№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Халықтың ұсыныс-тілегі ескерусіз қалмайды

Халықтың ұсыныс-тілегі ескерусіз қалмайды


Облыстық мәслихаттың депутаты Жанкелді Ысқақ «
Nur Otan» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдап, мәселелерін білді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау және құрылыс қарқынымен танысты.
Ел ағасы Алшынбай Тұртанов аудан­дағы ең өзекті мәселені айтты.
– Сырдың суы ұлтанында. Осыдан өткір қандай мәселе бар?! Сыр өңіріндегі төрт түліктің тең жартысы біздің ауданда. Қазір таудағы отар-отар қой Сырға түсуде. Ондағы 40 мың гектарға жуық суармалы жерге қыркүйек, қазан, қараша айына дейін өрістеп, Қызылқұмда қыстайды. Қазір дарияға 50 текше метр көлемінде су келуде. Енді көлдер және күріштен шығатын қашыртқы каналдардағы суды өзен өзіне тартып алады. Өйткені Сырдың деңгейі төменде. 10-15 күнде магистральдық каналдың ұлтанындағы бақа-шаян сасыған су «өлі суға» айналып, ішуге жарамсыз болады. Оны мал ішіп, тұтынса, қаталап, соның салдарынан қырыла бастайды. Осының алдын алмаса болмайды, – деп мәселені түсіндірді.
Ауданның «Құрметті азаматы» Алшын­бай Тұртанов ағамыз тығырықтан шығар жолды былай түсіндірді: «2008 жылы дәл осындай жағдай қайталанған-ды. Бірақ биылғы жағдайдың ерекшелігі бар. Неге десеңіз, көбінесе жұт қыста келеді. Биылғы қуаңшылық бұрын-сонды болмаған ауқымда орын алып, шаруаларды жаздың күні алқымынан алды. Қаратаудан түскен мал қоңсыз. 2008 жылы осы уақытта «Шардара» су қоймасында 850 миллион текше метр су қалып, Сырдарияға не бәрі 50 текше метр су түсті. Бұдан келетін қауіпті сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовқа ел ағаларымен қабылдауына барып, жағдайды түсіндірдік. Болатбек Баянұлы Су ресурстары комитетінің төрағасына жағдайды түсіндірген болуы керек-ті, 10 қыркүйектен 20 қазанға дейін «Шардарадан» 150 текше метр су жіберіліп, канал мен көлдер суға толды. Сол кезде «Шардарада» 450 миллион текше метр су қалды. Біз одан ешқандай апаттың орын алғанын көрген жоқпыз. Осы тәжірибені қайта қолға алмаса, біріншіден, күріш шаруашылығына кері әсері болады. Бұл ауданның Сыр беткейіндегі 20 мыңдай адам ырзық-несібесін толық жинауы қиындайды деген сөз. Екіншіден, малдан көп шығын орын алуы мүмкін. Алдағы бірнеше аптаның көлемінде біздің бас­шылар тығырықтан шығатын жол іздеп, водовозбен су тасып беру, құбыр қазу және т.б қолға алар. Бірақ бұл бізді құтқара алмайды. Тығырықтан шығатын жол береу, ол – Сырдария өзеніне су жіберу. Басқа жол жоқ...»
Жанкелді Ойшыұлы көтерілген мәсе­ленің өте өзекті екенін, мұны облыс басшылығына жеткізетінін айтты.
Аудандық мәслихат депутаты Мақ­сат Жұмаділов облыстық маңыздағы «Бесарық-Келінтөбе-Қандөз» автомо­биль жолының бір бөлшегіне орташа жөндеу жүргізуді ұсынды.
– Шүкір! Біздің ауданның жолы салыстырмалы түрде алғанда жақсы. Қазір Аққұм елді мекеніне баратын жолды және «Бесарық-Келінтөбе-Қандөз» жолының Сыр­дария көпірінен «Жаңақорған-Келін­төбе-Қандөз» жолынан дейінгі аралықтағы 8 шақырымын асфальттау маңызды. Өйткені осы жолмен Келінтөбе, Қаратөбе, Қантөз, Көктөбе ауылдық округіне баратын тұрғындар қатынайды. Ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілгенімен жолдың сапасы жақсармай тұр, – деді.
Облыстық мәслихат депутаты жолдың жағдайын көзбен көру үшін жолға шықты. Бұған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Жұмаділлаев пен Бақытжан Төлегенов қосылды. Келінтөбе ауылдық округінің әкіміАбылай Досжанов пен Талап ауылдық округінің әкімі Ербол Тақырбасов та кездесу орнына келді.
Жанкелді Ысқақ жолды көзбен көріп, алдағы уақытта жөндеу жүргізуге ықпал етуге күш салатынын жеткізді.
Одан кейін делегация Шалқия кен­тіндегі №86 мектептің қысқа дайындығын көрді.
– Былтыр №86 мектептің жөндеу жұмысын «СМП-Қызылорда» ЖШС жүр­гізді. Бес блоктан тұратын мектеп 1200 орындықты. Құрылысшылар өз міндетін сапалы орындады. Бірақ жобалық-сметалық құжатта мектепті жылататын котельный қаралмай қалды. Бұл жөнінен хабарым бар. Осы себепті арнайы келіп, көруні жөн санадым, – деді облыстық мәслихат депутаты.
– Мектеп қалай жылытылады?
– Сұйытылған газбен.
– Қанша қазандық бар, олар қандай аумақты жылыта алады?
– 466 текше метр аумақты жылытатын екі пеш және 5 мың шаршы метрге арналған бір қазандық бар.
– Мектептің жалпы аумағы қанша?
– 5232 шаршы метрге.
– Опаттық жағдай болғанда не істейсіздер?
– Кезектеп қосамыз.
Депутат Жанкелді Ысқақ пен дирек­торы Ақтұйғын Юсупова осылай пікір алмасты.
Шалқия кентіндегі клуб үйінің құрылысымен танысуды ұмыт қалдырмады. Бірақ құрылыс басынан құрылысшыларды таппады.
Жаңақорған кентіндегі МИА бекетіндегі 300 орындық мектепке тоқтады. Онда құрылысшылар болғанымен құрылыстың қарқыны төмен екеніне көз жеткізді.
Мердігер компания – «Қаз құрылыс сервис» ЖШС-нің иесі Шынболат Ештаев осыған дейін облыс, аудан басшылары келгенінде 1 қыркүйекте пайдалануға беретінін айтқан-ды. Бірақ уәде сөз жүзінде қалды. Осы компания Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлерді сервистік желіге қосуды міндетіне алған.
Жанкелді Ойшыұлы көзбен көріп, көңілге тоқыған, тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер ескерусіз қал­майтынын айтты.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
25 қыркүйек 2021 ж. 481 0