Қасиетті өнердің қанаты талмайды
Өнер – тәрбие атаулының ішіндегі ең құдіреттісі. Өйткені ол табиғаттағы жанды мен жансызды бір тіннің бойына түзіп, Ұлы егесінен жеткен сырды санамен сүзіп, соның бойымен сыйқырлы саз боп төгіліп, тылсымға тіл бітіреді. Құдіреттің қос туындысы – адам мен аспап бір жүрекке байланғанда бір үн, бір мұңмен алпыс екі тамырыңды шымырлатып шыққан әсем әуен әлемді әлдилеп, ешбір аудармасыз ел мен жер асып, адамзатпен мәңгілік жасай бермек.
Бүгінде өнер құнсызданып кетті, ақша мен атақ алға шығып, пенде қалауы материалдық байлықтың арбауында адасып жүр дегендер адам жаны түптің-түбінде бәрінен жеріп, руханиятты іздерін, міне осындайда жалғызсыраған жанына нұр шашар өнер – мәңгілік, өйткені оның бойында Тәңір сыйлаған рух бар екенін мойындауы керек.
Кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен ауданымыздағы танымал төрт бірдей талант өкілі – Шәрбану Жиенбаева, Гүлсара Бұлдырықова, Құралай Әлиева, Ажар Қабланованың шәкірттерінің жетістіктерін тамашалап отырып, біз осындай ойға келдік.
Бұл төртеуі де «Әлшекей» атындағы өнер мектебінің ұстаздары, бойларындағы талант-талғамымен елдің баласын өнерге, ән-күй мәдениетіне баулып келеді. Оның артықшылығы неде? Балаларымызды өнер мектебіне бермесек көштен кейін қала ма?Ұрпағымыз ән айтып, би билеп, музыка аспабын меңгере алмаса адам бола алмайды дегенді кім айтты? Музыканың исі мұрнына бармай-ақ кісі боп, елді басқарып жүргендерді қайда қоямыз сонда дерсіз? Өнерге құштарлық адами өнеге мен асқақ арманның үйлесімінен туады. Музыканы түсіне білмейтін адам осындай үйлесімнен ада, соған сәйкес жан-дүниесі де жадау, түсінігі таяз, қабағы қату боп келетінін аңғару қиын емес. Олай болса, дүйім көпшіліктің өз тағдырын домбыраны таяқ деп танымас тоңмойын біреуге тапсырғаннан гөрі, өнердің асылын білетін, ән-күйге жақындау жүретін жайсаң жандыға көбірек көңілі ауып тұрар ықыласының астарында заты өнерге жақынның жүрегі жұмсақ болып келеді деген тұжырым жатқанын тұспалдайтын сияқтымыз.
Шәрбанудың шәкірттеріне әсіресе «Таңшолпан» телевизиялық байқауында ерекше көзге түсуге мүмкіндік бар. Солардың бірі Азизбек Тасболатов аудандық, облыстық, халықаралық байқауларда жүлделі оралып жүр. Сол сияқты Рамазан Өскенбай, Дінмұхамед Жамур, Нұрсардар Нұрдулланың бірнеше мәрте жеңісіне көпшілік көрермен куә. Бұл күні ұстаз еңбегінің шынайы жемісін дәлелдеген шәкірттері қатарында Дінмұхаммед Жаннұр Константин Меладзенің «Вера» деген әнін шырқаса, «Тамшы» тобы «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әнін, сол сияқты «Талант» тобы орындауында Әбілқайыр Сыздықов пен Шәрбану Жиенбаеваның «Туған өлке» әні көпшілік жүрегіне жол тартты.
Әлшекей атындағы өнер мектебінің вокал сыныбының оқытушысы, талантты сазгер Шәрбану Тұрсынбайқызының жас ұрпақты өнерге тәрбиелеп келе жатқанына отыз жылға жуықтапты. Өз өмір жолы туралы өзі былай деп әңгімелейді:
– Мен 1965 жылы 27 қарашада Арал ауданы, Ұялы елді мекенінде дүниеге келдім. Еңбек жолымды Төменарық ауылында орта мектепте мұғалім болып бастадым. Менің болашақ өмір жолымдағы болмысымды бекемдеген осы өзім еңбек еткен білім ордасының басшысы Базарбай Жаманқұлов ағайымның берген ақыл-кеңесі, тәлім-тәрбиесі десем жаңылыспаймын. Ол кісі балаға берілер білімнен бұрын тәрбие мәселесіне аса қатты көңіл бөлуді аманаттады. Ұстазымның сол өнегесін ұстанып, алдымда отырған шәкіртімнің адамгершілігі мол, ата-анаға мейірімді, адал азамат болып қалыптасуына жанашыр ниетімді ешқашан төмендеткен емеспін. Жас өренді сол бағытта тәрбиелеуде музыканың өзіндік құдіретін меңгеруге тырыстым. Саз өнерінің өн бойында асқақтық та, өрлік те, бекзаттық та, кеңдік те, бір сөзбен айтқанда кемелділік тұнып тұр. Сондықтан шәкірттерім келешекте өнер жолын таңдасын, таңдамасын, олардың тұлға болып қалыптасарына осы жолда төккен терімнің еш кетпейтініне сенімімі кәміл.
Кеш барысында тағы бір талант иегері – Гүлсара Бұлдырықова жетекшілік ететін «Толқын» фольклорлық ансамблі «Сейдулла Байтерековтың «Кішкентай» күйін, Д.Исламбектің «Түрік әуені» шығармасын тыңдарманға тарту етті. Жыл сайын аудан жастарынан ұлттық өнер жанашырларының қатарын қалыңдатып келе жатқан ұлағатты ұстаз Гүлсараның да өнер саласында табанды еңбек етіп келе жатқанына биыл отыз жылдан асыпты.
– Мен 1974 жылы 18 қарашада Жаңақорған кентінде дүниеге келдім. Қызылорда музыкалық училищесінің халық аспаптар бөлімі «Домбыра-прима» класын тәмамдадым. Менің әу баста өнер жолын таңдауыма әкемнің кенже інісі – Нартайдың ықпалы зор болды. Ол кісінің халық әндерін, арасында өзінің де ән шығаратын сазгерлігі бар, өзіндік нақышымен орындау шеберлігі қатты қызықтыратын. Мен де осы жолды таңдап, көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Олардың қатарында Әбдуоқап Сымбат деген оқушым талай бәйгеде жүлде алды. Осы жолды жалғап, магистр атанып, қазірде Құрманғазы атындағы оркестр мүшесі. Тағы бір шәкіртім ел астанасында өнер академиясында білім алып жатыр. Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде де шәкірттерім бар. Олардың әрбірінің жетістігі – менің еңбегімнің өтеуі, – дейді ол.
Ұстаздың халық алдында есеп беруі сынды бүгінгі концертте Гүлсара Бұлдырықованың дирижерлығымен өзі негізін қалаған «Толқын» ансамблі орындауында Әлшекейдің күйі «Тоқтаған» сахна төрін тербеп, тыңдармандары көңілін тәтті әсерге бөледі.
– Келесі кезекте аудан өнер өлкесінде өзіндік өрнегімен ерекшеленіп келе жатқан дарын иесі – Құралай Әлиеваның шығармашылдығы шынайы бағасына қауышты. Көрермен назарына ұсынылған бейнеэкранда кейіпкердің бір күндік шәкірттермен дәріс беру көрінісінен ролик әзірленген екен, сол сәтінен жазылынып алынған сұхбатта ол былай дейді:
– Мен 1981 жылы Байкенже ауылында тудым. Өнерге алғаш тұсауымды кескен музыка пәнінен сабақ берген Юсупова Ақтолқын апайыма алғысым шексіз. Ол кісі мені титтей кезімнен сахнаға тәрбиеледі. Сол жылдары Роза Рымбаеваның орындауындағы әндерге қатты көңілім құлап, осы әншіге еліктедім. Шәкірттерім де патриоттық әндерді орындауға әуес. Мен оған қуанамын. Ән адамды тәрбиелейді. Бір сөзділікке, шынайылыққа, тазалыққа. Өнерге жалғандық жүрмейді. Сондықтан кейде маған келетін ата-ана «баламыздың мінез-құлқы, дағды мәнері де саған ұқсап бара жатыр» десе күлемін де қоямын, асылында өнерде таңдаған жолы, репертуары бір өнер адамының мінезі де бір бағытта қалыптасады. Бұл ұстазға үлкен жауапкершілік. Тақтайдай түзу жолдан ауытқымай, табанды қағидамыздан танбай келе жатуымызға осы жауапкершілік сезім сүйеніш болып келе жатқан шығар, кім біледі, тағдыр жолы бұралаң ғой. Ұлы өнердің жалына жармасқан оған адалдық танытқанда жұлдызы биік болады, – дейді ол.
Талантты ұстаздардың шығармашылығына арналған концертте «Ах, Самара, городок» әнін Құралайдың шәкірті Дилназ Дәуренқызы, «Он алты қыз» әнін Ғажап Ақтурин, Нұртілек Мұхамеджан, Даниел Абдрахман орындаса, «Молдабайдың әнін» тағы бір шәкірті Бөрібай Бекарыс нәшіне келтіре шырқады.
Жаңақорғанда жасөспірімдер арасында би өнерінің бағын ашып келе жатқан екі тұлға бар. Соның бірі Гүлнар Ибадуллаева «Аққу» би тобының жетекшісі, екіншісі Ажар Қабланова, соңғы оншақты жыл осы жолда «Назерке» би тобын жасақтап, жас дарынды баулуға тер төгіп келеді. Өз өмір жолы туралы биші Шара Жиенқұлованың ізбасары былай деп әңгімелейді:
– Мен 1992 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келдім. Ең бірінші мені биге баулыған анам. Одан әрі мектептегі ұстазым Шайменова Қапиза апайыма басымды иемін. Кәсіби білім алу бағытында Ахметова Салтанат апайым нақты бағыт-бағдар берді.Оқуымды бітірген соң осы өнер ордасына жұмысқа қабылданып, бойымдағы барымды шәкірттерге беруге талмай жұмыс жасап келе жатырмын. Бір анық жайт, ойыңдағыдай жетістікке жету үшін әр баланың психологиясын білу маңызды. Шынайы қимыл ырғақтары алдымен қалтқысыз қарым-қатынастың нәтижесінде ғана мүмкін болады. Сондықтан әр оқушымның жанын терең түсінуге ұмтыламын. Шәкірттерім де менің еңбегімді ақтап, «Бозторғай», «Таңшолпан», басқа да халықаралық байқауларда топ жарып, мерейімді биіктетіп жүр. Репертуарымызға қазақ, өзбек, татар, басқа да шығыс халқының билері, заманауи, тіпті тик-ток стиліндегі ырғақтарды да ендіруге тырысып келемін. Әлеуметтік желі арқылы да өз көрермендеріміз қатары қалыптасқан дей аламын, – дейді ол.
Бұл күні Ажар Қабланованың шәкірттері «Қазақ биін», Италия биі «Торантеллоны» саханаға шығарып, көрермен көңілін шуаққа толтырды.
Кеш соңында аудан әкімінің Алғыс хаттарын еншілеген өнер иелерін өнер мектебі директоры Қалдыбай Қошқарбай өз атынан марапаттап, лайықты сый-сияпат жасады.
Баян ҮСЕЙІНОВА