ЕҢБЕК АДАМЫ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақта өшпес өнегесімен, ерен еңбегімен есімі тарихта қалған аналар аз емес. Еланалары елдің басына қиын-қыстау заман орнағанда бірлікті бекемдеп, тірліктің түзелуіне үлес қосты. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы еңбектің көркін қыздыра түсті. Одан кейінгі жылдары да еңбек даласында тер төгіп, мемлекет мүддесіне қызмет етті. Сондай жандардың ішінде Қалипа Түлкібаеваның орны бөлек. Оның өнегелі өмірі мен ғибратты еңбек жолын қалай насихаттаса да жарасады. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында соған куә болдық.
Күрішші-механизатор Қалипа Түлкібаеваның 100 жылдығына арналған рухани-мәдени шарада ақындар сөз жарыстырып, еңбек адамын ұлықтады.«Мерей мәртебесі мәңгілік ана» тақырыбын арқау еткен ақындар арасында Бөрібай Оразымбетов, Әбілқайыр Сыздықов, Мұхтар Ниязов, Ақмарал Леубаева, Мөлдір Айтбай, Кәрима Оралова болды.
Шуақты күні тамылжыған табиғат аясына жиналған екпінділіктердің қарасы көп. Таң сәріден ауылдағы мешіт ауласына жиналған ағайын айтысты асыға күтті. Себебі, Қалипа Түлкібаева елдің еңбеккері, даланың қызы еді.
Алдымен, сахна төріне көтерілген аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Қалипа апаның тыл жұмысындағы бір сәтті келбетін суреттеді. Жұрт алдына ананың бейнесі шыққанда ауылдастары еріксіз көзге жас алды.
...Мен даланың қызымын еркелеген,
Қызмет қылдым таңменен ертелеген.
Ұлтты ұлықтап қашанда елін сыйлап,
Еңбекпенен жетістікке жетелеген, – деген өлең оқылғанда көз алдымызға кешегі ұрыс алаңында жер жыртқан жігерлі жанның бейнесі елестей кеткендей болды. Осы өлең жолдарынан-ақ, кеш иесінің Жер анаға деген махаббатын көруге болады. Сахнадағы әрбір айтылған қуатты сөздер жүректерге жетіп тұрды. Ердің анасы емес, елдің анасы атанған Қалипа апаны ақындар жырға қосқанда артында қалған ұрпағы, елі одан сайын ана мейіріміне, жанашыр жанның қамқорлығына бөлене бергендей күйде болды.
Сөз жүйріктеріне сәттілікті тілеген аудан әкімі Ғалым Әміреев:
– Қалипа Түлкібаева жайлы айтқанда көз алдыңызға ерлік пен қайсарлықтың, еңбекқорлық пен іздемпаздықтың ерен үлгісі келеді. Себебі, отанға қауіп тиген шақта дала жұмысына белсенді араласып, ауыр техниканы тізгіндеді. Канал қазуда белсенділік танытып, егіннен мол өнім алуға үлесін қосты. Жаңақорған ауданындағы тұңғыш күрішші-механизатор ретінде өзінен кейінгі қыз-келіншектерге үлгі болды. Осындай еңбектері бағаланып Екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және «Ленин» орденімен, бірнеше медальдарымен, ВДНХ көрмесінің медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен наградталды, – деді.
Алғашқы болып айтысқан Мұхтар Ниязов пен Мөлдір Айтбай батыр ананың жаны нәзік болғанымен, техниканың тілін ұққан, мінезі қайсар, батыл қыз екенін сипаттады. Маржан сөзден інжу терген қос мықты да елге ерекше айтыс сыйлады. Ананың тұлғалық болмысын аша отырып, бүгінгі қазақ қызының бойынан сондай өжеттілік, ұлттық сипатты дарытсақ деген ой тастады.
Бала күнінен небір зұлматты күндердің куәсі болып, отты жылдарда қайсар мінезімен, қажыр қайратымен тек өз ұл-қызына ғана емес, айналасындағы қаншама жанға шарапатты, игілікті іс жасаған аналар өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету бізге парыз. Осындай асыл қасиеттерін тізбектеген Әбілхайыр Сыздықов жерлестерін жалынды сөздермен жігерлендірді. Оңтүстіктің тумасы Ақмарал Леубаевамен айтысқан ақын туған өлкенің табиғатынан бастап, текті ұлдарына дейін сөз өрнегіне қосып, мерейін тасыта білді. Замандастар айтысынан кейін, өзбек ағайынның ыстық сәлемін ала келген Бөрібай Оразымбетов пен Кәрима Оралова қалжың сөздерімен қанаттандырды. Астарлы әзіл айтылғанымен, оның түбінде қазіргі қазақ қоғамының шындығы жатты.
Қазақтың тектілігін, киелі мекеннің қасиетін, кеш кейіпкерінің батылдығын үндестіріп жырлаған ақындар сұлу да, астарлы қалжыңмен көрермендерін сусындатып, салиқалы сөз сабақтастыра білді. Шашасына шаң жұқпаған шабысы бөлек ақындар айтысқа шөлдеген елге тамшы сепкендей төгілді. Айтысты сағынған алқалы әлеумет арқалы сөзден ел анасы болған Қалипа апаның өмір жолынан қайта өнеге алып қайтты. Қиыншылықта қалжыраған ауылдасқа қуат, қарияларға шуақ бола білген кеш кейіпкерін еске алуға арналған айтыс аламанын қазақтың ақын ұлы Мамыр Байдәулетов жүргізді.
– Кешегі Манап, Әбдікәрім сынды нар тұлғалардың сабақтастығы Әбілхайыр ақыннан кейін Жаңақорғанда жалғанбай тұр. Әрине, киелі Қаратау өлкесінде айтыстың ақтангерлері шықпауы мүмкін емес. Сондықтан айтысты жиі өткізіп тұрса, жас буынның жігері шыңдалар деген ниеттеміз. Ал, бүгінгі аламанға келсек, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Шағын ауыл болса да, қазақтың алтын діңгегін ұлықтап жатқанына қуаныштымыз. Қалипа анамыздың соңында қалған ұрпағының ұлы ісіне, аудан әкіміне алғыс айтамын, – деп ізгі ниетін жеткізді Мұхтар ақын.
Жұма күнімен сабақтасқан керемет айтыстың куәсі болған екпінділіктер мен қонақтар қара шаңыраққа адымдады. Қалипа апаның әруағына Құран бағыштап, ұрпағы ас берді.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ хандығының тұңғыш елордасы болған далада мазмұны терең, мәні зор шаралар өтуде. Соның бір айғағы Екпінді ауылдық округінде алқалы сөз додасы өтті. Еңбектің ерек үлгісін көрсеткен Қалипа Түлкібаеваның ақындардың ұлықтауы заңды да. Себебі, Елбасы айтқандай еңбек адамдарын насихаттау, дәріптеу қажет-ақ, – деді Бекболат қария.
Жаңақорған – жәннатым өз мекенім,
Сеземін бар бақытым сенде екенін.
Өзіңді әрқашанда шын жүрекпен,
Ардақтап өз анамдай әндетемін, – деп Манап ақын жырлағандай, бүгін Жаңақорған төріне келген қазақ ақындары киелі мекенді осылай емірене жырға қосып, Қалипа ананың есімін ұлықтады. Рухани кештен сусындап қайтқан біз де есімі ұмыт қала бастаған аналарды жадымызда қайта жаңғырттық.
Айта кететіні, Қалипа Түлкібаева апамыз Жаңақорғаннан шыққан алғашқы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутатының бірі.
Әли ТЕМІРБЕК.