№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Халың қалай, қойшы қауым?

Халың қалай, қойшы қауым?

Биылғы қуаңшылықтың мехнаты қойшы қауымның қабырғасына аяздай батып тұр. Жем-шөптің өзін жылдағы бағадан 3 есе қымбатқа сатып алуда. Оның өзі табылса жақсы . Облыста қой басы жөнінде көш бастап тұрған біздің ауданның қойшылары қысты қалай еңсермек? Өздеріне хабарласып, мән-жайды білдік.

Қайсыбір жылы облыстық малшылар слетінде «Үздік шопан» атанған жерлесіміз Бақытжан Бұлтбаевпен хабарласып, шаруалардың жайын білдік.
– Осынау қиын-қыстау уақытта хәлімізді сұрағанның өзі көңілге медеу екен, айналайын! Өзің білетіндей, күзеу науқанын аяқтап, 700 бас аналық пен 100 бас қошқардың қысқы жем-шөбінің үштен төрт ғана бөлігін сатып алдық. Баяғыда шөп сатып алғанда бір-екі жүз теңге түсіріп саудаласатын едік, биыл егіншілер екі теңге де түспей тұр. Бұл қуаңшылық малдың азып-тозуына әкелсе, жылдағыдай түлік алу да мүмкін болмай қалады-ау, – деп мұның шақты.
Жыл сайын 700 аналықтан 700 қозы алып, үздік жетісітігімен ел аузында жүрген шопан үшін биылғы қыс сынақ болғалы тұр. Сол 700 қозы бүгінде марқа болып, 15 мыңнан жаппай саудаланып, түскен қаражатқа 10500 ғана пресс шөп сатып алған. Бұл қор бас-аяғы 2 айға ғана жетеді. Көкке аузы ілінуі үшін 6 айға қор жинау маңызды. Қайтпек керек? Мал басын азайтуға тура келеді. Кезінде 40 мыңға сатып алынған қойдың қазіргі бағасы 25 мыңға бағалануда. Себебі, мал сатушылардың қарасы көбейген. Бұл да шығынды ақтап тұрмағаны анық.
– Сатпай мал басын аман алып қалуға мүмкіндік жоқ па?
– Көтерем болып қыстан шыққан малдан ешқандай пайда болмайды. Аштыққа ұрындырмау үшін амалсыз мал санын барынша азайтуға бекініп отырмыз, – деді ол.
Қуаңшылық шопан қауымның шаруасына шылбыр салғандай күй кешуде. Орақтың бірінші орымынан құр қалған шаруашылықтар жетерлік. Қауіпті індетпен есі шығып жүрген жұрт жем-шөптің қымбатшылығына ұрынды. Қалтасын қағып жүріп, шама-шарқынша алуға тырысқанынан түк шығар емес. Мұндай жағдайда жыл сайын мал басына беріліп жатқан жем-шөп субсидиясын оңтайлы шешу керек-ақ.
Осындай ауыр жағдайды билік басындағы тұлғаларға жеткізіп, талай жерде ұсынысын айтып жүрген Алшынбай Тұртановты әңгімеге тарттық.
– Бүкіл елде болып жатқан жұтшылықты ушықтырмау үшін, шаруақожалықтарға қолдау беру маңызды. Жыл сайын жем-шөпке деп үлестіретін қаражатты тап қазір беру керек. Егер бұл мәселе жылдам шешілмесе онда малдың 60 пайыздан аса бөлігі қысқы маусымда қырылып, ет пен сүт өнімдері қымбаттап, халықтың жаппай ашаршылығына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан, халық қамы үшін тез арада жәрдем беріп, қаржылай қолдауды жүзеге асыруды барша малшаруашылығының мүшелері талап етудеміз, – деді ел ағасы.
Расында, егіншілердің айтуынша, қуаңшылық айқын сезіліп отырған Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан облыстарындағы шаруашылықтарға жіберілген шөптің көлемі өте жоғары. Бұл жылдағы мөлшерден әлдеқайда көп. Қыста сатуға ешқандай қор жиналмаған. Осының өзі қысқы маусымда шөп тапшылығы болуын меңзейді. Тіпті кейбір егіншілер өткен жылдан қалған шөптің өзі тиімді бағада сатылғанын айтады.
Мақпал МАРҚАБАЙ
10 шілде 2021 ж. 865 0