Ауданда Ұлттық домбыра күні аталып өтілді
Шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні. Осы орайда орталық алаңда "Дәуір үні - Домбыра" атты шара өткізілді.
Домбыра – қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспабы. Домбыра – қазақ халқының рухани құндылығы, қасиетті қазынасы.
Төрт мың жылдай тарихы бар домбыраның қоңыр үні кім - кімді де тамсандырмай қоймайды. Бүгінде ол өзінің ерекшелігімен Гиннес рекордтар кітабына еніп, ЮНЕСКО-ның сертификатын алып үлгерді.
Елімізде шілде айының бірінші жексенбісі - Ұлттық домбыра күні болып 2018 жылдан бері аталып өтіліп келеді. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды даңқты күйшілерден мирас болып қалған күй өнері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Киелі Жаңақорған топырағында да күйші Әлшекей, Құлан, Құтбай сынды жыршы - жыраулар, қазақ аңызына айналған Төлепберген Әбдрашев пен Қазақстанның Халық ақыны Манап Көкенов, күйші Бәден Айсынов ағаларымыздың домбыра үнін кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбектері ерекше екені даусыз.
Ұлттық домбыра күні - Рухани жаңғырудың жарқын көрінісі. Халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!