№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Әлшекей мұралары әспеттелді

Әлшекей мұралары әспеттелді


Жұма күні Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында дәулескер күйші-композитор Әлшекей Бектібайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Дәстүрлі күйшілік өнер және күйші Әлшекей Бектібайұлының мұрасы» атты республикалық-ғылыми теориялық конференция өтті.

  Ғылыми шараға өнер зерттеушілері, әлшекейтанушы ғалымдар, республикамызға танымал эстрада әншілері келіп қатысуы, ой-пікірлерін тоғыстыруы, өнер көрсетуі шараның мазмұнын байытып, сән-салтанатын арттырды. Мәдени шараны ашқан аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының лебізі төмендегіше өрілді:
– Қадірлі өнерсүйер қауым. Қарт Қаратау мен Сыр ананың бойын жайлаған Жаңақорған өңірі талай табиғи таланттар мен дарындар шыққан киелі өнер өлкесі. Аузымен құс тістеген Құлан ақын, дүр Құтбай, күй атасы Әлшекей, «бір өзі бір театр» атанған Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов, ән еркесі Бексұлтан, қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар Төлепберген Әбдірашев, ақын Адырбек Сопыбеков туған қасиетті топырақтан өнер көші бір сәтке тоқтаған емес.

Әлшекей атамыз елуден астам күй шығарып, күйшілік өнердің биігін бағындырған қайталанбас дара тұлға. Әлшекейдің «Тоқырау», «Адасқан қыз», «Нарсоққан», «Терісқақпай», «Қара жорға», тағы басқа күйлері ел арасында кеңінен тарап, күй мұрағатының алтын қорына қосылды. Әлшекей Бектібайұлы атындағы республикалық ұлттық өнерді дамыту қоры осыдан кейін күй алыбының өнерін насихаттау мақсатында республикамыздың өзге де өңірлерінде талай шаралар ұйымдастырды. Жаңақорған ауданында Әлшекей атамыздың 175 жылдығына орай ақпан айында үлкен өнер фестивалі өткізілді. Міне, игі шара жалғасын бүгін өздеріңізбен бөліскелі отырмыз» деп мәдени шараға арнайы келген қадірлі қонақтарға аудан халқы атынан алғысын білдірді.

Шара шымылдығы жазушы-драматург, ҚР еңбегі сіңген қайраткері Жолтай Әлмашұлының «Әлшекей. Күй ғұмыр» атты тарихи драмасымен ашылды. 
Әлшекей өмірін бейнелейтін пьесаны жергілікті өнерпаздар – Бірлік халықтық театрының әртістері сахналады. Қоюшы режиссер Дінмұхамед Әбжаппаров.
Шараның келесі бөлімі ғылыми конференцияға ұласты. Алғашқы болып сөз алған Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық университеттің қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, музыкатанушы, фольклортанушы, халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі Тынысбек Қоңыратбаев «Әлшекей күйлерінің тарихы» жөнінде баяндама жасады. Одан әрі филология ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі музыка өнерін насихаттаушы Берік Жүсіпов «Жиделібайсын күйлері – Әлшекей феномені» деген тақырыпта өз зерттеулері негізінде толғамдарымен бөлісті. Келесі кезекте тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсұнның баяндамасы «Әлшекей – халқымен тағдырлас күйші» деген тақырыпта өрілді. Келесі кезекте жазушы Жолтай Жұмат сөз алып, ғылыми айналымға кірген күйшіні өзі зерттей бастаған кезден тарқатып, шығармаларына терең талдау жасап берді.

Шара барысында сөз алған Әлшекейдің бауыры, ауданымыздың Құрметті азаматы Зинабдин Шермұхамедұлы бабаның туған жерінде дәріптелуіне зор ризашылығын білдіріп, әсіресе бүгінгі қойылымның Әлшекей бабаны қайта тірілткендей болғанын толқыныспен жеткізді.

Баян Үсейінов











а
27 қыркүйек 2022 ж. 1 060 0