» » » Сыры мен сыны бөлек сыр аналары

Сыры мен сыны бөлек сыр аналары

Сәрсенбінің сәтінде Түгіскен ауылдық клубында алғаш ұйымдастырылған аналар форумы «Мәдениетті ана - мәдениетті ұлт» жобасы аясында өнегесімен, еңбегімен ерек танылып жүрген қызкеліншек, әйел-аналардың басын қосты.



  Мәдениет сарайының фойесінде ұлттық қолөнер түрлерінен көрме ұйымдастырылып, халықтық сазды аспаптар оркестрінің орындауында күмбірлеген күй жүректерге жетті.

  Аналар форумын аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы сөз сөйлеп ашты.

– Аналарымыз – отбасының ұйытқысы. Оларға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Ауданымызда да көп балалы аналарды, әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдау мақсатында аудан әкімі қолдауымен «Мейірімділікке толы жан» жобасы аясында көп жұмыстар атқарылуда.

 Бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық аналар кеңесінің форумы ауданымызда қоғам дамуына лайықты үлес қосып жүрген қыз-келіншектер мен аналарымыздың басын қосып отыр. Шараның мақсаты – ел алғысына бөленіп жүрген әйеланалар еңбегін кейінгі ұрпаққа насихаттау, олардың өмір жолын өнеге ету, – дей келе осы шараның облыс көлемінде барлық аудандарда ұйымдастырылып өтуіне мұрындық болып отырған инициатор, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Қаржаубайқызын сахна төріне шақырды. Рахима Ахметова зал толы отырған әйел-аналарға сәлем беріп, осы шараның басы-қасында жүрген барша азаматтарға өз атынан алғысын білдірді.

 Әнуар Әбутәліпов атындағы ауылда өтіп жатқан шараның өнегелік тұстарына жеке-жеке тоқталып өткен ол сөзін былай жалғады.

 – Аналар форумы Сыр елінде бұған дейін болған емес. Біз елдің бірлігін сақтау үшін ең алдымен әйелдердің мәртебесін көтеруге тырысуымыз керек. Елімізде әйелдер ұйымы айтарлықтай жұмыс жүргізуде. Әрқайсысының өз бағыты бар. Осы бағытта 2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрылды. Бүгінгі күні республикада Аналар кеңестері барлық елді мекендерде жасақталып, өзіне белгіленген мақсаттарын іске асыруда. Бұл үкіметтік емес ұйымға жатпайды, консультативтік-кеңесші орган. Солай бола тұра біздің облысымызда Аналар кеңесі саяси сахнада өз орнын белгілеп, отбасы мәртебесін биіктетуге, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, елдегі бірлік пен келісімді сақтауға өз үлесін қосып келеді.  

 Биылғы жылы Аналар кеңесі бастамасымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» деген жоба өмірге келді. Бүгінгі форум да осы үлкен жобаның аясында өткізіліп жатыр. 

Отанның іргесін қалайтын отбасының алтын діңгегі – өздеріңіз. Ұлтымыздың салт-дәстүрімен рухани мұраларының қаймағы бұзылмай бүгінгі күнге жетуі біздің аналарымыздың, әжелеріміздің арқасы. Еліміздің әлеуметтік жағдайын көтеруде де сіздер шет қалған емессіздер. Үлкен жауапкершілікті арқаланып келесіздер. Қоғамдағы адами келеңсіз факторлар туындап қалатын жабайы көріністерге де жаны ауыратын ана. Қоғамдағы әділетсіздік нәзік жандылардың иығына батпандай жүк артып, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салуда. Жетімін жылатып, жесірін қаңғыртудан қаймықпайтын халге тап болдық. Бізге осы мәселелердің түпкі сырын терең зерделеп, содан арылудың, ақиқат жолын табудың амалына көшуімізге тура келеді, – деген ол сөз кезегін өзімен бірге келген облыстық мәслихат депутаты, Казпочтаның аймақтық филиалының директоры Аида Әбибуллаеваға берді.

 – Өздеріңізбен жүзбе-жүз кездесіп, қазақтың иісі аңқыған, ұлы мәдениеті, ұлттық дәстүрлері сақталған жерде ерекше әсерде болғанымызды жасырмаймын. Сіздердің осындай өнегелеріңіз өскелең ұрпаққа, жас жеткіншектерге тамаша тағылым болатыны анық. Бұдан бұрын депутат ретінде бір ауылда болғанымда бір келіншек «Мемлекет бізге не береді?» сауал тастаған еді. Мемлекет барлық жағдайды жасап жатыр. Халық білім, денсаулық сақтау бағытында тегін кепілдендірілген көмекке сүйеніп отыр. Ендігі біздің міндетіміз – елге қызмет ету, – дей келе ауылда істің көзін таба білетін жеке азаматтардың арқасында ауылдың көгеріп-көркейетініне мысалдар келтірді. Осындай еңбегімен халық қалаулысына айналған тұлғалардың атын атады. Міне, осындай үлгілі жандардың тәрбиесінде де аналардың орны биік тұр деді ол.

Батыр ана, Алтын алқа иегері, өнер саласының қайраткері Қуаныш Ахметқызының да жүрекжарды лебізі осы мазмұнда өрбіді:
Жаңақорған топырағының тумасы бұл азамат өзінің өмір жолына тоқталып, бүгінгідей деңгейге тек адал еңбегімен жеткенін жасырмады. Отбасымен мәдениет пен өнерді қатар алып жүруде үлкен еңбекқорлықпен осыдан 6 жыл бұрын «халықтық Қожабековтер ансамблі» деген атақ алғанын айтты. Республикалық Алматы қаласында өткен отбасылық байқауда Қожабековтер жанұясы жүлдегер атаныпты.
 Қонақтар қатарында облыстық физио-пульмонологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Базарбайқызы көп балалы ана ретінде өзінің тәрбие-тағылымдық тәжірибесінен түйген мағыналы пікірлерін бөлісті. Одан әрі сөз алған журналист Баян Үсейінова имандылық хақында ойларымен бөлісті.

– Дүниедегі жаны бар атаулының барлығы ананың жүрегінен жаралған. Олай болса, қай қоғам, қандай заманда болмасын әйел-ананың орны бөлек, миссиясы ерек. Ендігі мәселе, өз соқпағымызды тауып, табиғатымызды танып, дербес даму жолына түскен қазіргі қоғамда әйелдердің қоғамдағы орны қай жерде, қандай болмақ, осы жағын саралап алғанымыз дұрыс.

 Қазіргідей қазақ елі өзімізді әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылып келе жатырмыз деп мемлекеттігімізді дәріптегіміз келгенімен көңілге тоқ санарлықтай сапалы сапаға неге қол жеткізе алмай отырмыз? Мұның түп салдары неде деген мәселеге келгенде біз өзімізді кінәлауға тура келетін тұстар көп. Бұдан нешеме қиын, күрделі сын кезеңдерді бастан өткергенде қайралмаған, жаншылмаған мінез-қалыбымыздан, қадір-қасиетімізден қалай қол үзіп барамыз? Осы тұста ойланып, бар-жоғымызды түгендейтін кез келді.

 Рас, бүгінде әйелдер қауымын ерлерден бір де кем санап, төмендететін факторлардың жолы кесілді. Әйел үйде де, тұрмыста да, қоғамда да толыққанды тұлға ретінде кәсіпте, өндірісте, ғылымда, тіпті мемлекеттік қызметте болмасын өздерінің болмыс-бітімін дәлелдеп, қайта ерлерге қарағанда анағұрлым жауапкершілігімен, іске деген тиянақтылығымен, құнттылығымен танылып жүрген нәзік жандыларға салмақты міндеттерде сенім көрсетуге де әбден болады. Бұл тұрғыда қазақ әйелі қашаннан қауқарлы.

 Ата-бабаларымыз жорықтарға, үлкен сапарларға аттанар алдында артта қалған қарт, қария, қалың орманды осы әйел-аналарға табыстап, «Артта сіздер мықты болсаңыздар түзде біздің көңіліміз тоқ, ісіміз бекем» деп оларға сенім артқан. Олар да сол сенімге қылаудай кір жуытпағанына кешегі күндері ерін, бауырын, баласын қанды шайқасқа шығарып салып, өздері бүкіл тауқыметті арқаалап қала берген қазақ әйелінің қажыр-қайраты дәлел.

 Осыншама қиындықта тақсырет тартып жүрсе де тауы шағылмаған, тазалығына титімдей кінәрат түсірмеген, ары мен адалдығын қызғыштай қорыған қаранар қуаттың қайнар көзін қайдан іздеуге болады?

 Ата-бабадан жалғасқан сол сабақтастықтан бүгін неге айрылып қалдық? Қоғамның жанына аяздай батқан осы сырқаттың сырын жаңылмай таба алсақ оның еміне де жеңді сыбанып кірісуге болады.

 Халқымыз қашаннан салт-дәстүрге бай, әрбір ырым-тыйымының өзі шынайы, өмірмен өзектес өрілген. Осынау қағидалар мұсылманшылықтың шарттарымен сабақтаса өрілгенде бірін-бірі толықтырып, мызғымайтын дала заңдарына айналып, ғасырлар бойы халықпен жасасып келгені белгілі. Бүгінде содан айнып, ата жолынан адасып, адамшылығымызға сызат түскен болса біздің өз кінәмізден, осы дәстүрсалтымызға берік бола алмағанымыздан десек бұл ащы болса шындық.

 Ұлтымызда ұлы деп айтылатын бірінші адам Абай мұсылманша да хат таныды, орысша оқуға да ден қойды.Қос қанаты секілді екі білімді де жат көрмеді. Қазақ үшін өркениетке жетудің жолы білім-ғылымсыз мүмкін еместігін түсінді. Халықты да осыған үгіттеді.

 Ыбырай Алтынсарин «Биссимиллахи рахман рахим» деп бастап «Кел, балалар, оқылықтың мәні «тастан сарай салғызған, көзді ашып, жұмғанша жылдам хабар алғызған» Батысты үлгі етті.

 Исламның мәні Жартушыны бір деп тану, оның құдіретіне табыну, оған құлшылық ету, адам баласына обалсауап, адал-арам, жақсылық-жамандық туралы білім беру, сол арқылы адам баласын кісілікке, өркениетке жетелеу. Міне, осы қағидаларды бойына түгел сіңірген ұлттық заң-зәкүн, ережелердің о бастағы миссиясы осындай. Заманалар ауысып, қоғам жаңара келе ұлтты уығынан ажыратқысы келген мүдделі топтар осы құндылығымыздан айыруға жан салып бақты, осылайша өз мақсатмүддесіне толық жетті деп айтуға да болады.

 Оның көрінісі – бүгінде «Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» деген ұлы қағиданың аяқасты болуы, оның көрінісі – еркек пен әйелдің тең праволығы осы деген желеумен жанұядағы орны, міндеті дүрыс үйлеспей, ажырасушылықтың көбеюі, оның көрінісі, некесіз бала табу, біреудің ақысын жеу, көз жасына қалу, қиянат арқалау, бір сөзбен айтқанда Құдайдан қорқу деген ұлы сещімнің аяқасты болуы дер едім.
 Алла Адамды жаратқанда оған Аманатты жүктеді. Ешкім де жоқ ақылсана бір аманат. Адам ақыл-ойымен, санамен Құдайын танып, оған құлшылық әрекеттерін өз деңгейіелк атқару керек.

 Тоқсаныншы жылдары егемендіктің елең-алаңы кезеңінде бұрынғы жүйе күйреп, қайта аяққа тұруға талпынған  мемлекетіміздің әлеуеті әлсіреп тұрған кез. Өлара, өтпелі шақ еді. Елде ақша жоқ. Бай, қалталы деген ұғым қаоыптаспаған, Ресейден қол үзіп, өз меншігімізде қалыпты экономика аяққа тұрмаған, ұлттық қор бос, жәрдемақы, зейнетақы жоқ, тіпті жалақы бесалты айлап берілмей, қиналған кезең болды. Осы кезеңдері ауданымызға әкім болып келген Ибрагим Әбибуллаев осындай қиын шақтан елді алып швғуда ең басты тірек – ИМАН екенін, оның жалауын желбірететін ақ жаулықты АНА екенін анық болжады. Ауданда әйелдер ұйымымен қатар мұсылман әйелдер ұйымының құрылып, қоямақолтық жұмыс жасауына қамқор болды. Ел ерге қараған, ер жерге қараған қиын шақта аналардың басын қосып, насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғам жанынан ашылған қайырымдылық қорына жинақталған қаржыдан тұрмысы төмен отбасыларына жәрдем берген көмек-қолдауына өз көзімізден куә болғанбыз. Ауыл-ауылды аралап, клуб үйлерінде қаншама әйеланалардың басын қосып сабырлықты, ерік пен жігерді, намысты, бастысы ақ жолдан аттамауды насихаттаған осы жұмыстардың арқасында сондай ауыр кезеңді абыроймен еңсердік. Нан таппай қиналса да бір-бірін кінәлап қазіргідей ахырасушылық болған жоқ. Елдің ең бастысы имани көзі ашылды. Аллаға сенімі күшейді. Жақсы күндерден үміттенді. Қара нанын болсын дастарханға қойып, ауыз бекіткендерге құрмет көрсету күрт артты. Қаншамасының көкірегі ашылып, намазға бет бұрды. Адам рухы байыған сайын бір-біріне мейірімі артып, қарын аш болса да көңілі тоғаяды, жақсы сөзге жан семіреді екен. Бір арнада тоғысқан осындай ақ тілекпен ауыр күндер еңсерілді. Бізге нақ қазір де осындай ауызбіршілік керек.

 Ауданда 200-300 ге жуық, тіпті одан да көп жігіттің басын қосқан «Жаңарған Жаңақорған жастары» ұйымы бар. Барлық ісі берекелі, мәнді, сәнді. Өзі құрылғалы 5 жыл ішінде сегіз үйді салып бітіріп, жыл сайын шын мұқтажды қуантуда. Небір мықтылар – ірі кәсіпкері бар, заңгері бар, дәрігер, ұстаз, мекеме басшылары, қарапайым еңбек адамдары бар, бәрін бірдей бір мақсатқа жұмылдырып, айрандай ұйытып отырған бір-ақ құндылық. Ол – ИМАН. Құдайдан қорқудан, оған құлшылық етуден тұратын аңсар тілек о баста мешіт михрабында басталып, сол жерде бас қосқан отыз-қырық жігіттің саны бүгінде еселеп артты. Бұл жерде ұйымның беделі, одан түсетін абырой, мансап, мақтан ешкімге де қажет емес. Армандары – біреу. Халыққа жақсылық жасап, сол арқылы өздері де жақсылыққа қауышсақ дейді. Біз, аудандағы әйелдер ұйымы осы деңгейге жетуііміз керек. Елде жұмыс жасаймын, қоғамға көмектесемін, қатарларыма жәрдем жасаймын дейтін белсенді әйеланалардың көп болғаны жақсы, сол аналар жұдырықтай жұмылып жұмыс жасаса қыз-балалар, жас аналар тәрбиесі жақсара түсер еді.

Ұлттық үрдістер ұлықталған күн

 Форум аясында ауданық Мәдениет бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкерлері, аудандағы «Ақ Баян» қоғамдық бірлестігі, Түгіскен ауылдық клубы қызметкерлері ұйымдастыруымен кешкі мерекелік алаң ажары форум жұмысысынң мәемаңызын ашып, оған келген қонақтар мен жергілікті халықтың көңіліне ерекше әсер сыйлады. Ашық аспан астында тербетілген алтыбақан, одан әріректе асық ойнап жүрген балалар, қазақтың ежелгі жеңсік асы – сөк, талқанды дайындауда диірмен айналдырып, келі түйген құнтты аналар келбеті, күбі пісіп, май шайқаған қыз-келіншектер, ыстық отта нан пісіріп, самаурын қайнатқан қаракөздер қимылы жанды көрінісімен бір ансамбльге жинақталып, ұлт өмірінің тыныс-тіршілігінен тамаша тағылым сыйлады.

 Осы шарада «Көсбасшы аналар» марапатталды. Олар «Білім саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, педагог ұстаз Зөреш Шермағанбетова, «Жаманбай батыр» ауылдық округінің Әйелдер Кеңесінің төрайымы, кәсіпкер ана Рысжан Төлепбергенова, Зейнеткер, көп балалы ана Раушан Назарова, Жаңақорған кенті әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы, үлгілі ана – Алмагул Мамирова, Азия, әлем чемпионатының 5 дүркін жүлдегері, ҚР спорт шебері, «Түгіскен» спорт мектебінің директорының орынбасары
 – Гүлжан Жұманова, «Бидашовтар» халықтық, жанұялық ансамблінің жетекшісі, әнші, республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жүлдегері Гаухар Бидашова, мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау грантын жеңіп алған, кәсіпкер, көп балалы ана Самал Шаметова, Мемлекеттік кәсіпкерлерді қолдау грантын жеңіп алған, кәсіпкер, акушер, массажист Сандуғаш Увайдаева.

 Аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталған аналар – зейнеткер, білім саласының ардагері Іңкәр Сыздықова, №229 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Бақтыгүл Салиева, Белсенді ана Айгерім Қарабаева, №180 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Садырбаева, Жеке кәсіпкер Гүлбану Тілепова, Көп балалы ана Сандуғаш Тұрлыбекова, Кент әкімі аппаратының әлеуметтік қызметкері Айгерім Кайбуллаева, жеке кәсіпкер – Гүлзира Әбибуллаева.
Шараны мәдениет майталманы Күлән Әбілтанова жүргізді.






Баян Үсейінова

27 тамыз 2022 ж. 697 0