№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Тығырықтан шығар жол – дарияға су жіберу

Тығырықтан шығар жол – дарияға су жіберу

Ауданның төл газетінің ғимаратына Алшынбай Тұртанов ағамыз алшаң басып келді. Оны өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы білеміз. Әсіресе ескі әңгіменің тиегін ағытып, рухани жақын адамдай шүйіркелесетініміз бар-ды.
Амандық-саулықтан кейін:
– Нұрлат-ау, аудандағы ең өзекті мәселені білесің бе? – деп сұрақты төтесінен қойды.
Жақында сенатор Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназаровамен болған кездесуде дарияның суы тартылғанын, мұның салдары егіншілер мен малшыларға ауыр тиетінін көтергенін жақсы білемін.
Сондықтан: «Сырдың суы ұлтанында. Осыдан өткір қандай мәселе болар!» дедім.
Ел ағасының ойын дөп бастым-ау: «Дұрыс айтасың! Қызылорда облысының өзегі Сырда. Өзенде су болмаса өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмендеп, халқы көшіп кетеді. Ал, оның зардабы ең бірінші біздің аудан тартады», – деп ойын бір түйіп, Сырдарияда судың сарқылуынан орын алатын зардапты егжей-тегжей түсіндіруге кірісті.
– Жаңақорған ауданының қолайлы географиялық орналасуы (Қызылқұм – қыстау, Сырдария – күздеу, Қаратау – жайлау) мал шаруашылығы саласында тиімді болып отыр. Бүгінде Сыр өңіріндегі төрт түліктің тең жартысы біздің ауданда. Қазір таудағы отар-отар қой Сырға түсуде. Ондағы 40 мың гектарға жуық суармалы жерге қыркүйек, қазан, қараша айына дейін өрістеп, Қызылқұмда қыстайды. Қазір дарияға 50 текше метр көлемінде су келуде. Енді көлдер және күріштен шығатын қашыртқы каналдардағы суды өзен өзіне тартып алады. Өйткені Сырдың деңгейі төменде. 10-15 күнде магистральдық каналдың ұлтанындағы бақа-шаян сасыған су «өлі суға» айналып, ішуге жарамсыз болады. Оны мал ішіп, тұтынса, қаталап, соның салдарынан қырыла бастайды. ...алдын алмаса болмайды, – дейді ол.
Қазір диқандар ақаба суларды күрішке қайта айдап, дәнді дақылдың вегитациялық кезеңіне толтыруға күш салуда. Бұл үлкен күш-жігерді қажет етеді. Мұны аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге күріштік басына барып, көзбен көріп қайттық.
Келесі кезекте дария суының сарқылу салқынын шопандар сезінгелі тұр.
Мұндай жағдай қайталанып тұрғанын тарихтан жақсы білеміз.
– 2008 жылы дәл осындай жағдай қайталанған-ды. Бірақ биылғы жағдайдың ерекшелігі бар. Неге десеңіз, көбінесе жұт қыста келеді. Биылғы қуаншылық бұрын-сонды болмаған ауқымда орын алып, шаруаларды жаздың күні алқымынан алды. Қаратаудан түскен мал қоңсыз...
2008 жылы осы уақытта «Шардара» су қоймасында 850 миллион текше метр су қалып, Сырдарияға не бәрі 50 текше метр су түсті. Бұдан келетін қауіпті сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықовқа ел ағаларымен қабылдауына барып, жағдайды түсіндірдік.
Болатбек Баянұлы Су ресурстары комитетінің төрағасына жағдайды түсіндірген болуы керек-ті, 10 қыркүйектен 20 қазанға дейін «Шардарадан» 150 текше метр су жіберіліп, канал мен көлдер суға толды. Сол кезде «Шардарада» 450 миллион текше метр су қалды. Біз одан ешқандай апаттың орын алғанын көрген жоқпыз. Осы тәжірибені қайта қолға алмаса, біріншіден, күріш шаруашылығына кері әсері болады. Бұл ауданның Сыр беткейіндегі 20 мыңдай адам ырзық-несібесін толық жинауы қиындайды деген сөз. Екіншіден, малдан көп шығын орын алуы мүмкін. Алдағы бірнеше аптаның көлемінде біздің басшылар тығырықтан шығатын жол іздеп, водовозбен су тасып беру, құбыр қазу және т.б қолға алар. Бірақ бұл бізді құтқара алмайды. Тығырықтан шығатын жол береу, ол Сырдария өзеніне су жіберу. Басқа жол жоқ... – деп тығырықтан шығатын жолды нұсқады.
Оның сөзінше, күз айларында жауын-шашын түсіп, құмда саған, ебелек, боз жусан және т.б шөптің түрлері шықпаса, қуаншылықтың көкесін қыста көреміз. Өйткені, құмда да от жоқ...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
---
04 қыркүйек 2021 ж. 376 0