» » » Бәйгеде топ жарған келіншек

Бәйгеде топ жарған келіншек


“Өнегелі келін” республикалық байқауының жеңімпазы Рауан Қалмановамен жүзбе-жүз кездесу үшін Қосүйеңкі ауылын бетке алдық.

  Байқау мақсаты – маңызды отбасылық құндылықты сақтайтын қазақ келіндерінің тәрбиесін, ізгілікті жолын сақтай отырып, болашақ ана, асыл жар, қазақ келіндерін ұлттық рухта тәрбиелеу, ана тілін, ұлттық мәдениетін құрметтеу, жас отау тәрбиесін ұғындыру, қазақ әйелдерінің қоғамдағы рөлін арттыру, қазақы қалыптарды сақтап, заман талабына сай жан-жақты дамыған тұлға етіп, болмысын қалыптастыру тақырыбында көздейді. Оған әр аймақтан қатысушы талапкерлер арасынан жерлесіміз Рауан Қалманованың мерейі үстем болып оралғаны бізді де қуантты.

Кейіпкеріміз Түгіскен ауылында көп балалы отбасында өмірге келіпті. Әкесі қарапайым күрішші, ал анасы сауыншы болып еңбек еткен. Отбасында сегіз қыз, бір ұл тәрбиеленіп, жастайынан  анасының жанында шаруашылықтың жайын толық меңгеріп шығады. Әйтсе де, әкесіне жақын болып, айтқан ақылын көкейіне тоқып, үнемі сырласатынын да айтып кетті. 2005 жылы Қосүйеңкі еліне келін болып түстім. Атам мен енем мені өз перзенттерінен кем қылмай, әулетінің ұрпағын жалғастырар, жанұя бағына жаралған жан ретінде қабылдай білді. Мен осы отбасына әкемнің ақ батасын алып келген жанмын. Жолдасым Жеңіс қой шаруашылығымен айналысады. Отбасылық өмірге араласып, үйренісуіме оның көп көмегі тиді. Осында келіп Алматыга оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша диплом алып шықтым. Қазіргі таңда Қосүйеңкі ауылында "Балбұлақ" балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс жасаймын.

Қыз баланың арманы ана болып, бала тәрбиелеу ғой. Өз балаларыммен қоса баласын тәрбиелеп отырған бақытты жанмын. Аллаға шүкір жолдасым екеуміз үш ұл , екі қыз өсіріп отырмыз. Екі ұлым студент, ал қалғандары мектепте оқиды. Ал байқауға келетін болсам, кітапханашы Перизат апайдың айтуымен, сол кісінің ықпалымен қатыстым.

Сайыстың шарты бойынша ауылдың тіршілігінен ролик түсірдік, сол арқылы іріктеліп өттім.
Үлкен сахнада таныстыру, қазақтың салт-дәстүріне байланысты психологиялық сұрақтарға жауап беруден сынға түстік. Өз өнерін көрсету, ұлттық тағам дайындау да кірістірілген екен. Бағым шауып бірінші орынға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен жетістік.
Байқауда қазақы тәрбиені бойына сіңірген, өмірде тәжірибесі бар, болашақ жас келіндерге айтары, үйретері бар қазақ келіндері бар білгенімен бөлісті.

Қатысушылар әр өңірдің өзіне тән салт-дәстүрі мен сәлем салу, орамал тарту үрдістерін көрсетті. Әрбірі төрт кезең бойынша сынға түсіп, бақтарын сынады. Байқаудың бірінші кезеңінде қысқаша бейнеролик арқылы таныстырылып, екінші кезеңде ұяшық таңдап, салт-дәстүрге байланысты және отбасылық өмірден логикалық сұрақтарға жауап бердік. Байқаудың үшінші кезеңінде келіндер өз өнерлерін ортаға салып, ән айту, би билеу, домбыра тарту, ақындық секілді қырларынан сынға түсті. Соңғы кезең бойынша қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, аспаздық өнерімізді паш еттік, – дейді ол.

Аталмыш байқауға қатысушылар қазақ келініне тән түрлі номинацияларда топ жарып, заттай бағалы сыйлық иегерлері атаныпты. Қазіргі таңда жас отбасылар арасында кездесетін қиындықтар, әсіресе, ене мен келін арасындағы келіспеушіліктер көптеп орын алуда. Шаңырақтың ұйытқысы саналатын әйел затының қарым-қабілеті мен білімін, танымдық көзқарасын шыңдап, әрбір шаңырақты үлгілі, өнегелі отбасы болуға насихаттауға арналған осындай шара дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп отырса құба-құп.

PS: Бүгінгі қоғамда келіннің рөлін, мәртебесін көтеретін керемет бастама жалғасын таба берсе екен дейміз. Жалпы осындай қазақтың салтдәстүрлерін паш етіп, насихаттайтын байқауларды өткізуге билік тарапынан аялы қамқорлық қажет-ақ.

Әсел РЗАЕВА
15 қараша 2022 ж. 478 0