№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Бас жүлде Жаңақорғанда

Бас жүлде Жаңақорғанда


Ғұмыры ізгілікке толы жандардың өмірпарағына үңілген қандай ғажап. Еске алған сайын, көңілің елегізіп, кеудеңе қанат біткендей болады. Осындай тұлғалардың жасаған дүниесі мен жазған құндылығы кейінгі ұрпақтың жанына сая, рухына медет дерсің. Міне осы мақсатта аймақтың халық театрлары Жалағаш ауданында бас қосты. Олар ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер, өнер тарланы Тынымбай Мәдиевтi еске алуға арналған байқауға қатысып бақтарын сынады. Нәтижесінде өздерін талай додада сынап түстеген аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйі ұжымы Жалағаштан жағымды жаңалықпен оралды.

  Театр қоғамды адамгершілік пен рухани құндылыққа бастайтын жол десек артық айтқанымыз емес. Әдеби шығарманы сахналық қозғалыспен, яғни, өзіне ғана тән театрлық бояумен жаңа күйге енгізіп, ондағы өзара қарым-қатынастарды тірілтеді.

Міне, осындай тақырыпта ұйымдастырылған облыстық байқауда театр саңлақтары «Өшпес тұлға жолымен» атты тақырыпта өткен облыстық халық театрлар байқауында өз өнерлерін паш етті.

Барлығы 14 ұжым қатысқан байқауда жерлестеріміз режиссер Ролан Бақтыбаев басқаратын «Жаңақорған халық театры» Мұрат Қолғанаттың екі бөлімнен тұратын «Түнек» атты спектаклін қалың көрерменге ұсынды. Режиссер бұл жолы саяси бағытта ізденіп, қоғамға өкпелi төрт кейiпкердiң тағдырынан тұратын абсурд жанрындағы спектаклді таңдапты.

– Өзгеше жанр, ерекше серпіліс сыйлаған қойылым қазылар алқасын тәнтi етпей қоймады. Екі айдан астам уақытымызды сарп еткен еңбек ақталды. Пенде болған соң төккен тер ақталса дейсің ғой. Еңбек еш кетпеді. Бұл жеңіс осы қойылымға қатысы бар деген әрбір жанның еңбегінің арқасы. Сондықтан әріптестеріме рахмет айтамын, – дейді Ролан Бақтыбаев.

Әрине 14 театрдың арасынан суырылып алға шығу кімге болсын оңай емес. Өйткені барлығы дерлік тісқаққан өз саласының мамандары. Соған қарамастан мәдениет үйінің атын ғана емес, аудан абыройын асқақтатқан қыз-жігіттерге соның ішінде актерлық құрамда өнер көрсеткен Айжарқын Найманбай, Марғұлан Қалила, Шәкәрім Ибадулла, Гүлсан Серікбайдың, дыбыс операторы Жасдәурен Сабырханов, жарық операторы Асылхан Палахметов және суретші-декоратор Жалғас Күзембаевтардың еңбегі зор.

– Өнер сарқылмас қазына екені хақ. Кез келген ұлттың бет-бейнесін, тұтас халықтың өресін бүкіл әлемге паш ететін де осынау ұлы мұра екені белгілі. Бүгінде қасиетті Жаңақорған топырағынан шыққан сахна саңлақтарын, көрермен көзайымына айналған өнерпаздарын мойындамайтын жандар кемдекем. Ал, осындай мәдениет әлеміне маңдай терін төгіп келе жатқан аудан мәдениет саласы өкілдері осылайша облыста аудан атын шығарып мерейімізді үстем етті. Алдағы уақытта да тек сәтті қойылымдар күтетін боламыз, – деді аудандық тілдерді дамыту және мәдениет үйінің басшысы Нұрымжан Бұлдырықов.

Түйін. Театр сахнасында адамның мұңы, адамның құқы, адамның бостандығы мен тағдыры, адамның жаны мен болмысы, қайғысы мен қуанышы сөз болады. Егер сахнада адам тағдыры болмаса, театрға көрермен келмес еді. Сондықтан театрды тәрбие бесігі санайды. Ал бас жүлдені иеленген «Түнек» спектакльін көргіңіз келсе 10 қараша күні аудандық мәдениет үйін бетке алыңыз.

Лаура БИБАСАРОВА
07 қараша 2022 ж. 444 0