№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » "Димаш Құдайбергенді үлгі тұтамын"

"Димаш Құдайбергенді үлгі тұтамын"


Қазалы ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әнші Мәдина Ералиева атындағы «Ақбаян» облыстық байқауы өтті. Онда жаңақорғандық Аманжол Сламов нәтижелі өнер көрсетті.

Бұл Аманжолдың алғашқы жетіс­тігі емес. Бұған дейін балдәурен шақта «Айгөлек», «Боз­торғай» ән байқауында дара шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген-ді. Қаратаудан қанаттанған өнерпаз одан әрі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінде білім алды. Музыкалық қабілетін шыңдап, қолына диплом алып, Әбдіғаппар ауылдық клуб үйінде қызметін бастады.
– Орындаушылық өнер текпен да­рыды. Әкем жастайымнан қасына ертіп жүріп, жиын-тойларда бірге ән айтқызатын. Әттең, өмірден ерте озды. Енді әкемнің жолын жалғау мұратым. Осыны ескеріп «Ақбаян» ән байқауына тыңғылықты дайындықпен бардым. Ән таңдауға келгенде өнердегі ұстаздарымның ақыл-кеңесіне жүгіндім, – дейді жас өнерпаз.
Өнер жолы жауапкершілікті талап етеді. Расында үнемі ізденіп, еңбектенгенде ғана өнерің жанады. Аманжол осыны жақсы түсінеді.
Байқаудың шарты бойынша талапкер бірінші кезеңде Мәдина Ералиеваның репертуарындағы әнді орындаса, екінші кезеңде өз қалауы бойынша ән орындады.
– Таңдайынан бал тамған әнші Мәдина Ералиева ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күз» әнін шырқаған болатын. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнді орындаудың өзіндік техникасын терең меңгеруге жұмыс жасадым. Нәтижесінде қазалылық көрермендер өнеріме жоғары бағасын берді. Келесі кезеңде Ержан Серікбаевтың «Жолдар» әнін орындадым, – дейді ол.
Сыр өңірінің жеті ауданынан келген 15-тен аса өнерпаздың ішінен Аманжол Сламов ерекшеленіп, жүлделі екінші орынды иемденді.
– Өзім әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген Димаш Құдайбергенді үлгі тұтамын. Оның еңбекқорлығы, өз-өзіне жоғары талап қойып, соған жету жолындағы ізденісі таңғалдырады. Мен де шығармашылығымды дамытуда еңбектенудемін, – дейді Аманжол.
Бүгінде кейіпкеріміз біршама ысылған, аудан жұртшылығына танымал болып үлгерген, өзіндік мәнері бар өнерпаз. Дарынды жас өзінің жеке концертін жерлестеріне ұсынып жүр. 2018 жылы Қыркеңсе ауылдық округі әкімдігі қолдауымен талант иесінің «Туған жер» тақырыбында жеке концерті өтті. Өнердегі досы Тоқтар Әжімұратовтың жүргізуімен өткен концертте әнші авторлық әндерін орындады. Сондай-ақ осы кеште «Туған жер» әніне түсірілген бейнебаянының тұсауы кесілді.
Оның жас ақын Азамат Тәуекелов, Бақдаулет Арыстан, Марат Жанғазиев сынды ақындардың сөзіне ән жазуда, ал Азамат Сабетов және Өмірсерік Бейсенбиевпен тығыз шығармашылық байланыста екенін білдік. Сүйіп орындайтын әнінің бірі – «Жәннатым, Жаңақорған!» әні екен. Сөзі Еркін Бекаевтікі, әні – Марат Жанғазиевтікі.
Әрбір адамның жаратылысында дара болмысы болады. Оны дұрыс бағалай білген адам ғана қоғамда өз орнын таба алады. Өз-өзін танып, өзгелерді өзіне сендіре алатын жастың бірі – Аманжол Сламов. Демек, ол – қоғамдағы өзіне лайықты орнын таба білген жан.

Лаура БИБАСАРОВА
10 желтоқсан 2019 ж. 2 318 0