"Өшпес тұлға жолымен" атты облыстық байқау өтті
«Жаңақорған» халық театры Жалағаш ауданында өткен ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер, өнер тарланы Тынымбай Мәдиевтi еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» атты облыстық халық театрлар байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Екi күнге созылған додаға 14 театр бақ пен бабын ортаға салды.
Өз кезегінде жалағаштық көрермендердің назарына әртүрлі жанрдағы спектакльдер ұсынылды. Бірақ, қазылар алқасы бір ауыздан «Жаңақорған» халық театрының ұсынған Мұрат Қолғанаттың абсурд жанрындағы «Түнек» спектаклiн үздік деп таныды. Айта кетейік, аталған спектакль тұңғыш рет сахналанды.
«Жаңақорған» халық театрының режиссерi Ролан Бақтыбаев бұл жолы саяси бақыт iздеген, қоғамға өкпелi төрт кейiпкердiң тағдырынан тұратын абсурд жанрындағы «Түнек» спектаклiн таңдаған. Өйткені, алдын-ала зерттеу кезінде бұрыннан дайындалған қойылымдары басқа аудандармен қайталанып кететінін естігеннен кейін аталған спектакльді қоюға бел байлаған.
Өзгеше жанр, ерекше серпіліс қазылар алқасын тәнттi етпей қоймады. Спектакль бiтiciмен қазылар құрамы режиссер мен аталған спектакльде ойнаған актерларды шақырып, өз алғыстарын білдірді.
Мiне, мәдениет үйінің атын ғана емес ауданның атын дүркipeткен театрдың жеңici құтты болсын! Жаңақорғанның өнердегі тарландары өздерінің мықтылықтарын, талант екендіктерін тағы да дәлелдей алды.