№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «АқБаян» әні қалай туды?

«АқБаян» әні қалай туды?


Бексұлтан Байкенжеевтің төлқұжаты іспеттес «Ақ Баян» әнінің қалай туғаны жөнінде жалпы хабарымыз бар сияқты. Жезтаңдай әнші Мәдина Ералиеваның орындауында өзгеше мәнер алып, мәртебесі одан әрі асып, қазақ даласын кең шарлап кете барған ән әуені әлі күнге құлағымызда тұр. Десек те осы әнді қайта жаңғыртып, туған халқымен қауыштырған жергілікті талант иесі, қазірде Манап Көкенов атындағы Мәдениет үйінің қоюшы – режиссеры Дінмұхамед Әбжаппаровтың «Ақ Баян» деп аталатын авторлық музыкалық драмасы көп көңілінен шыққаны өз алдына, өмірдің сан иірімінде санасы қасаңданып, тәтті арманын тәрк еткен талайдың көкірегіне қоңыр мұң ұялатып, талант ұлылығына тағы бір бас идіргендей.


Пьесаның бірінші шымылдығы. Қара баянын алдына өңгеріп, нотаға үңіле түсіп студент Бексұлтан отыр. Таң атқанша көз ілмей еңбектенген жас талап, ал енді бір жағында өзі ұнатқан Баян деген қызбен сырласқан айнымас досы – Әбдімәлік. Екеуі жатақханада бірге тұрады. Ақын жігіттің құрдасына бұл жолы қолқасы тіптен ерек. Өзі құлай сүйген ғашығына арнап жазған «Ақ Баянның» сөзіне Бексұлтан ән жазуы керек. Бексұлтан Баянды танымайды, көрген де емес, олай болса оған қалай ән жаза алар екен? Дос көңілін тағы қимайды. Әбдімәлік сынды ғашықтық отына өртенген жай-күйін бір сәт еске алған Бексұлтан елде жас сәбиімен жанары жәудіреп қалып кете барған Шәрбануын көз алдына елестетіп, елжіреп отырып шығарған әнін қолындағы қара баянына қосып шырқағанда жатақхана ғана емес, бүкіл Қызылорданың түні жарқырап, жанары оттай жанып, өзін қоярға жер таппаған талантты шын танығандаймыз. Түн ішінде Әбдімәлік екеуі байланыс пунктіне барып, жарына телефон соғып, жаңа әнін орындап бергенін, оны тыңдаған Шәрбануының «Ақ Баян деген кім?» деп қызғаныш білдіріп, тұтқаны қоя салғаны, өткен күн суреттерінің бәрі-бәрі шынайы көз алдымызға келді. Мұндай нәзік сырлар ұмытылып та кетер ме еді, соңында өнерде жолын жалғаған ұрпақтары қалды. Әсіресе, Әбсұлтаны. Қара баянын қолына алып сахнаға шыға келгенде қайран ағаның өзі тіріліп келгендей жанары суланбайтын жан жоқ. Түр-тұлғасы ғана емес, болмысы, мінезі, ән шырқағандағы дауысы айна қатесіз ұқсап қалған Әбсұлтанды бүкіл жаңақорғандықтар жақсы көреді десек жаңылмаймыз.

«Ақ Баян» пьесасында Бексұлтанның ролін осы Әбсұлтан сомдайтын шығар деп күткен едік. Сахнада өрімдей жас талап Айдарбек Молдабековты көрдік. Шағын денесіне музейде тұрған Бексұлтан ағаның костюм-шалбары мен сары плащы шап-шақ бола қалыпты. «Ақ Баянды» жазғанда жиырмадан енді асқан жігіттің ролін елуге тақап қалған Әбсұлтанға қалай ұсынуға болады?

Айдарбектің кейіпкерін шынайы сомдағаны соншалық жанарымызға жас келіп, өткен күн суреттерімен қауышқандай болдық. Алып-ұшқан махаббаттың иесі жалағаштық ақын – Әбдімәліктің ролін Айжарқын өте нанымды алып шықты. Сол заман жастарының тап-таза, бөгде болмыспен былғанбаған шынайы сүйіспеншілігін танытып тұрған олардың екеуара диалогы десек, осыны сәтімен өре алған автордың өзі де сол кезеңнің бір ұштығын сезініп үлгерген тұлға екендігімен бұл тақырыпты еңсере алғанын мойындауымыз керек.

Ән туған күні қос талант жастық жалынын арқаланып, қаладағы педучилищеде оқып жатқан әнші Мәдинаны іздеп барды. Мақсаттары – Баянның туған күніне шақырылған қонақтар қатарында жаңа әнді Мәдинанаың орындауында иесіне тыңдату. Сол туған күн кешінде болған радиоқызметкері әнді орындаған Мәдинаны радиоға шақыртып, арнайы оркестр сүйемелдеуімен эфирге шығарып жібереді. Ол кезде облыстық партия комитетінің І хатшысы Исатай Әбдікәрімов еді, әнді радиодан тыңдап сүйсінгені сондай, ән авторын да, композиторды да, жас әншіні де өзі қабылдаған екен. Мәдинаның ел астанасы – Алматыға ауысып, үлкен ортада танылуына осы ән себеп болғаны жөнінде ақиқаттың өзегі осы болса керек.

Төл туындысы туралы тебірене ой айтқан Дінмұхаммед былай дейді:
– Туған жердің тікенегіне табанын тілдіріп өскен Бексұлтан ағамыз ән мен жырды Абай атамыздан кем сүйген емес. Әуезді әнінің алғашқы ноталарынан-ақ іңкәр көңіл мен нәзік сезімнің иірімдерін бірден аңғаруға болады. Содан болар, біраз уақыт өтсе де туындылары өміршеңдігін жойған жоқ.
Әсем әуен бойыңа қуат, ойыңа нәр беріп тұрады. Бұл – өнердің күші. Ал осындай өнерді тудырған ағамыз жанындағы ыстық жалынды жеті нотаға сыйғызып, жүрегінің қалауын ақ қағазға түсірді. Қазақ әніне ерекше әр берді. Талай қазақтың құдасын төріне шығарған «Құда болып жүрейік» әні әлі күнге дейін ел құлағында. Жұмыртқадай аппақ болған жеңешесінің құрт майын сағынған Бексұлтан ағамыздың әнінсіз ешбір мереке, той-думан өтпейді. «Ақгүлім» әні талай өнерпаздардың репертуарынан орын алды, – дейді ол.
Пьесада Ақбаянды Қарақат Амангелді, Вахтер апайды Құралай Мұсахметова, Мәдина, Кенже Әкімбаева, Исатай Әбдікәрімовтың ролін Дінмұхамед Әбжаппаровтың өзі, сомдады. Музыкамен Нұржан Ержігітов көркемдеді.
Әсерлі қойылымнан соң Бексұлтан рухы тербеген сахнада аяулы аға ізін басып келе жатқан өнер иелері Бексұлтанның әндерін әуелетті. «Сырдария» әнін Ислам Нағызхан, «Ақшолпан» әнін Бағдат Нақыпов, «Ақбаян» әнін Бақыткүл Тасқожаева, «Досқа сыр» әнін Сайран Ділманов пен Кенже Әкімбаева, «Нағашым» әнін Ердәулет Өтепбергенов, «Әйел – күннің шуағынан жаралған» әнін Құралай Әлиева, «Ақ гүлім» әнін Талғат Тұрсынбаев пен Фархат Бакиров, «Жыл құсы» әнін Өмірсерік Бейсенбиев, «Арманым – ақботам» әнін Рыскүл Ұлықпанова, «Гүлденген Жаңақорған» әнін Әбсұлтан Байкенжеев орындады.

Баян Үсейінова

27 сәуір 2022 ж. 1 065 0