тоспау салуымыз керек. Өйткені, су тапшылығы енді орын ала беретіні ақиқат, биыл құдықпен амалдармыз, бірақ келешекте тоспа болмаса, онда мал мен егін шаруасы тоқырайды... – деп нақты уәжін айтты.
Айтылған уәж дұрыс, бірақ бұл бүгін шешілетін шаруа емес. Сырдың суы ұлтанында екенін көз көрді, бірақ, Сыр өңіріндегі төрт түліктің тең жартысы біздің ауданда екенін де ескерген жөн. Қазір таудағы отар-отар қой Сырға толық түсті. Ондағы 40 мың гектарға жуық суармалы жерге қыркүйек, қазан, қараша айына дейін өрістеп, Қызылқұмда қыстайды. Енді көлдер және күріштен шығатын қашыртқы каналдардағы суды өзен өзіне тартып алады. Өйткені Сырдың деңгейі төменде. 10-15 күнде магистральдық каналдың ұлтанындағы бақа-шаян сасыған су «өлі суға» айналып, ішуге жарамсыз болады. Оны мал ішіп, тұтынса, қаталап, соның салдарынан қырыла бастайтынын айтып ел шуласты.
Тығырықтан шығар жол – құдық қазу
Аудан әкімі Руслан Рүстемов та мән-жайды тереңнен талдап, өкім шығарып, 3 бағытқа жұмыс топ құрылды. Қыркеңсе, Жаңарық, М.Нәлібаев, Өзгент, Қожакент, Аққорған, Келінтөбе және Қаратөбе ауылдық округіне тиісті сала басшыларына жауапты етіп бекітілді. Ауылшаруашылығы бөлімінің соңғы мәліметіне сүйенсек,бүгінге дейін Сыр беткейдегі ауылдарда 15 құдық қазылды. Жалпы саны 22 болуы тиіс екен, бұл жөнінде бөлім басшысы Талғат Зейдалиев:
– Сыр беткейде жалпы қолданыстағы 31 құдық бар, енді 22 құдық қазу жоспарланған. Егер толық іске асса, онда 100 мыңнан аса төрт-түлікті аман қалып қалуға болады. Қазан айының 15-не дейін жоспарды толық орындаймыз. Айту керек, бұл жағдайға мемлекеттен қаржы қаралмаған, яғни субсидия берілмейді. Әр кәсіп иесі, шаруалар өз қалталарынан төлейді. Қазу құны 70-100 мың аралығында. Егер тек қазып қойса, онда сәл арзандай болады, ал, құрал-жабдығын орнықтырып кетсе, қымбатқа түседі. Бұл өте тиімді тәсіл, келешекте аяқ су тапшылығы күрделенсе, осы құдықтар арқылы еңсереміз. Бұл межені еңсерсек, онда құмға қарай бет аламыз. Қыстаудағы құдықтарды да тазалап, ретке келтіру керек. Біздің міндет ұйымдастыру, берекелі іске мұрындық болып, елді біріктіру, – деді ол.
Құдық қазылды, бұл құдықты шағын шаруалар да пайдалана алады. Тек иесімен өзара ымыраға келсе болды. Алла Елшісі (Алланың оған сәлемі және рахметі болсын) бір сөзінде: «Кісі амалы өмірден өтумен үзіледі. Бірақ үш нәрсенің сауабы үзілмей соңынан келіп тұрады. Соның бірі пайдаға тастаған ілімі, жақсы тәрбиелеген перзенті және соңынан қалдырған жария садақасы» – деген. Жария садақа – егілген ағаш, соғылан мешіт, медресе, жол, сондай-ақ қазылған құдық. «Садақаның жақсысы шөліркеген кісіге су беру» деп ерекшелеген. Тіршіліктің қайнар көзі болған суды шығару тиісті орынға жеткізіп берудің сауаптығы осыдан соң ақ анғарыла береді. Тіпті ол су адамзаттан бөлек жан-жануарларға болсын, жансыз деген ағаш өсімдіктерге болсын жеткізілсе, кісі соңынан үзілмей баратын сауапқа айналады. Сондықтан, ел азаматтары еңсе көтергені көңіл қуантады.
Тоспа салыну керек, неге?
Тоспа салуды тек малшы қауым емес, дала диқандары да құптайды. Өйткені, 35 мың гектар жайылдық жер мен күріш алқабы, егін алқабы сусыз егілмей қалса, құнарынан айырылады дейді көпшілік.
– Егер дарияға тоспа салынбса, біріншіден егістігімізден айырыламыз, екіншіден мың қырған малды ұстап тұра алмаймыз. Ақыры дариядан мол су түспейтін болса, онда тоспаны тездетіп шешуіміз керек. Ал, құдық қазу уақытша құбылыс. Жер асты суы, таза, әрі мол бола бермейді. Оны тазалап тұру керек, кейбір жерде су таусылып қалуы мүмкін. Қазір таудағы түлік қырға келді. Оларға қазылған құдық іске қосылады, алайда, бүгіннен бастап қыстаудағы құдықтарды жөнге келтіре беруіміз тиіс. Себебі, қойшы қауым құмда 4 ай күнелтеді, құдық болмаған жағдайда, қаздыра беруіміз тиіс, – деді Алшынбай Тұртанов.
Біздің түсінгеміз, қыстауға қоныс аударамын дегенше малшылар қазылған құдықтарды пайдалана тұрады. 1 айдан соң малшылар құмға қарай көшеді, ол жақтың жағдайын алдағы уақытта таразылармыз. Бұл биылғының шаруасы, келер жылы мәселе не болары белгісіз. Егер жер асты суы азаймай, өз деңгейінде қалса, онда бұл тәсіл тағы бірнеше жыл жемісін береді. Ал, тоспа салу мәселесі, ол уақыттың еншісінеде
16 қараша 2022 ж. 263 0