№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мәдина Садуақасова, Серік Ибрагимов бастаған өнер жұлдыздары Жаңақорғанға келеді

Мәдина Садуақасова, Серік Ибрагимов бастаған өнер жұлдыздары Жаңақорғанға келеді


Бексұлтанның әндері өміршеңдігін дәлелдеді. Сазгердің дүниеден озғанына ширек ғасыр өтсе де, өмірін туындылары жалғастыруда. Өнер барда өнерді жасаған адам да өлмек емес.


Бексұлтан Байкенжеев Республикаға белгілі сазгер екендігін Сыр жұртшылығы айтқызбай-ақ ұғады. Өнер әлемінде талай жанның шырағын жақты. Жазған әрбір әні халық жүрегінен жол тапты. Соның бір дәлелі ҚР еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның мына бір жылы лебізі: «Менің есімімді жұртшылыққа алғаш танытып, өнер сахнасына алып келген композитор Бексұлтан Байкенжеевтің «Ақбаян» әні болатын. «Ақбаян» әнінің өміріме етене болғаны сонша, халық мені «Ақбаян» деп қабылдады. Осы «Ақбаян» әні арқылы мен жұртшылыққа Бексұлтанды танытсам, ал «Ақбаян» әні халыққа мені танытты».
Иә, сазгердің 1968 жылы алғаш жарық көрген әні осылай өмірлік өшпейтұғын із қалдырды. Жүзден астам әнінің ішінде «Ақбаянның» жұлдызы жоғары.
Бексұлтан Байкенжеев 1949 жылы 7-ші қарашада Жаңақорған ауданының Қосүйеңкі ауылында дүниеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып еңбек жолын бастады.
1968 жылы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіп, оны 1972 жылы бітірді. Содан өмірінің соңғы күндеріне дейін аудандағы Әлшекей атындағы балалар музыка мектебінің директоры қызметін атқарды. Облыс орталығында ұйымдастырылған «Сыр сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамбльдерінің құрамында Болгария, Германия елдерінде және Мәскеу, Кишинев, Нүкіс, Алматы, Шымкент, Жамбыл қалаларында болып өнер көрсетті. Бірнеше рет халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивальдерінің лауреаты атанды. Еңбек жолында көптеген Құрмет грамоталарымен, дипломдармен марапатталды.
Бексұлтан Байкенжеев жүзден аса ән жазды. Оның алғашқы әні «Ақбаяннан» бастап «Жеңешем», «Ақшолпан», «Ақгүлім», «Нағашым», «Гүлденген Жаңақорған», «Құда болып жүрейік» басқа да бірқатар әндері елге тез тарап кетті. Оның әндерін Қазақстанның Халық әртісі Зейнеп Қойшыбаева, Республикаға Еңбегі сіңген әртіс Мәдина Ералиева, сондай-ақ Суат Әбусейітов, Венера Қармысова, Люция Төлешова орындаған және өзінің шәкірттері Мәдениет қайраткері Сауран Елеуов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қызметкері Әбдірейім Өміров, әнші композитор Өмірбек Марсалиев және Республикаға танымал эстрада жұлдыздары орындауда.
Автордың бір топ әндері «Әнің болып төгілемін» атты қазақ әндерінің антологиясына, «Ауыл кеші көңілді», «Әнім сен едің», «Жастық шақ әуендері», «Ақшолпаным», тағы да басқа жинақтарға енді.
Бексұлтан Байкенжеев «Қазақстан Республикасы Мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер», «Одақ көлемінде село мәдениетінің шефке алу үздігі», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» құрметті атақтарына ие болды. Оның есімі көркем шығармаларға енді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері Бақтыбай Айнабеков сазгер жайлы деректі фильм түсірсе, Кенжебек Әбдімауленов өнерпаздың өз орындауындағы әндерін жинақтап «Сағыныш сазы» атты бір сағаттық хабар ұйымдастырып эфирге шығарды, бұл республикалық «Қазақ радиосының» «Алтын қорына» алынды.
Ағаның сазды әуеннің сырына қалай ғашық болғанын төл газетке берген мына бір сұхбатынан аңғару қиын емес: «Ән – көңілдің ажары, – деп халқымыз бекер айтпаған екен. Ән бойыңды балқытып, ойыңды сергітеді, жан дүниеңе ләззат ұялатады. Халықтың әнсіз, әннің халықсыз күні жоқ шығар. Жұмыстан шаршап келгенде әуезді әсем ән теледидардан, радиодан орындалып жатса, көңілің рахаттанып, жаныңа әсем әннің сыңғыры дарып, көңілді күй кешетінің хақ».

Тұлпар тұяғымен тұлғалы

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демей ме ұлы өнердің рухын биік ұстаған Бексұлтандай ерен ердің ізін жалғап, әндерін қаймана қазаққа насихаттап жүрген ұлы Әбсұлтан ағамен әке тағылымы жайлы сұхбат өрбітіп, сазгердің ел білмейтін құпияларына қанығып едік.
Ол әңгімені әкесі Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдық мерейтойына орай өзі оқыған оқу орнында дәрісхана ашылғаны жайлы айтумен бастады.
– Қазан айында Манап ауылынан бастау алған шаралар біренеше елді мекендерде және облыстағы Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада, Мәдина Ералиева атындағы клуб үйінде жалғасын тапты, – дейді ол.
– Айта кетерлік жайт, 14 қарашада бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының өзі оқыған №7 оқу ғимаратының бесінші қабатынан Бексұлтан Байкенжеев атындағы «Хор дәрісханасы» ашылды. Шараға бірге оқыған группаластары, әріптестері мен замандастары Мира Әбуова, Кеулімжай Шалтықбайұлы, Талғат Мақашов, Бақытжан Сайлыбаев, Ерғазы Алданазар, Нұржамал Мырзамұратова, Жамал Әбенова, Әлмырза Ноғайбаев, Кеңес Көшкіновтер қатысты. Ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін жоғары мектептің ректорының міндетін атқарушы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Бақытхан Жунайдұлы алып, өнерпаз жайлы естеліктерімен бөлісті. Шара барысында студенттердан құралған аспаптық ансамбльдер өнер көрсетіп, конақтар сазгердің өмірі мен өнер жолы жайында ойларымен бөлісті.
Әкеміздің 70 жылдығына арналған шара қорытындысында аудандық Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде «Сырдария» атты республикалық ән байқауы өтеді. Байқаудың шарты бойынша 20-40 жас аралығындағы өнерпаздар жанды дауыста екі әннен орындайды. Алдымен Бексұлтан Байкенжеевтің төл туындысын баян аспабымен, содан соң жергілікті композитордың бір әнін орындауы тиіс. Қонақтар қатарында Республикаға белгілі өнер майталмандары Дүйсенхан Сыздықов, Кеңес Дүйсекеев, Бәден Айсынов, Әлмырза Ноғайбаев және Ақмарал Ноғайбаева және эстрада әншілері Серік Ибрагимов, Мәдина Сәдуақасова және т.б өнер жұлдыздары қатысады.
– Әкеңіздің өмір жолынан өзіңізге қандай тағылым аласыз?
– Әкемнің көзі тірісінде бірге ән орындаған жоқпын. Өмірден қайтқаннан кейін қара баяны бұрышта шаң басып қалмасын деп, әндерін жаттап, 28 жылдың көлемі болды, әке жолын жалғап келемін. Есімде қалған бір көрініс. Бір сахнада жүрген әкемнің замандасы Әлмырза Ноғайбаев қызы Ақмаралды өзімен ән айтқызып, киелі мекеннің әдебімен таныстырып жүреді. Мен де сол уақытта әкемнің баянын көтеріп бірге жүретінмін. Сонда Әлмырза аға әкеме қарап «Бәке, неге Әбсұлтанды өзіңмен бірге сахнаға шығармайсың?» дегенде әкем маған қарап «Менің балам әлі өзі шығады» деп қысқа қайырды. Бала жүрек ештеңеге мән бере қоймадым. Сол сөз қаншама жыл өтіп осы уақытта ойға оралады. «Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме, әкемдей бола алмасам да, өнері өшпесін деп халыққа насихаттап жүрмін.
– «Ақбаян», «Ақгүлім», «Ақшол­пан» әндерінің көбі ақ сөзінен басталады, мұның мәні неде деп ойлайсыз?
– Әкемнің анасының аты – Ақнұр. Ананың қадір-қасиеті мен сыйластығының белгісі деп білемін. Яғни ананың ақ сүтінен жаралдым дегені ғой. Анасын қатты жақсы көріп, етене жақын болғаны сонша әжемізбен құрдасындай ойнап, әзілдесіп отыратын. Жалпы әйел затына құрметі ерекше еді.
Сонымен қатар інім Ермекке арнаған, жүрегін жарып шыққан «Еркелеші, Ермегім» деген әні бар. Сөзі мен әнін өзі жазған. Оны бүгінде танымал әнші Роза Рымбаева орындап жүр.
«Сағынып жүрші». Сазгер өмірден қайтардан бір апта бұрын осындай туынды жарық көрген. Осы әннің өмірге келуі жайында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Адырбек Сопыбековтың естелігіне көз жіберсек, Бексұлтан аға әріптесі, ақынға «Бір ән жазайық, оның атын «Сағынып жүрші» деп қояйық, бірақ тез жазайық» дегенін жазады. Адырбек аға дос қолқасын қайтармай қасиетті қаламына жүгінді. Қайран көңілге қанат бітірген қара өлең азалы күннің арнауы боларын бірақ ол күні екеуі де білмеп еді.

Майра ҒАНИЕВА
27 қараша 2019 ж. 1 120 0