№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ АҚЫНЫ

СЫРДЫҢ СЫРШЫЛ АҚЫНЫ

Халқымыздың ардақты ұлы, қоғам қайраткері, халық жазушысы, ақын, драматург Әбділда Тәжібаевтың туғанына 110 жыл толуына орай, «Арман» кенттік мәдениет үйінде «Сырдың сыршыл ақыны» атты әдеби сазды конерттік бағдарлама өрбіді.

Әуелі келушілер мәдениет үйінің фоесінде Әбділда ақынға арналған арнайы кітап көрмесін тамашалады. Мұнан кейін «Жыр маршалы» атанған ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жүргізуші Ақмарал Бекахметқызы шолу жасады.
Кітапханашылар Сәбира Нұғыманова мен Гүлназ Тұрсынбаева ұйытқы болған сазды бағдарламаны тамашалауға Сунақата, Кеңес, Келінтөбе және өзге де ауылдық округтен келген кітапханашылар мен кенттің поэзия сүйер қауымы жиналыпты.
Өз кезегінде сахна төріне шыққан Қазақстан Журналистер Одағы мен Жазушылар Одағының мүшесі, қаламгер – журналист Нұрмахан Елтай мен Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, журналист Ерубай Қалдыбек Сыр сүлейі жөнінде есті естеліктерін ортаға салды.
Өз естелігін 1979 жылы Қызылордадағы ақиық ақынның 70 жылдық мерейтойындағы кездесуден бастаған Нұрмахан Назымханұлы Әбділданың ақындығы мен қатар қоғам қайраткерлігі жайлы сөз етті. Оған қоса, ақынның сұрапыл соғыс жылдарында Бас қолбасшы Сталинге арнайы хат жазған. Әрі ат төбеліндей аз ғана ұлттың бар ақын–жазушыларын соғысқа алудың ұлт болашағына балта шабу екенін атап көрсетіп, қырықтан астам ақын-жазушыны алып қалғандығы ерлікке пара-пар еңбек.
Ал, Ерубай Қалдыбек болса ақынның Жаңақорғанға 1967, 1979, 1981 жылы келген сапары жөнінде еске алды. «1979 жылы 70 жасқа толып жатқан Әбділда Тәжібаев пен жазушы-публицист Мұхамеджан Қаратаевтың және олармен бірге жүрген ғалым Мардан Байділдаевтың Сыр бойына келу сапары Жаңақорған топырағынан басталды. Құрметті қонақтарды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы Жұмабай Сарыбаев, облыстық партия комитетінен Дәуірхан Айдаров, жазушылар Одағының Қызылорда филиалының жетекшісі Қомшабай Сүйенішев, халық ақыны Манап Көкенов пен жезтаңдай әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеев бастаған өнерпаздар күтіп алды. Қолындағы қара сырнайын құлаштай тартып Бексұлтан бұрын айтылмаған жаңа бір әнді шырқай жөнелді. Бұл оның осы кездесуге арнайы жазып дайындаған «Сырдария» әні еді.
Ән біткенде Әбділда аға: – «Мен бұл өлеңді сонау отызыншы жылдардың ортасында жазып едім. Өлеңнің анасы мен болсам, енді бүгіннен бастап сен оның әкесі болдың айналайын, – деп жүзін жас жуған сырбаз ақын Бексұлтанды құшақтап бетінен сүйді». Бұл Ерубай ағамыздың естелігінен үзінді.
Мұнан кейін мәдениет үйінің өнерпаздары Әбділда Тәжібаевтың сөзіне жазылған әндеріне кезек берілді. Әнші Әбсұлтен Бексұлтанұлы «Сырдарияны» сырнаймен шырқаса, термеші Гүлжан Шерубаева қоңыр домбырамен «Туған жер туралы» толғауын тамылжыта орындаса, мәдениет үйі жанындағы «Шашу» би тобы мың бұрала билеп көрермендердің ризашылығына бөленді.
Келелі мәдени кешті қорытқан аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Әсемкүл Тілеубергенова бұл әдеби сазды бағдарламаның жоғарғы дәрежеде өтуіне мұрындық болған кітапханашылар Сәбира Нұғыманова мен Гүлназ Тұрсынбаеваның ұйымдастырушылық қызметіне және өз естеліктерін айтып көпшілік көңілінен шыққан қос қаламгерге ризашылығын білдірді.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
15 маусым 2019 ж. 1 261 0