№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Су тапшылығынан малды қалай аман алып шығамыз?

Су тапшылығынан малды қалай аман алып шығамыз?

Дәл қазір Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 30 текше метр су түсуде. Соған байланысты су тапшылығы орын алып, малшы қауым алаңдап отыр. Иә, алаңдауға негіз бар. Қырдағы 300 мыңнан аса қой, 100 мыңға жуық мүйізді ірі қара, Сырдағы 35 мың гектарға жуық егіндік аумағына келді. Су – өмірдің көзі. Адамға да, малға да су қажет. Адам өзіне қажеттісін тасып ішіп, амал қылар-ау, ал, мал ше? Каналдың түбінде бақа-шаян араласқан өлі сумен мал ауызданса жұқпалы аурулар тарауы бек мүмкін. Осыған байланысты аудан әкімі Руслан Рүстемов тиісті сала басшыларына мәселені шешуді тапсырды.

Жұмысшы топ 3 бағытта құрылып, қойшылар орныққан жерлерге барып, қанша суат құру керектігін бағамдап, жұмысты бастап кетті. «Ештен кеш жақсы» деп өз-өзімізді алдап қоямыз. Бірақ қазір қарекет жасамасақ, арты жақсы болмайды. Мұның жай-жапсарын жақсы түсінетін ел ағасы Алшынбай Тұртанов:
– 2008 жылы дәл осындай жағдай орын алды. Бірақ биылғы жағдайдың ерекшелігі бар. Неге десеңіз, көбінесе жұт қыста келеді. Биылғы қуаңшылық бұрын-сонды болмаған ауқымда орын алып, шаруаларды жаздың күні алқымынан алды. Қаратаудан түскен мал да қоңсыз. Сондықтан аяқ су мәселесін тездетпесек, ертең төрт түлігімізге ие бола алмай қаламыз. Егер жоғарыдан дарияға су келмейтін болса, онда басқалай амалдау керек. Биыл болмаса да келешекте тоспа салуымыз керек. Өйткені, су тапшылығы енді орын ала беретіні ақиқат, биыл құдықпен амалдармыз, бірақ келешекте тоспа болмаса, онда мал мен егін шаруасы тоқырайды... – деп нақты уәжін айтты.
Айтылған уәж дұрыс. Сырдың суы ұлтанында екенін көз көрді, көңіл тоқыды. Бірақ, қол қусырып отыра беретін уақыт емес. Қарекет керек.
Көлдер және күріштен шығатын қашыртқы каналдардағы суды өзен өзіне тартып алды. Өйткені Сырдың деңгейі төменде.

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ – ҚҰДЫҚ ҚАЗУ

Қыркеңсе, Жаңарық, М.Нәлібаев, Өзгент, Қожакент, Аққорған, Келінтөбе және Қаратөбе ауылдық округіне тиісті сала басшылары жауапты етіп бекітілді. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің соңғы мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін Сыр беткейдегі ауылдарда 15 құдық қазылды. Оның жалпы саны 22 болуы тиіс. Бұл жөнінде бөлім басшысы Талғат Зейдалиев:
– Сыр беткейде қолданыста 31 құдық бар. Оған 22 құдық қосу жоспарланды. Егер толық іске асса, онда 100 мыңнан аса төрт-түлікті аман қалып қалуға болады. Қазан айының 15-не дейін жоспарды толық орындаймыз.
Айту керек, бұл жұмысқа мемлекеттен қаржы қаралмайды (субсидия берілмейді). Құбыр қазу құны 70-100 мың теңге аралығында. Қазір қыстаудағы құдықтарды да тазалап, ретке келтіруді бастау керек. Біздің міндет ұйымдастыру, берекелі іске мұрындық болып, елді біріктіру, – деді ол.
Құдық қазылды, бұл құдықты шағын шаруалар да пайдалана алады. Тек иесімен өзара ымыраға келсе болды.
Мұндай істе кеңшілік танытқанның бірі – «Бекарыс – Агрофуд» ЖШС төрағасы Серік Мырзабаев. Ол серіктестікке тиесілі аумақта екі құдық, екі құдықтың көзін ашып, қолдан суат істеп, ауылдың малы су ішуіне жағдай жасады.
– Қыркеңсе елді мекені тұрғын­дарының 300-ден астам мүйізді ірі қарасы су ішуіне жағдай жасадық. Қазір өрістен суға бола ауылға қайтпайды. Бұл – менің азаматтық міндетім, – дейді Серік Мырзабаев.
Біздің түсінгеміз, қыстауға қоныс аударамын дегенше малшылар қазылған құдықтарды пайдалана тұрады. Бір айдан соң малшылар құмға қарай көшеді, ол жақтың жағдайын алдағы уақытта таразылармыз. Бұл биылғының шаруасы, келер жылы мәселе не болары белгісіз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
05 қазан 2021 ж. 457 0